«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қаралы жұмадан» құдай сақтасын!

Айтпайын-ақ деп едім...

0 384

Бұл хабарландыру «Керуен» сауда орталығындағы бірнеше дүкендердің сыртында ілулі тұр. «Қаралы жұма» деген қорқынышты тіркес бір қараған адамды селк еткізеді. Тек астындағы жазуды оқығанда барып, оның «Black Friday» терминінің сәтсіз аудармасы екенін ұғасың.


«Black Friday» деген күнді америкалықтар жыл сайын қараша айының төртінші жұмасында тойлайды. Бұл кезде елдегі барлық дүкендерде тауарлар 90 пайызға дейін арзандайды әрі дәл осы күні Рождествоға дайындық науқаны басталады. Терминді 1966 жылы Филадельфия қаласының полиция департаментіндегілер ойлап тапқан. Ондағы мақсаттары дүкендердегі жеңілдікке асыққан жұрттың көше бойында адам айт­қысыз кептеліс туғызатынын сипаттау еді. Алайда саудагерлер бұл тіркестегі «black», яғни «қара» сөзін жұртшылық жаман мағынада түсінгенін қаламады. Өйткені бұған дейін мемлекетте «Black Monday» (1929 жылы АҚШ экономикасы үшін аса маңызды Доу Джонс өнеркәсіптік индексі 25 пайыз­ға төмендеген күн), «Black Thrusday» (1929 жылы Ұлы тоқырау басталған күн) сияқты негатив мәндегі атпен есте қалған күндер болды. Ал «Black Friday», керісінше, сатушылардың да, сатып алушылардың да көңілін тоқ қылмай ма?! Сөйтсе, «black» сөзі саудагерлердің тілінде «плюсте болу», «пайда табу» деген мағынаны білдіреді екен. Демек, бұл жерде қайғыға қатысты ешқандай да тұспал жоқ.
Ендеше «қаралы жұма» деген аударманың менталитет жағынан да, логикалық тұрғыдан да қате екенін аңғарамыз. Мұндай олқылыққа кінәлінің кім екенін білмек мақсатпен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына телефон шалдық. Басқарма өкілдерінің айтуынша, олар ішкі жарнамаға жауап бермейді, яғни сауда орталықтарының ішінде ілулі тұрған жазуларға сол мекемелердің өздері жауапты. Бұдан соң «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының әкімшілігіне хабарласқанымызда, ондағы мамандар әр бутиктің аударманы ешкіммен келіспей, өз бетінше жариялай беруіне құқығы бар екенін айтты.
Аударманың дұрысырақ нұсқасын табу мақсатымен кеше Facebook желісінің қолданушыларына сұрау тастағанбыз. Ондағылар «Жұма жеңілдігі», «Жұмадағы жеңілдік», «Жұмалық», «Тауар-талапай», «Ұтымды сауда күні», «Берекелі жұма» деген аудармаларды ұсынды. Алдағы уақытта отандық саудагерлер осындай ойға қонымды тіркестердің бар екенін ескерсе екен дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды