«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қараөткел» – мұсылмандар қорымы

0 334

Астана қаласының ортасында жатқан «Қараөткел» қорымында 2011-2012 жылдары ҚР Ұлттық мұрағатының сол кездегі бас директоры, тарихшы-ғалым Марат Әбсеметов араб, парсы, көне шағатай тіліне жүйрік мамандарын жұмылдырып, қорымдағы құлпытастардың жазулары оқылып, қазақ тіліне аударылды. Осы табылған деректер бойынша ең алғашқы құлпытас 1609 жылы қойылғаны, ең соңғы жерленгендер 1962 жылы Сәкен Сейфуллиннің қандыкөйлек досы Жақия Айнабеков пен оның отбасы болғаннан кейін жерлеу рәсімі тоқтатылып, қорым жабылғаны анықталды. Мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен 2013-2014 жылдары «Археологиялық экспертиза» ЖШС өткізген ғылыми зерттеулер негізінде қорым ХVII ғасырдан бастау алатындығы дәлелденді.

Аумағы 0,16 шаршы ки­лометр жерді алып жатқан қорымда 2,169 құлпытас (ағаш, тас, металл және басқа да материалдардан жасалған) анықталды. «Микрорельефті ыждаһатты зерттеу барысында бұл қорымда 10000-ға жуық адам жерленгені анықталды. Бұл некрополь-қорымның пайда болғанына 400 жылдан астам уақыт болған. Көне атауы «Қараөткел» қорымы» деген тұжырымды шығарды академик Карл Байпақов.
Бұл қорымда 1838 жылы 26 мамыр мен 2 маусым аралығында Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолында шейіт болған Кенесары ханның хас батыры, «Қойдың құмалағындай қорғасыннан адам өле ме?» деп жас жауынгерлерге рух беріп, атойлап жауға қарсы шапқан қыпшақ Басығара батыр мен Иман батыр (Амангелді Имановтың атасы) бастаған 200 жауынгері, 50 қолбасшысы жерленген. Басында көне құлпытас орнатылған.
Ең көп жерлеу 1918-1920 жылдары Ақмоланы жаппай жайылған оба індеті кезеңінде болғандығын айтуымыз керек. Осы қорымға жерленген белгілі тұлғалардың бірегейі Баймұқамбет Қосшығұлов (1843-1918 жж.) Ақмола қаласының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, қазақтан шыққан тұңғыш І гильдиядағы көпес, меценат, патша ағзамнан полковник шенін алған. Қараөткелдің кедей-жатақтарының арасынан көтерілген жетім жігіт. Қараөткелдің қазағы да, орысы да оны қайырымдылығы мен қарапайымдылығына қарай Баймұқамбет демей, Байкөп атандырған. Көпестің ХХ ғасырдың басында қаланың орталығында кәмпит-тоқаш фабрикасы, үш дүкені, Керуен сарайы (Гостиный двор), кірпіш зауыты, бірнеше лапкелері болған. Байкөп жылқы малын асылдандырумен шұғылданған ірі кәсіпкер әрі меценат болған. Мұсылман балалары мен қыз­дары оқитын медресе-мектептер салған. Баймұқамбет 1918 жылы азамат соғысының кезінде оба ауруынан қайтыс болып, Қараөткелдегі ескі мұсылман зиратына жерленген. Байкөп Қосшығұловтың әйелінің аты – Мәдина татар қызы. Олардан алты ұл, Райхан атты қыз туған.
Ғалия Тілеуқызы (1874-1922 жж.) – әйгілі Балуан Шолақтың ғашығы. 1922 жылы 23 сәуірде 48 жасында өз ажалынан Ақмолада қайтыс болған. Осы қорымға жерленген. Ғалия апамыздың бақилық тұрағының басына соңғы қосағы Ғалы Құрақбайұлы орнатқан құлпытасқа: «1922 жылы 23 апрельде. Руы Қалыбек. Ғалия Ғалыжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға рахат айлады. Алла Тағала рақмет айлап, жанын жәннаттан айласын. Қалғандары әруағына бір дұға еткізді» деп шағатай тілінде таңбаланған.
Бұл қорымға 2014 жылы «Алаш» көсемдерінің бірегейі Смағұл Сәдуақасовтың Мәс­кеу­ден капсулаға салынған күлі әкелініп, салтанатты түрде жерленді.
Смағұл Сәдуақасов (1900-1933 жж.) – мемлекет және қоғам қайраткері. 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының рек­торы қызметтерін атқарды. 1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу–Донбасс теміржол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Смағұлдың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең, сонымен бірге, Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме-дәл келеді. Ол 1933 жылы Мәскеу–Донбасс теміржол құрылысындағы апатта қайтыс болды.
Қорымның күншығысындағы алаңқайдағы зират басына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы бастаған ұлтжанды азаматтар сұр мәрмәрдан құлпытас қо­йып, қоршау орнатты.
Ортағасырлық «Қараөткел» қорымы ең интернационалды болып табылады. Мұнда қазақ, шешен, ингуш, араб, қарақалпақ, тәжік, түрікмен, өзбек, татар, башқұрт өкілдері жерленген. 2012 жылы сәуір-қыркүйек айларында мәскеулік ингуш ұлтының өкілі, меценат Гуцериев Микаил Сафарбекұлы өз қаражатына «Қараөткел» қорымын биік дуалмен қоршатып, күншығыс пен күнбатыс жағына қақпа орнатып, шырақшыға үй салып берді.
Бүгінде «Қараөткел» қорымы мемлекет қарауына алынған.

Серік ОСПАНОВ,
мұрағаттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды