ҚАРАӨТКЕЛ — КӨПЕСТЕР ҚАЛАСЫ

0 1  474

Қараөткел әуел бастан үлкен сауданың басы қосылған жер болғанын біз өткен мақалаларымызда бірнеше рет жаздық.  Оңтүстік пен солтүстік арасындағы сауда-саттықтың қай заманда басталғанын бір Алланың өзі біледі, біз бұл тым ерте замандарда қалыптасқан болар деген пікірдеміз.  Орта ғасырларда  Түркістан мен Сібір  хандығы арасында жүрген сауда қарым-қатынастарында Қараөткелдің аты аталады. Тек қана Сібір емес, батысқа қарай Еділ бойына шығатын сауда жолдары да осы Қараөткелде бір бірімен тоғысады. Сонау 1830 жылдардың басында Ақмола салынбай тұрып Есіл бойына барлау жұмысын жасаған орыс командирлері Қараөткелде сауда керуендерінің айлап жататынын, саудасын жасайтынын сипаттаған. Округ ашылуына байланысты сауда одан әрі дамыды.

Қараөткелде қоныстанған алғашқы саудагерлер туралы, оның ішінде аса белсенділік көрсеткен Сібір татарлары туралы бізге дейінгі зерттеушілер де жазып кеткен. А.Ф.Дубицкий  «Где течет Ишим» кітабында «с 1851 года Акмолинская станица начинает развииваться как торговый пункт. Усиливается приток купцов, преимущественно кучумовских татар из Тюмени, Тобольска и Петропавловска-Муксиновых, Ногаевых, Бурнашевых, Юсуповых, Бекмемировых, Башировых, Кощегуловых и других» дейді (Дубицкий А.Ф. Где течет Ишим. Алма-Ата,1965. с.35).

Бұл жерде жапы мәлімет дұрыс болғанымен бірнеше қателіктер бар:

-Біріншіден, Қараөткелде сауда 1851 жылға дейін де қайнап жатқаны мәлім, қайталап айтамыз Қараөткел ежелгі замандардан бері  сауда бекеті есебінде белгілі;

-Екіншіден, жоғрыдағы тізімдегі Қосшығұловтар Есіл өңірінің жергілікті қазақтары. Қазақтың тәртібімен баяндасақ – тайпасы Арғын, оның ішінде руы Алтай, оның ішінде атасы Алсай. Қосшығұловтар әулеті туралы әңгіме бөлек.

Өзгелері туралы дерек аз болғандықтан бірдеме деп айта қою қиын, дегенмен автордың «кучумовские татары» деген сөзі ұнамды. Көшім татарлары Қараөткелді ерте заманнан жол қылғанын біз Әз Тәуке хан кезеңіндегі құжаттардан білеміз. Жалпы Көшім балалары мен немерелерінің Есіл-Нұра өңіріне жан сақтап келгені, осы жерде күш жинап Ресей отарлауына өте бастаған Ібір-Сібірді қорғау үшін сан рет жорыққа аттанғаны белгілі.

Қараөткелге алғашқылардың бірі болып келіп қоныстанған Ноғаевтар әулетінен шыққан көпестердің бекініс қабырғасына жақын, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен Бурабай Сейітовтың үйлеріне тұстас  ағаштан қиып салған үйі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды

Ресей көпестерінің ішінен 1811 жылы үлкен сауда керуенін бастап Қоқанға дейін барған І гильдия көпесі Свешников Алекандр І патшдан қызыл лентаға бекітілген алтын медаль алған екен. Бұл Ресейдің Орта Азия өлкесімен Әз Тәуке хан заманындағы сауда байланыстарын қайта жаңғыртуға қаншалықты көңіл бөлгенін көрсетеді.

Бұл кезеңде қазақ жеріндегі саудада Қызылжардың орыны әлі де басым болатын. Қызылжар 1752 жылы қазақты Абылай хан билеп тұрған кезде ірі сауда орталығы болып қалыптасқан. Ресейдің Орта Азия және Қазақстанға келетін саудасы Абылай заманында екі қалада тоғысатын , бірі Орынбор, бірі Қызылжар (Петропавловск). Ақмола саудагерлері де әуел баста Қызылжар саудасына сүйенді. Мысалы 1865 жылы Ақмолада болған А.К.Гейнс  өзінің сауда ісін жаңа ашып жатқан  Владимирлік орыс шаруасы Федор Михалевский туралы «…человек очень умный… слишком расторопный и ловкий»  дейді. Ол Қызылжардан  жылына 5 мың пұтқа дейін бидай ұнын сатып алып, оны қазақ ауылдарына көтеріңкі бағамен өткізу арқылы байыған адам.

