ҚАРАШАДА ШАРЫҚТАЙДЫ

0 86

Дүлдүл дарын мен тарпаң талантты анықтайтын «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі биыл да жалғасын таппақ. Байрақты өнер додасы 3-қарашада шымылдығын түріп, 8-қарашада мәресіне жетеді. Өнер өлкесінің отыз жасқа дейінгі буынын бәсекеге салатын шара алдында Астана қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қанат Төкесбаймен тілдесіп, бірнеше сауал қойғанбыз.

– Қанат Сапарұлы, биылғы фестивальдің жылдағыдан қандай ерекшелігі бар? 

– Дарынды жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалі ағымдағы жылы он бесінші мәрте түндігін көтереді. Бұл уақыт – аз да емес, көп те емес. Десе де, байқау аясында талай жүйріктер дара шауып, өнердегі жолын тапса, талай тұяқ «Шабыт» арқылы шыңдалды, шымырлана түсті. Ал фестивальдің он бес жылдығының құрметіне алыс-жақын шет елдерден, мәселен, Германиядан, Испаниядан, Кореядан, Ресейден, Қытайдан өнер майталмандары келмек. Мәртебелі қонақтардың «Шабытты» бетке алып, қазақ топырағына табан тіреуі де бізге мерей.

– Фестиваль аясындағы кейбір аталымдардың жыл сайын ауыстырылып отыратынын білеміз. Биыл қандай аталымдар бойынша өтеді, қандай аталымдар жаңғырмақ? 

– Оныңыз рас. Биылғы «Шабытта» былтыр өтпеген «Журналистика» аталымы үміткерлердің қаламына ерік береді. Сонымен қатар, бес жылдан бері жолы болмай келген «Цирк өнері» аталымы, үш жылдан бері ұйымдастырылмаған балеттің жас әртістері байқауы өз өнерпаздарына есігін ашты. Аталғандармен қоса, «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», және «Үздік әдеби шығарма» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады.

– Соңғы «Шабытты» басынан аяғына дейін тамашаладық. Сонда байқалғаны, жеңімпаздарға берілетін сый-сияпат көңіл көншітпейтіндей, халықаралық бәсекенің атына сай еместей көрінген. Биыл қалай болмақ?

– Биыл шығармашыл жастарға берілетін басты сый – Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы болмақ. Сонымен қатар, Гран-при, «Лауреат» атағы беріле отырып 1, 2, 3 дәрежелі сыйлықтар, «Шабыт» медалі, үстел үстінде тұратын «Шабыт» медалі, атаулы дипломдар мен Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері атындағы сыйлықтар ұсынылады. Келешегінен үміт күттіретін жастарға «Дипломант» атағы көрсетілген дипломдар, фестивальға белсене қатысқаны үшін марапат қағаздары мен жекелеген номинациялар бойынша арнайы дипломдар мен сыйлықтар беріледі. Сондай-ақ 300-ден 5000 АҚШ долларына дейін жүлдесі тағы бар.

≪Шабыт≫ халықаралық фестиваліне қатысуға ниет білдірген жастардың өтініштерін қабылдау 20 қазанға дейін жалғасады

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =