Қарапайым еңбеккер

0 9

Қайнаған өмір базарында қажырлы еңбегімен төңірегіндегілерге үлгі болатын азаматтар аз емес. Әне сондай азаматтың бірі «Астанаэнергосбыт» кәсіпорнының электромонтері Қайсар Қайыпбайұлы десек болады.«Астанаэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас қаламыз­да 2004 жылдан бастап тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Қаладағы тұтынушыларды электр және жылу энергия­сымен жабдықтау мақсатында құрылған бұл серіктестікте қазір 600-ге жуық жұмысшы бар. Солардың ішінде ең ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан Қайсар аға.

Жасы алпысты алқымдап қалса да, Қайсар Қайыпбайұлының қимылы өте ширақ. Төртбақ келген шымыр денесі де жастарға дес бермейтін қайратын анық аңғартып тұр. Ол «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не 2012 жылы тексеруші болып жұмысқа орналасыпты. «Одан бұрын құрылыс ұйымдарында жұмыс істедім. Бірақ олар жалақымызды уағында бермейді, неше ай бойы істеген ақымызды да бермей, алдап кеткендер де болды. Сонымен жұмыс іздеп жүргенде осы мекеме кезікті» дейді ол «Астанаэнергосбытқа» қалай жұмысқа тұрғанын еске алып. Сол күннен бастап өз кәсібін беріле ақсатпай орындаған ол бір жылдан кейін электромонтер жұмысына ауысты. Әрине, былайғы жұрт үшін сегіз жыл тым ұзақ уақыт болмағанымен, «Астанаэнергосбытке» он жылға жуық жұмыс істегендер санаулы ғана. Әсіресе, жастар бірер ай істеген соң кетіп қала беретін көрінеді. «Бұрынғы мамандығым техник-құрылысшы еді, қазір электромонтермын. Кәсібім өзіме өте ұнайды. Жалақым тым жоғары болмағанымен, бір отбасының шай-тұзын кеңінен айырады» деді Қайсар өз жұмысына риза екенін білдіріп.
Әр кәсіптің өз салмағы бар. Сол сияқты «Астанаэнергосбыт» жұмысының да қыры мен сыр көп. Әсіресе, биылғыдай ақтүтек боран күнде соғып, белуардан қар жауған қытымыр қыста, келіп түскен өтініштер бойынша отбасыларды аралап, берілген тапсырмаларды орындау, қарызы бар тұтынушыларға ескерту қағаздарын жеткізу оңайға түспейді. Оның үстіне, электр қарызын уағында өтемейтін тұрғындар Қайсар сынды қарапайым қыз­меткерлердің қызметін түсінбей, орынсыз өкпе артатыны тағы бар. «Әрине, ауа райы қолайсыз кездері өтініштер бойынша тұрғындар тұрағын аралаудың да өзіндік қиындығы бар. Бірақ бұл менің қызметім болғандықтан, оған бола кейімеймін. Мені және менің әріптестеріме бататыны электр қарызын қузап барғанымыз­да, тұрғындардың дұрыс түсінбей, бізге ренжитіні. Қазір электрсіз күн көру қиын, ғимараттарда онсыз ыстық су да іше алмайсың. Ендеше тұрғындар электрді пайдаланған екен, оның ақысын да уағында төлеуі керек қой, осыны біле тұра кейбір жандар бізге өкпесін де айтып жатады» деді Қайсар. Дей тұрғанмен, Қайсардың жұмысына дән риза тұрғындар да көп. Солардың бірі – «Дос­тар» тұрғынүй кешенінде тұратын Әлтай ақсақал. «Қайсар – өз жұмысына берілген, көпшіл азаматтың бірі. Электрге, жылы суға қатысты қандай да бір сұрағымыз болса, оған телефон шалсаң, айтқан уағында келіп, бәрін түсіндіріп қайтады. Мен ғана емес осы маңдағы зейнеткерлердің бәрі Қайсарды мақтап отырады» деді ақсақал ағынан жарылып.
Қайсардың өз жұмысына деген жауапкершілігінің жоғары екенін басшылары да бағалап, әріптестері де айтып жүреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды