Қараөткелдің ән базарын жаңғыртты

0 164

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық әні» бөлімі онлайн форматта «Ән базары – Қараөткел» атты концерт өткізді. Кештің бұлай аталуы да тегін емес. Кешегі Қараөткел, бүгінгі елорда ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейін үлкен сауданың ғана емес, ән-жырдың да орталығы болған. Әйгілі әнші, халық композиторы ­Балуан Шолақ ғашығы Ғалияны қазіргі «Астана» концерт залының орнында қымыз сатып тұрған жерінде алғаш көріп, ынтыққан деген дерек те бар. Филармония әртістері Қараөткелдің ән базарын жаңғыртып, асыл мұраға айналған әндерді шырқады.

Академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Арқа әнінің бір биігі Қосымжан Бабақовтан жазылып алынған тарихи дерек кездеседі. Соны сөйлетсек, 1915 жылы Ақмоланың атақты көпестері Қосшығұловтар үздік әнге бәйге жариялап, осы жерге Арқаның әр атырабынан әншілерді жинайды. Бәрі әнші әрі ақын Ғазиз Файзоллаұлының шаңырағында бас қосады. Осы жерде кеңесіп, ән шырқайды.
Олардың арасында «Қанатталды» әнінің авторы Сәтмағамбет, Қапаш, Тұрсынбай, Сәлкен, Кәкімжан, гармоншы Қарақас, Ахмет, Исабай сынды сол заманның үлкен әншілері болады. Жиырма жасқа енді толған Қосымжан да сол ортадан табылып, Біржан салдың «Айтбай», Жаяу Мұсаның «Көгаршын», Ғазиздің «Шалқыма» әндерін айтады.
Жалпы бұл басқосуда Ақан сері, басқа да халық композиторларының туындылары әуелейді. Бертінде осы әндерді Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Еше­кеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, т. б. өнер саңлақтары іліп әкетіп, өз шәкірттеріне үйретті. Бұл кеш сағындырған дауыстарды естіртіп, дәстүрдің сабақтастығы үзілмегенін көрсетті.
Мәселен, Жәнібектің шәкірті Секен Сыздық «Ғазиздың әніне» салды. Қайрат әнге баулыған Нұрай Танабаев «Шәмсиқамарды» әуелетті. Бұған қоса, Берік Омаров, осы кештің тізгінін ұстаған «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі Тельман Нұркенов, Данияр Мұқанов, Күнсұлу Тұрлыбекова, Жақсыгелді Маясаров, Перизат Тұрарова, Сәулежан Тағзия, Айнұр Қонысбаева, Айбала Бейсенова, басқа да әншілер шабыттана шырқап, ән базарын қыздырды. «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі кештің әрін кіргізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + eight =