Қарақат теріп қайтайық…

0 114

Он төрт жылдың ішінде бұл ара бас қаланың санитарлық қорғанына айналды. Сондай-ақ, қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Бұған қоса, қарапайым халықтың табыс көзі де – сол жер. Ол – Астана орманы.

Айдаладағы орманда қайдағы табыс дейсіз ғой? Астананы қоршап жатқан алқапта қарақат сыңсып тұр. Халықтың игілігіне деп отырғызылған орманның игілігін шынымен де халық көріп отыр. Ең бастысы – тегін. Маусымдық жұмыс болса да, бұқара бұл кәсіппен нәсібін ақтап отыр.

Сонымен, қарақат саудасының қыр-сырымен таныспақ ойда орманды бетке алдық. Фототілшіміз екеуміз бірі – орманда қарақат теріп жүрген, енді бірі – оны жол бойында сатып тұрған адамдармен жүздесіп, аз-кем тілдесіп қайттық.

 Бағытымыз –  қала шетіндегі Ильинка кенті. Қарақат қаланың қай шетіне барсаңыз да бар ғой. Өйткені, 14 820 гектар орманды алқаптың 11 мыңнан астамына ағаш отырғызылған. Яғни, сол жерлердің барлығында қарақат бар.

Бізді уағдаласқан жерде «Астана орманы» ЖШС қызметкерлері күтіп алды. Мекеменің бас агрономы бас болып, бізді орман ішінде адам аяғы көп тиетін жерлерге алып жүрді.

«Қашқын» терушілер

Бірінші болып көзіміз ағаштың көлеңкесінде тұрған көлікті шалды. Иесі бала-шағасымен әр жерде қарақат теріп жүр екен. Тілші екенімізді білгенде ағаштардың арасына тығылып, жоқ болып кетті.

Ұялған болар…

Сонымен, орманның шаңын шығарып әрі қарай кеттік. Жол бойында тағы бір көлік тұр екен. Жақындай келе бет-ауызын орамалмен тұмшалап алған әйелді көрдік. Амандасып жөн сұрастық. Өзін Айна деп таныстырды. Тегін жазбауды сұрады.

Бүгінгі жұмысына жұбайы мен қайын інісін ертіп келіпті.

Өзі дәмханада даяшы, күйеуі құрылыста екен. Екеуі де жұмыстан демалыс алып, қарақат науқанына кірісіпті. Бұл іспен айналыса бастағанына биыл төртінші жыл. «Жан бағу керек. Күн сайын бірнеше шелек теріп, оны жол бойына шығып сатамыз. Әдетте бір айда әупірімдеп жүріп алатын ақшамызды санаулы күннің ішінде табамыз» деп ағынан жарылып, тіпті, олжасымен бөлісті.

«Бүгін кеш келдік. Төрт сағаттың ішінде үшеулеп жүріп жиырма литр жинадық. Күнде бала шағамызбен таңғы алтыдан тұрып келеміз. Әйтеуір, шелегіміз толып қайтамыз. Шынын айту керек, бір күнде қарақат теруге жіберген уақытымда өз жұмысымызда жүріп мұнша ақша таппаймын. Елді қарақатпен қамтамасыз етіп болған соң, ең соңында өзімізге жинаймыз.

Жылда солай. Тосап қайнатып, бала-шағамызбен қыс бойы жеп шығамыз. Биыл қарақатшылардың көбі ораза ұстап, күн ыстық болған соң шықпай жүр»,– деп «әріптестері» туралы сыр бөлісті.

Кезек суретке келгенде, әлгі сұхбаттасым ат-тонын ала қашты. «Ойбай, сіздердің келетіндеріңізді білгенде әдемілеп киінетін едім ғой. Өзі бүгін душқа түспегеніме бесінші күн болды. Жұмыстан қол тимей жүр»,– деді әзіл-шыны аралас. Сөз соңында орманшыларға өкпелі екенін жасырмады. Айтуынша, орманшылар орманға кіргізбейді-мыс. Көліктерін тінтіп, тексереді екен.

Мұнысы несі?

Мәселенің мәнісін орманшылардың өзінен сұрасақ, кілтипан басқада. Кейбір келушілердің арасында табиғатқа қиянат жасап кететіндер бар көрінеді. Қарақатты тез жинау үшін бәзбіреулер ағаштың түбіне шүберекті жайып тастап, талдарды тоқпақпен ұрғылайды екен. Әп-сәтте жиналған жидекті шелекке толтырып, жол бойында оны саудалап тұрған отбасының бір мүшесіне жібереді.