1867-1868 жылдарда «Уақытша Ережелер» енгеннен кейін сауда ерекше қарқын алды. Ақмола бұл кезде уездік орталыққа айналып, қала мәртебесін алды, халқының саны 1869 жылы 5172 адамға жетті. Бұдан тыс Ақмола қаласымен  Есіл мен Сырдария арасындағы ұлан-байтақ кеңістікті мекендеген сан мыңдаған қазақ шаруаларының күн көрісі мен тыныс-тіршілігі байланысты болды. Ақмоланың қала мәртебесін алуына байланысты көпестер он жылға алым-салықтан  (гильдейская пошлина)  босатылды. Осыған байланысты Сібір мен Оралдан, Орта Азия мен  Шығыс Түркістаннан көпестер ағылып келе бастады. 1863 жылы қалада тұрақты ресейлік 51 адам, шетелдік 340 адам тіркелді. Ақмоланың барлық саудагерлерінің саны уақытша келгендермен қоса 1236 адамға жетті.

Александро-Невский соборының жылнамасында 1840 жылдары  Қызылжар саудасының Ақмолаға келгенін жазады: «Городу Акмолинску по усмирению степных кочевников пришлось играть в степи видную роль. Почти вся торговля с казахами дальней степи, находивщаяся раньше в руках города Петропавловска, перешла к Акмолинску».

Ақмола қазақ малының арқасында байыды. «Уақытша Ережеде» кезінде қазақ даласында көбейген қара шекпендер жер кәсібімен айналысуды қиынсынып, бірден қазақ саудасына түсіп кетті. ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың басында Ақмола қаласында ірі үйлер мен сауда орындарын ашқан көпестердің барлығы да  алғашқы бетте соқадан басқа көргені жоқ қарапайым шаруалар еді. Ресейдің Сібір аймағынан, Мәскеу мен Санкт- Петербургтен, Нижний Новгород пен Ірбіттен, Ташкент пен Түркістаннан, Бұхара қаласынан пұл іздеп ағылған саудагерлер Ақмола арқылы өтетін болды. Осы себептерден  Ақмоланың өз басында да, маңайында да ірі жәрмеңке орындары ашылды. Деректерге қарағанда қазіргі Конресс холл ауданында Үлкен Базар көшесінде 21 мамырдан 10 маусымға дейін өткізілетін жәрмеңкені Константиновка жәрмеңкесі деп атайды. Бұл жәрмеңкенің мал саудасы қаладан сәл бөлек алыстау қазіргі Ақбұлақ жағалауында жүргені туралы мәліметтер бар. Ол кезде Ақбұлақты  қазақ Ащыөзек деп атайды, осыдан келіп орыстың «Соляная балка» дегені шығады. Шын мәнінде ескі қаланы шығыс алқаптан қорғап тұратын осы өзекті ертеректе Шұбардың жары деп атаған. Жардың шығыс және солтүстік –шығыс жағы қалың тобылғы мен қараған өскен  шұбарлы,  қырат болғандықтан әлі күнге қариялар Шұбар атайды. Қазақ Жақсы Шұбар және Жаман Шұбар деп екіге бөледі. Осы Шұбардың жарында Константин жәрмеңкесі кезінде мал саудасының қызатыны сондай 2000-ға дейін жылқы, 25 мыңға дейін сиыр, 62 мың қой сатылады.  Оған қосымша 73 мың пұт ірі мал терісі, одан бөлек 59 мың пұт қой терісі, 110 мың пұт жабағы жүн т.б. мал шаруашылығының өнімдері саудаға түседі. ХХ ғасырдың басында Ақмола жәрмеңкелеріндегі жылқы бағасы орта есеппен 40-45 рубль, өгіз-35-50 рубль, сиыр-25-30 рубль, қой-6 рубль. Терінің бағасы да жаман емес, мысалы: сиыр терісі -5 рубль, жылқы терісі-3,5 рубль, қой мен ешкі терісі-1 рубль. Қазіргі бағамен салыстырсақ былай шығады, егер сіз 250 мыңға бір сиыр сатсаңыз, оның терісі 25 мың деп есептейсіз. Енді қазақтарға не керек екенін көрейік. Олардың сатып алатыны -20 мың пұт шәй, 56 мың пұт –қант, бакалея тауары -59 мың пұт, мануфактура-66 мың пұт, кәрәсін т.б.-28 мың пұт, балта, шеге т.б. темір заттар-75 мың пұт, ауыл шаруашылық құралдары-61 мың пұт, т.б. тауарлар 147 мың пұт. Ақмоланың күзде 22 қазанан 22 қарашаға дейінгі уақытта өткізілетін саудасын Дмитриев жәрмеңкесі деп атап кетті. Жәрмеңкелердің өткізілу уақытының өзі қазақ малшы шаруасының тұрмыс-тіршілігіне ыңғайланғанын көрсетіп отыр.

