ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ҚАДАМЫ ҚАРҚЫНДЫ

0 91

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндаған Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сын-ескертпелеріне байланысты қолға алынған шараларға тоқталды.

Биыл Қарағанды облысының бюджеті 224 млрд теңгені құрады. Оның 55 пайызы – республикалық бюджеттен түскен субвенциялар, несиелер мен трансферттер. 119,5 млрд теңге әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беруге 62,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға 33,7 млрд теңге бөлінген.
Облыста іске асырылып жатқан ірі жобалардың арасында Жезқазған – Сексеуіл, Арқалық – Шұбаркөл темір жолдары құрылысының маңызы өте зор. Құрылыс аяқталғаннан кейін 4 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, жүк тасымалдау көлемі артады, еліміздің батысына жолаушылардың жету уақыты қысқарады. Сондай-ақ, қазірде Астана – Теміртау күре жолының құрылысы жүруде. Қарағанды облысы арқылы бұл жолдың 93 шақырымы өтеді. Жолдың маңызына тоқталған Бауыржан Түйтеұлы, ең алдымен, ол Қарағанды облысын елордамен жақындата түсіп, екі қала арасындағы алыс-беріс, барыс-келістің дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен бірге, 2016 жылы тақтайдай тегіс жол пайдалануға берілгенде жол апаттарының саны да азаю тиістігін айтты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Қарағандыдағы «Фермер» ұшағын құрастыру зауытынан бірде-бір ұшақ құрастырылмағанын айтқан болатын. Ол туралы брифингте Бауыржан Әбдішев: «Жобаны іске асыру барысында әріптестер арасында келісімшарттық міндеттемелер бұзылған. Кәсіпорын қажетті техникалық құжаттаманы алмаған. Біз қазір «Казавиаспектр» ЖШС-мен бірлесіп, зауытты іске қосудың жолдарын іздеп отырмыз. Біріншіден, келісімшарттық міндеттемелер орындалатынына үмітіміз бар. Серіктестермен кездесулер ұйымдастыруды қолға алдық. Сондай-ақ, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бұл зауыттың базасында пилотсыз ұшақты құрастыру мәселелерін талқылап отырмыз. Осы тектес келіссөздер америкалық, ресейлік, словениялық компанияларымен де жүруде. Зауыттың жұмысына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оның қорытындыларымен құзырлы органдар біздерді таныстырады деп ойлаймын» деді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының атқарылуына қатысты сынға Б. Әбдішев бұл бағдарлама бойынша облысқа 10 млн теңге бөлінгенін, осы қаржыға үш жоба іске асатынын жеткізді.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =