Қараөткел – Көкше арасы

0 200

Ежелгі Қараөткел, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы қазақ жерінен өз бастауын алатын үлкен өзендердің бірі Есілдің жоғарғы ағысына орналасқан. Қазақ жерінен басталып Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жететін сирек өзендердің бірі – осы Есіл. Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті ұзындығы екі мың шақырымнан астам Есілде екенін біледі. Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан Жетісуға қарай ауғанда:
Бұл қоныстан кеткен соң,
Көреміз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есілдің,
Көк орай тартқан өзенін?! –
деп жылап қоштасатын өзені – осы Есіл. Өзен атауының түпкі мағынасы көне түркілік кезеңнен де әрі баратын протоғыздық «жасыл» сын есімінен шығады, сонымен бірге өзеннің қосалқы және байырғы аты Ешім (Ишим) әлі де қолданылатынын ескерген жөн.Қараөткел

Есілдің ұзын-ырғасындағы әрбір жары мен саласы, тоғайы мен шілігі, ежелден қазақтың қоныс салған қыстаулары мен өткелдері халықтың жадында жақсы сақталған. Мысалды алыстан іздемей-ақ қазір Петропавл атанып жүрген Қазақстанның солтүстік аймағындағы қаланың орналасқан жері ертеде қазақ заманында Қызылжар болғанын айтсақ та жетеді. Қызылжар – Есілдің орта ағысындағы ерекше тарихи топонимдердің бірі. Жалпы қазақ жерге ат бергенде ең алдымен оның табиғи ортасын ашып көрсетуге қабілеттілігін ескереді. Себебі қазақ жеріндегі топонимдердің бәрі де мәңгілік қозғалыстағы ел үшін географиялық карта мен компас қызметін атқарады. Қараөткел атауының әлі күнге дейін елдің аузында болуы да осындай себептерге байланысты. Қараөткел атауы қазақтың жыл құсындай оңтүстік пен солтүстік арасында әрлі-берлі көшкен заманында қалыптасқан үлкен өткел дегенді білдіреді.
Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткел туралы «Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды [Шмидт, 1894, с.128]. Кейбір жазушылар «Қараөткел» атауы Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сүйегін Әзіреті Сұлтанға алып бара жатқан қаралы көш осы жерден өткен себепті пайда болды дейді. Бұл дұрыс емес, Бөгенбай түгілі, оның арғы бабалары Ақша мен Әлдеуін батырлардың заманында бұл жер Қараөткел атымен танымал. Оған бір себеп – Қараөткел маңындағы ерте түрік көшпелі және отырықшы елдерінің толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары. Сонымен қатар Қараөткел – ертеде қазақ қазақ болмай тұрған заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер. Әрине, бұл жерде егер салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, керуен сарайлар мен егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік.
Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества» [ЦГА РК.: ф.338, оп.1, д.693, л.28-30 ].
Қараөткелдің Ақмола атануы біз келесі бір мақаламызда арнайы баяндаймыз.

Бозайғыр

Қараөткелден Көкшетауға қарай шыққанда жолаушының алдынан, жолдың сол қанатынан бірінші кездесетін елді мекендердің бірі – Бозайғыр. Қазақ заманында көшпелі мал баққан елдің жайлауы болған шұрайлы жер делінеді. Қарауыл деген ақынның өлеңінде «Кенжебай, жайлау қайда Бозайғырдай, Шыға тоқтап жатады, мал қайырмай» дейтін жолдар бар (ақпарат беруші Әнуарбек Ералы). Осы жайлауда Ресей патшалығы заманында отарлау барысында Елизаветинка селосы құрылған. 1929 жылы Ақмолаға темір жол келгенде ежелгі Бозайғыр атын да, Ресей патшалығы тұсындағы Елизаветинканы да менсінбей станцияға Төңкеріс аты қойылған.
Біз батырлық жырларда жорық аттарына ерекше көңіл бөлінетінін, жыр мазмұндарында олардың толық сипаттамасы берілетінен ескере отырып Бозайғыр атауын эпикалық атаулар қатарына қосамыз. Әрине, бұл жерде Бозайғыр жылқыға да емес, соның құрметіне қойылған адам атауы болуы мүмкін. Қазақ жеріндегі Торайғыр, Бозайғыр сияқты эпикалық топонимдер ХVІІІ ғасыр ортасына дейін пайда болған деп есептейміз.

Дамса

Қараөткелден Көкшетау баурайына жол тартқан жолаушының алдынан екінші кездесетін елді мекен – Дамса. Ақмола облысы Шортанды ауданына қарайтын бұл қоныстың атауы әлі де жұмбақ болып келеді. Жергілікті тұрғындар Дамса ауылының пайда болуын 1910 жылмен, яғни Столыпин реформасы тұсындағы Ішкі Ресейден шаруалардың қоныс аударуымен байланыстырады. Ауызша деректерге қарағанда Ақмола уезі құрамындағы бұл шұрайлы жерге Чернигов губерниясының қарашекпендері қоныстанған. Дамса өзені бойындағы қазақ қыстауларының орнына түскен жаңа қонысқа Багратион аты берілген. 1920-30 жылдардың соңына қарай кулактарға қарсы репрессия мен жалпы қуғын-сүргін кезінде бұл жердегі халықтың саны артқан, Багратион ауылы Карлаг құрамына еніп, №33 точка атана бастаған. Кейіннен ауылдық кеңеске большевик Жданов атын беріп, ол енді «Ждановский (Дамсинский) сельский совет» деп танылды. Нина Лещ мақаласында советтік күшпен қоныс аудару 1933 жылдан басталады «Известно, что в 1933 году сюда привезли чеченцев, ингушей, узбеков, в 1937-м – корейцев, немцев, молдаван. Архив не располагает точными данными, но из похозяйственных книг мы видим, примерно 170 человек были поселены в Дамсе» деп жазады [Нина Лащ, 2015/11/23/istoriya-sela-damsa-v-dokumentax]. Осы жерде құрылған колхоз алдымен НКВД-ны басқарған Ежов атында, ал 1937 жылдан кейін им.Чкалова атанған. Бұл колхоз 1950 жылға дейін өмір сүрді. Советтік колхоз құрылысы кезеңде құрылған шағын елді мекендер 1956-1974 жылдары совхоз құрылысы кезеңінде бір орталыққа біріктірілді (Ново-Петровка (1956), Джамбул (1964), Губернаторовка (1974). 1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеру саясатына байланысты Чкалов және Жданов колхоздары біріктіріліп, 1956 жылы Дамса ауылында тәжірибелік станция құрылды. Осы кезеңнен бастап Дамса атауы Шортанды атауымен қатар қайтадан белсенді қолданыла бастады.
Жергілікті өлкетанушылар Дамса атауының мағынасын қазақтың «дәмді су» дегенімен түсіндіреді. Абылай хан заманында бұлақтардың біріне ханның ордасы қонған екен, содан дәмді су атанып кеткен-мыс. Бұл халықтық этимология және тарихи топонимдердің пайда болу заңдылықтарына келе қоймайды. Екіншіден, сан салалы Дамса өзенінің бойына орын тепкен Дамса ауылының тарихы терең. Бұл жерде біз Ресей патшалығы заманында немесе Советтік кезеңде пайда болған Ново-Петровка, Ново-Кубанка, п.Научный т.б. қоныстармен қатар ескілікті қазақ қыстауларының орнын көп кездестіреміз. Сонымен бірге осы өңір тарихын жақсы зерттеген өлкетанушы В.Д.Солочинский көне дәуірдің бірталай ескерткіштері мен қоныстарын да тапқан.
Біз Дамса атауын неміс және голланд тілдерінде кең тараған dam (көтерме, тоған деген мағынада) сөзімен байланыстырамыз. Dam – өзен мен теңіз жағаларын шайылудан және су басудан қорғайтын немесе бөгендерде суды тежеуге көмектесетін топырақтан, тастан салынған гидротехникалық құрылыс. Бұл ариан-тұран заманынан, яғни біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтан белгілі көнерген сөз «дамбы/дамба» түрінде әлі де қолданыста. Оның бір дәлелі – Нина Лещ мақаласындағы «кроме этого, около с.Дамса имеется загадочное земельное сооружение: вал-плотина» деген ақпарат.
Дамса атауының ежелгі тарихпен байланыстыруға болатын екінші ақпарат иесі Әнуарбек Ералы «Дамса өзенінің Тастыөткелі тұсында, өзеннің оң жағасында адам қолымен қалағандай шағын-шағын тас пен топырақ аралас көк бұйраттар бар. Бұларды қазақ «қалмақ қоймасы» дейді. Бұл жер де әлі зерттелген жоқ. Бәлкім, осынау адыр-төбе қоймаларында расында да ескі заманның құнды заттары сақталуы ғажап емес. Нелер аңыз-хикаялардың шындыққа соғатыны белгілі. Дамса өзенінің Шортанды институтына таяу оң қабағында ертеде қол ұстасып суға кетіп өлген егіз қыздың қара обасы бар. Бұл өр басы Егізқыз деп аталады» деп жазады.
Қазақ ауызша дәстүрінде көне құрылыстардың, тіпті көне халықтардың бәрін қалмақ атай беретіні бәрімізге белгілі, ал шын мәнінде Дамса өзенінің оң жағасындағы «адам қолымен қалағандай шағын-шағын тас пен топырақ аралас көк бұйраттар» – қола дәуірінің қонысы мен кен өндірісінің, соның ішінде руданы жууға арналған су бөгетінің орындары.
Үшінші дәлел, Дамса сөзі осы мағынада (Damsa Dam) Түркия Рес­публикасының Каппадокия аймағында, Мұстафапашаға жақын жерде кездеседі. Алдымен Гёремнен Юргюпқа жетесіз, одан Гюзелёзге қарай жүрсеңіз, жолдың оң жағасында Дамса дам су қоймасы жатады.
Төртінші дәлел, «дам» сөзі көне түркі тілдеріне жақын туыс болып келетін моңғол тілінде «бөгет, тосқауыл, кедергі; даса тавих бөгет жасау, кедергі істеу…» деген мағынада сақталған [Моңғол-қазах толь, 1984, 173 б.].

Ж.Артықбаев,
профессор
(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 20 =