Осы мәселені кезінде  қариялардан сұрастырып анықтаған А.Ф.Дубицкий былай деп жазады: «на ярмарках купцы сбывали промышленные товары-мануфактуру, галантерею, предметы домашнего обихода, а взамен за бесценок скупали хлеб, скот, джебагу (қойды көктемде қырыққанда жүні бір-біріне байланып тұтас түседі, сол себептен қазақ пен орыс күнделікті тұрмыста көп қолданады, оның сыртын тыстап күпі қылып  кисең болады, немесе бөстек жасасаң да ыңғайлы т.б.-Ж.А.), кожи, масло, сало, пушнину. Какой-нибудь ловкий торгаш, привезя с собой на 100-200 рублей пустяшного товару: иголки, зеркальце, бусы, перочинные ножи т.п. после окончания ярмарки угонял гурт скота, увозил обоз, груженный драгоценным сырьем. За короткие сроки купцы наживали большие состояния. Именнно так разбогатели братья Кубрины, Никитин, Силин, Попов, Казанцев, Марфутин, Забиров, Кощегулов, Чайкин, Фукалов, Халфин, Моисеев и множество других» (Дубицкий А.Ф. Где течет Ишим. Алма-Ата, 1963 с.38).

Ақмола уезі қазақтарының қолында ХХ ғасырдың басында шамамен 285 954 жылқы, 208 606 сиыр, 19880 түйе, 511 327 қой мен ешкі бар делінеді статистикалық мәліметтерде. Жүз басқа шаққанда жылқы -28, сиыр -20,1, түйе- 2, қой мен ешкі- 50 бас. Қазақ қолындағы мал санын өзге уездермен салыстырсақ, мысалы Қарқаралы уезінде әр жүз бас малдың ішінде- жылқы-19,4, сиыр-10,түйе-2, қой мен ешкі-68,5 бас. Ақмола уезі қазақтарының әр адамына шаққанда мал басы-4,2, Қарқаралыда -3,0. Ақмола қазақтары Қазақстанның өзге аймақтарына қарағанда малға бай. Сол кезеңдегі егіншіліктің дамуы да қарқынды, қазақтың  40 пайыздан артығы егіншілікпен айналысады және ол көрсеткіш жылдан жылға өсіп келе жатқаны байқалады.

1905 жылы Ақмола жәрмеңкесінде 1450 000 рубльдің саудасы жасалса, 1910 жылы ол көрсеткіш 1716000-ға көтерілген. Сырттан келген тауардың үлесі осы соңғы көрсеткіштің үштен бірін құрайды. Жәрмеңкедан басқа уақытта Ақмола төңірегінде, әсіресе жоғарыда аталған Ащыөзекте  ұсақ сауда –саттық жүре береді. Оны орыстар «сатовка» деп атайды, яғни қазақтың «сату» деген сөзінен шыққан ұғым. Ақмола мен іргелес Атбасар мен Ботов (Қоянды) жәрмеңкелері ашылғаннан кейін Константин жәрмеңкесінің қарқыны түсіп қалғаны рас, бірақ архив деректері «сатовка» шілде айында қызады дейді. Осыдан туындайтын екінші мәселе сырттан саудагерлердің келуінің азайуына байланысты Ақмоланың өзінің саудагерлерінің белсенділігі күшейді «на Акмолинскую ярмарку мало сьезжается посторонних торговцев и поэтому вся торговля привозными товарами сосредоточена в руках городских купцов» (Волков Б.В.Торговля// Район железной дороги Петропавловск-Спасский завод в экономическом отношении. СПб.,1912.с.265).

Ақмола тек көпестердің ғана қаласы емес. Көптеген архив деректері ХІХ соңына қарай қалада өндірістің пайда бола бастағанын білдіреді. Осыған дейін тек шет ел (Ресей, Бұхар, Қытай) тауарларына бағынышты Ақмола саудагерлері мен алыпсатарларының ішінен Қосшығұловтар сияқты кәмпит-тоқаш фабрикасын салып іске қосқан ірі кәсіпкерлер шықты. Осы жылдары «Андриан Кубрин и сыновья» меншік иелері 21000 пұт сыра өндіріп Ақмола облысы бойынша алдыңғы орынды иеленді. Міне осы мәселелер Қараөткел тарихын жазғанда сауда-саттыққа аса көңіл бөлу керек екенін айғақтайды. Біз бұл тақырыпты Ақмолада аты шыққан атақты көпестер мен кәсіпкерлерге байланыстыра баяндаймыз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 6 =