Қарабақтың жыры біткен жоқ

0 61

30 жыл бойы шешілмей келе жатқан Қарабақ мәселесі өткен жылдың соңында 40 күндік соғыспен шешім тапты. Ресейдің ара ағайын болуымен соғысқан екі жақ 10 қараша (2020 жыл) келісімге келіп, Таулы Қарабақтың 40 пайызы Әзербайжанның өз бақылауына өтті. Сондай-ақ Нахичевань эксклавына Армения жерінен үлкен дәліз ашылды. Ал Армения таласты аймақтағы армян ұлты шоғырлы қоныстанған аумақтарды сақтап қалды, сондай-ақ Армения мен Таулы Қарабақтың бас қаласы – Степанакерт арасында да армяндар үшін дәліз ашылды. Келісімнің бұзылып, қайта қақтығыс тууының алдын алу үшін екі дәліздің де қауіпсіздігін Ресейдің бітімгер әскері қадағалайтын болған. Әрине, бұл келісіммен екі ел арасындағы барлық мәселе шешім тапқан жоқ. Екі жақ алакөздесіп отырған түйткілді түйіндер әлі де аз емес. Міне, осы мәселені шешу үшін жақында екі ел басшылары Кремльде кездесті.

Алауыздықтан арыла алмай отыр

11 қаңтарда Ресей, Армения және Әзербайжан басшыларының Мәскеуде үш жақты кездесуі өтті. 4 сағатқа жалғасқан кездесуден кейін Ресей басшысы Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян ортақ мәлімдемеге қол қойды. Кеңестен кейін Әлиев «кездесу пайдалы әрі жемісті болды» деп мәлімдегенмен, тараптар тұтқын алмасу, Қарабақтың мәртебе мәселесі сынды тақырыптар аясында келісе алмаған. Бұған үлкен өкініш білдірген Армения басшысы Пашинян «бұл – өте ауыр әрі нәзік нәрсе, оның үстіне бұл – гуманитарлық шаруа. Бұл бағыт бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз деп келістік» деп мәлімдеді.
Әрине, өз шешімін тапқан тақырыптар да бар. Атап айтқанда, ортақ келісімге сәйкес, аймақтың экономикалық және көлік қатынасы мәселесін шешу үшін арнаулы жұмыс тобы құрылған. Осы мәселе бойынша үш елдің премьер-министрлерінің орынбасарлары 30 қаңтарға дейін бірінші кездесуін өткізіп, аталған тақырыптар аясында келіссөздер жүргізбек. Даулы аймақта көлік қатынасы мәселесін шешу келіссөз өткізген үш ел үшін ғана емес, көрші елдерге де көп көмегі тиетінін атап өткен Әлиев «бұл – біз үшін өте маңызды келісім, себебі 30 жылдан кейін Әзербайжан Армения аумағы арқылы Әзербайжанның Нахичевань автономды республикасымен байланыс орнатты. Армения да Әзербайжан жерін басып өтетін теміржолмен Ресей, Иран елдеріне шығуға мүмкіндік алды» деп мәлімдеді.

Кім не ұтты?

Түркияның қолдауына қол жеткізген Әзербайжан соғыста үстем түсіп, армяндарды түре қуғанмен, Қарабақтың небәрі 40 пайызын ғана өз иелігіне алды. Бұл Әзербайжан территориясының 13 пайызын құрайды. Ал халықаралық деңгейде Таулы Қарабақ Әзербайжан жері саналатынын ескерсек, өз жерінің 60 пайызы тағы да жау қолында қалды. Бірақ әзербайжандар мұның есесіне Нахичевань дәлізінің ашылғанын үлкен жеңіс санап отыр. Себебі бұл дәліз екіге бөлініп қалған әзербайжандар арасына жол ашып қана қоймай, Түркия­ның Грузия-Әзербайжан арқылы тұтас Орталық Азия­ға шығуына кең жол ашты. Бұл – Орталық Азиядағы түркі тілдес елдермен байланысты нығайтып, «Тұран Одағын» құруға талпынған Түркия үшін үлкен жеңіс. Түркия демекші, Ресейдің араласуымен үш ел арасында соғыс тоқтату туралы келісім жасалғанда, Ресей тарапы Түркия Қарабаққа әскер кіргізбейді деп мәлімдеген еді. Кейін Түркияның да бітімгер сарбаздарын жібергені мәлім болды. Демек, Ресей Қарабақ мәселесінде бас ойыншы рөлін атқарғанмен, Түркиямен де санасуға мәжбүр болды. Екі елдің әскери жақтағы текетіресі экономикалық мүдде алдында еріксіз бас иді.
Ал Ресейдің ұтқан жері Қарабаққа әскер кіргізу мүмкіндігін алды. Бітімгер жасақ даулы аймақта кемінде 5 жыл тұрады делінгенмен, Ресей енді бұл өңірден оңайлықпен әскерін шегіндіре қоймайды. Шынын айтқанда, Қарабақта қан төгісіп жатқан Армения мен Әзербайжан болғанмен, екі ел де Ресейдің қабағына қарайды. Қарабақтың армяндар көп тұратын бөлігін Армения қарамағында қалдырып, Әзербайжан әскерлерін соғыс­ты орта жолдан доғартып қойған да Ресей екені айтпаса да белгілі. Әзербайжан мың жерден Түркияға арқа сүйеді дегенмен, іргесінде отырған көршісінен біржола бет бұра алмайды. Былайша айтқанда, Әзербайжанның экономикалық, саяси мүддесі әлі де Ресейге байлаулы.
Бұл жерде Арменияның теміржол арқылы Иран, Ресей елдеріне шығуға мүмкіндік алғаны да үлкен жеңіс. Себебі бұл жол ашылмаған жағдайда, Арменияның Иран және Ресей елдерінен тауар тасымалы үлкен кедергіге тап болатыны анық. Қарабақ соғысы кезінде грузиндер әзербайжандарды қолдап, Армениямен арадағы тас­жолды жауып тастағанын ескерсек, Ресеймен дәм-тұзы қарсы Грузия керек болса армяндарды Ресейге өткізбей, жолын кесіп тастай алады. Демек, Армения Қарабақтың 60 пайыз жерін сақтап қалумен қатар, экономикалық тұрғыдан да өз көздеген мүддесіне жетті деп айтуға болады.

Кедергі де көп

Үш жақты келісімге әзербайжандар разы болғанмен, армяндар наразы. Тіпті Пашинянның келісімге қол қойғанын сатқындыққа балаған армяндар ашық ереуілге де шықты. Пашинян бұл қадамға амалсыз барғанын, генералдар мен әскери басшылардан келісімге келу туралы ұсыныс түскенін, оның үстіне соғыс басталған сәтте 1500 армян жауынгері алдыңғы шептен қашып кеткенін ашық айтқаннан кейін барып ашулы жұрт сабасына түскендей болды. Алайда Қарабақтағы жергілікті тұрғындар жағынан арандату әрекеттерінің қаупі әлі де күшті. Бұл жөнінде Ресей президенті «Қарабақтағы қазіргі жағдай тұрақты. Ресей сарбаздары аталған аумақтан 20 мыңнан аса жарылғыш құрылғыны тазалады» деп мәлімдеді.
Дегенмен қазір екі жақтың келісімге келе алмай отырған бір тақырыбы – тұтқын алмасу. Қазір қанша сарбаздың тұтқында отырғанын екі ел де ашып айтқан жоқ. Өткен айда Армения тарабына – 44 тұтқын, Әзербайжан жағына 12 адам тапсырылған. Ресей Қорғаныс министрлігі тұтқын алмасу процесіне ресейлік бітімгер сарбаздардың қатысқанын хабарлаған еді. Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін қарулы топтың шабуылына ұшырап, Әзербайжанның бір сарбазы мерт болды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 10 =