ҚАРАТАУМЕН СЫРЛАСҚАН ҚАЛАМГЕР

0 211

Таяуда қарымды қаламгер алпыс­тың асқарына көтерілді. Қадірлі Шерхан Мұртаза ағамыз «Алпысты талтүс» деп айтқан екен. Саналы өмірінің талтүсіне ентікпей жеткен прозашының табысы мол, қанжығасы қомақты. Халқымыздың өткен ғасырда бастан кешкен қапалы жылдарын «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы» аталған үш романға сыйғызып, көз алдымызға әкелген суреткердің туындылары туралы түн асырып сөйлеуге болады. Ғылымға да құлаш сермеп, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы секілді ардақтыларымызды зерттеді. Драматургиясы да – бір төбе. «Сүю серті», «Абақты – ғұмыр», «Ай астындағы алтын шаһар», «Мұңмен алысқан адам» секілді көптеген пьесалары ел театрларында сахналанды.

676

Әдеби кеште Үкімет басшысы мен Премьер-министр кеңсесі басшысы орынбасарының құттықтау хатын Премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы Гүлмира Ботанаева оқып берді. ҚР Мәдениет және спорт министрінің құттықтауын Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш тапсырды. ҚР Білім және ғылым министрі мен ЕҰУ ректорының ізгі лебізін белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы жеткізіп, қаламгерге «Күлтегін» медалін табыс етті. Сонымен бірге ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал Абай Тасболатов жазушының азаматтығы мен шығармашылығы жайында сөз қозғап, Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы «Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы медальді кеудесіне тақты. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы да кеш иесіне игі тілегін жолдапты.

Шара барысында университет студенттері автордың «Күй-ғұмыр» драмасынан үзінді қойып, шығармаларынан монологтар оқыды.
«Жолтайдың үш кітаптан тұратын романын бөлектеп айтқым келеді. Ол сол арқылы туған жұрты алдындағы парызын өтеді деп ойлаймын. Кешегі қуғын-сүргін кезеңінде Қаратаудан асып, Ауғанстан ауған елдің трагедия­сын тереңнен толғады. Оның бүгінгі күннің бейнесін сомдаған шығармалары да жетеді. Шындығында, қаламгер үшін өзі өмір сүріп отырған дәуірді жүректен өткізіп жазуы қиын» деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл. Одан кейін сөз алған Қажығали Мұханбетқалиұлы, Серік Тұрғынбекұлы секілді қарымды қаламгерлер Әлмашұлының әдеби әлемі жайында парасатты ой өрбітті. Ән айтылып, күй күмбірледі. Қысқасы, қазақтың қара сөзін пір тұтып жүрген талантты тұлғаға құрмет көрсетілді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + eighteen =