Ең сорақысы, тоқпақ тиген ағаштың бірі қисайып, бірі сынып қалады. Орманшылар, келімді кетімді көліктерді тексеретіні содан. Мамандардың бұл әдісін өзіміз қоштадық.

Тым болмаса, табиғаттан алып жатқан тегін дүниеге шүкіршілік етіп, соңынан залалын келтірмей кетсе болмас па еді…

Ормандағы орта тола бастады

Айтпақшы, жұрт неге жаппай қарақатқа ден қойып кетті деген сұрақ туындайды. Бастапқы кезеңде мұнда қарақаттан басқа жеміс беретін ағаш жерсіндірілмеген. Өткен жылы эксперимент ретінде елу түп алма ағашы отырғызылыпты.

Қостанайдың Ресеймен шекарадағы аумағында орналасқан Қарабалық деген жерінен әкелінген. Қуаныштысы, сол елу түп жайқалып өнім бере бастаған. Алғашқы жылдың нәтижесіне қарап, биыл орманшылар алты жүзден астам алма ағашын отырғызды. Бізді орманға бастап барған «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Айдар Хасенов «Қыстың күні Ильинканың қай үйіне кірсеңіз де, дастарханынан қарақаттан жасалған тосапты көруге болады. Осында қарақат жемейтін адам жоқ шығар»,– деп ағынан жарылды.

Әңгімелесіп отырғанда алма ағашы егілген аумаққа жеткенімізді байқамай қалдық. Келсек, қарақатқа келген жұрттың аяғы мен қолы бұл жерге де жеткенін түсіндік. Көк алмаларды сыпырып-сиырып теріп әкетіпті. Құдды жылан жалағандай. Әр жерден қылтиып бір-екі алма ғана қалыпты. «Тазартып» кеткен алмұрт ағашында тұқымдыққа қалдырды ма екен, әйтеуір бір алмұрт қалдырыпты.

Айтпақшы, жемісті алқапқа барар жолда қырғауыл көріп едік, қайтар кезде қоянды көзіміз шалды. Әрине, бұл жаңалық емес. Тек өткен жылдың өзінде жүздеген қырғауыл жіберілген-ді мұнда.

Биыл жыл соңына дейін бір мыңға жуық қырғауылмен толтыруды жоспарлап отыр. Орманшылар ағашы мен құстарын қорғауда аянып жатқан жоқ. Тіпті, биыл торғайларға арнап «жатақхана» салып беріпті. Нақты айтсақ, орманшылар өз қолымен торғайға арнап сексен ұя жасап, онысын бір жерге орнатыпты. Бұл – табиғат пен ондағы тіршілік иесіне деген қамқорлықтың бір түрі. Бұдан басқа елігі мен түлкісі, қарсағы және бар.

Саудагерлермен сұхбат

Орманға саяхатымызды аяқтап, соңынан жол бойында қаз-қатар тізіліп отырған сатушылармен дидарластық. Бірінші болып, сатушылардың ішіндегі ең үлкені Нұржазира апайды әңгімеге тарттық. Кейуана шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, жерге кұрақ көрпені жайып жіберіп, жайғасқан екен. Жанына барып әңгімеге тарттық.

– Апа, ісіңіз сәтті болсын! Қарақат қаншадан?

– Рахмет, балам. Аласың ба? Үлкен шелегі екі мың теңге.

– Құпия болмаса, күніне қанша шелек сатасыз?

– Е, оны қайтесің? Өзің кімсің?

– Апа, мен газет тілшісімін. Сіз сияқты қарақат сатып, нә п ә қ а с ы н тауып жүрген жандар туралы жазайын деп келіп едім…

–Е-е-е, құдай ау, анау тұрған жас балаларды жазсаңшы. Мені қайтесің? Күнге күйіп тұрған түріміз мынау…

– Ештеңе етпейді. Айта беріңіз…

– Мен бүгін төртінші күн болды осы жерде тұрғаныма. Үйде текке жатқанша, балаларыма көмектесейін деп шыққам. Мынау – немерем (қасындағы 10-11 бір шамасындағы қыз баланы нұсқап).

Қалғандары орманда қарақат теріп жүр. Шелек толғанда әкеліп береді, біздің міндетіміз – сату. Үлкен шелек – 2 мың, кішкентайы – 1 мың теңге. Бағамыз кейде өзгеріп тұрады. Біз сияқты сатушылар көп болса, сәл арзандатып береміз…

Жол жөнекей тоқтаған бір көліктің ішінен екі адам түсіп, қарақаттың бағасын сұрай бастады. Нұржазира апаймен әңгіме осы арада бітті. Келесі болып жолдың ең шетінде тұрған үш баланы әңгімеге тарттық.

– Қарақат қанша тұрады?

– Үлкен шелек – 2 мың теңге. Мынау – (5 литрлік шелекті көрсетіп) мың теңге.

– Балалар, сендер осы жерде күнде тұрасыңдар ма?

– Күнде емес, жылда тұрамыз ғой.

– Сауда жасап жатқандарына қанша уақыт болды?

– Екі апта бұрын шықтық. Сегізінші айдың ортасына дейін осында жұмыс істейміз.

– Сендердің жұмыс істейтіндеріңді ата-аналарын біледі ме?

– Әрине, біледі. Олар қарақатты бізге өздері теріп береді ғой. Біз жаз бойы қарақат сатып, өзіміз ақша жасаймыз да, соған сабаққа киетін киімдерімізді, оқу құрал дарын да  өзіміздіңақшамызға аламыз.

– Атың кім?

– Мен – Маржангүлмін, мынау сіңілім – Бейбітгүл. Ал, баурымыздың аты –Мейрамбек. Үшеуіміз ағайындылардың балаларымыз. Бірге жұмыс істейміз. Әріптеспіз.

Бұл балалардың қасына кезекті сатушы келгенде әңгімеміз үзілді.

Қарапайым қисындар

Жолдың шетінде екі шелек алма тұр екен. Ішімнен «Е-е-е, орманнан теріп әкеткен алма ғой» деп көлікке бағытталып едім. «Апай, қарақат алыңызшы» деген ұлдың дауысын естідім.

Бұрылып қасына бардым. Кішкентай болса да, нағыз саудагерге айналған балаға қарап сүйсіндім. Оның жасындағы балалар даланың шаңын шығарып ойнап жүр-ау. Ал, ол болса ата-анасына жан бағуға көмектесіп жүр. Еңбекқор. Бетінен қақпайын деп бір шелек қарақат сатып алдым. Мен үшін ол тиімді еді.

Неге? Өйткені, ондағы баға мен біздегі базардағы бағаның арасында айырмашылық бар. Осы мақаланы жазбақ ойда, қаланың бірер базарына бас сұғып, қарақаттың бағасын қарап шықтым.  Енді қараңыз, Ильинка, Қоянды кенттерінің маңайында жол бойында сатылып тұрған қарақаттың бағасы жоға ыда айтқандай 1 мыңнан 2 мың теңге аралығында. Ал, қала ішіндегі бағаға келсек, «Еуразия» сауда орталығында 10 литрлік шелегі 3-5 мың теңге, ал 5 литрлік шелек 2-2,5 мың теңге аралығында. «Артем» базарында баға әрқалай.

Тіпті, шелектеп тұрмақ, салмағына қарай өлшеп сатылатыны да бар. Алтайдан әкелінген қарақаттың 1 келісі 500-700 теңгеден басталады.

Ал, енді жол бойында тұрған әр сатушы күніне орташа есеппен 5 үлкен шелек қарақат сатады деп алайық. Сонда оның бір күндік табысы 10 мың теңге болады. Он күнде оған 100 мың теңге табыс түседі. Ал, бір ай бойы тұрса 300 мың теңге пайда табады. Міне, гәп қайда. Маусымдық жұмыс болса да, аянбай істесең, шамалы болса да ақша тауып, тұрмысты түзеуге болады. Қала шетіндегі ауылдардың жасы бар, жасамысы бар күнге қақталып, қарақаттың соңында неге жүр деген сауалдың жауабы осы! Қисынсыз деп қалай айтамыз…

P.S: Осы Астананың айналасын орманды алқапқа айналдыру туралы Елбасы тапсырып еді. Бір сөзінде «Бұл жер қаланың қорғанына ғана емес, халық демалып, игілігін көретін жерге айналуы тиіс»,– деп еді. Иә, дәл қазір халық оған барып демалып, қажетінше жемісін алып игілігін де көріп жатыр.

Біле білгенге, ол орман барша халыққа ортақ. Игілігін, дәлірек айтсақ, қарақатын кез келген адам тере алады. Орманның барын білсе де, алмасы мен қарақаты барын бірі білсе, бірі білмес. Біздің бұл жазғанымыз халық құлағдар болсын дегеніміз. Орманға жүр, ағайын. Қарақат теріп қайтайық…

 

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − nineteen =