«Қаратерең вальсi» – арқаулы аманат

0 199

Ауыл – қазақтың қастерлiсi. Алтын бастау.
Денi дұрыс, естiнiң бәрi – түп-төркiнiне ғашық, сүйiспен. Ал оған арнап мұншалық келiстi кiтап түзе бiлу – бақыт. Бiлуiмiзше, бұл әзiр – Бауыржан Омарұлының басына бiткен бақыт.

«Қаратерең вальсi»! Романтика тұнған семантика.
Материалдық тұрғыдан қарасақ, шап-шағын кiтапша. Қалтаға сүңгiте салып, жолүстi-жөпелдемеде оңай оқып түгесесiз. Бәлкiм, қайталап үлгерерсiз.
Қолымызға тигендегi алғаш әсерi түптелiп, беттелуiнен туындады. Обалы не керек, жiгiттер кiтап безендiру мәдениетiн «безiлдетiп» жiберген екен.
– Пiшiн ше?
– Қазiргi таңның ең жазылымды әрi оқылымды жанры – эссе мен күнделiк пе дерсiң?! Жаңа шығармада осынау қос қаптал кең қамтылған десек, қателеспеспiз. Әлбетте, оқырман жазбалардың ай-күнiн, жылын таппай, күнделiк туралы пiкiрiмiздi жай «көку» деуiне болар, бiр қарағанда. Бiрақ эссе екенi анық.
– Мазмұн ше?
– Ауылды аңсау, ардақтау гимнi.
Кiтап көрмеген Арал ма?! Алайда жаңашыл туынды – Аралды қайта толтырмағанымен, көңiлдi лық толтырар дүние. «Қой көрмесек те, ешкiлi байдың қызымыз» демекшi, «Қаратерең вальсiндегi» жайттар – өз басымызға етене таныс тақырып. Жерi алыс, желi басқа болғанымен, балықтың әнi – бiздiң де ән. Сондықтан бүгiнде судағы балығынан жағадағы аулаушысы көптей ауылымызды тағы бiр мәрте ой елегiнен өткiздiк.
«Ауылдастың тайын» ұлықтау, қайран мұғалiмнiң маңдай терiн таразылау, топырақтас бiртуардың бәсiн бiлу, әз әзiлмен жеңгенi жанап өтудiң, кеше мен келешектi селбестiрудiң ерен үлгiсiн көргендеймiз…
Туған жерге ту тiгудiң түрi көп. Автор азамат атаулыға ауылынан шалғай шықса да, алапат сезiмдердi сақтауды аманат еткендей.

Ерболат ҚАМЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 7 =