Қарабақтағы қақтығыс қантөгіске ұласа ма?

0 86

Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленіс 12 шілде күні қайта ушығып, Әзербайжанның Товуз ауданы мен Арменияның Тавуш облысы шекараласатын жерде қарулы қақтығыс болды. Қақтығыста Бакудің 11 әскері мерт болды. Олардың арасында генерал-майор Полад Хашимов та бар. Ал Арменияның төрт сарбазы бақилық болып, он шақты жауынгері жараланғанын мәлімдеді. 3 күнге созылған қақтығыстан кейін екі жақ соғысты уақытша тоқтатқанмен, атыс 16 шілдеде қайта жалғасты.Екі ел арасында қақтығыс басталғаннан кейін, Әзербай­жан Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Вагиф Даргяхлы Арменияның атом электр стансасын зымыранмен атқылаймыз деп сес көрсетіп, «Армения бізде жаңа зымырандар бар екенін ұмытпасын, егер Мецамор атом электр стансасын атқыласақ, Армения үшін үлкен апат болады» деді ол. Қазір екі ел де қақтығыс туындауына бірін-бірі кінәлі санап отыр. Бірақ мәселенің түп-төркіні Қарабақ мәселесімен қатысты екені бесенеден белгілі.

Қарабақ мәселесі – жазылмайтын жара

Қарабақ жанжалы 1988-89 жыл­дары Армения мен Әзер­байжан арасында болған қақ­­­­ты­ғыстан бастау алады. Ке­ңес өкіметі кезінде Таулы Қа­рабақ облысы автономия­лық құрылым ретінде Әзербайжанның құрамында болды. Бірақ ондағы халықтың басым көпшілігі армяндар еді. 1985 жылы басталған қайта құру кезеңінен кейін облыстағы армяндар «Қарабақ 1923 жыл­дан бұрын Арменияның территориясы болған» дегенді желеу етіп, Әзербайжаннан бөлініп, Арменияға қосылуды талап ете бастады. Сөйтіп 1988 жылы көктемде жергілікті армяндар мен әзербайжандар арасында жанжал туды. Орыс­тардың көмегіне арқа сүйеген жергілікті армяндар сан жағынан көптігін пайдаланып, әзербайжандарды қыспаққа алды. 1990 жылы 19 қаңтарда кеңес өкіметі жергілікті билік органдарының келісімінсіз Бакуге әскер кіргізді. Бұл Қарабақ жанжалын тіпті өршітіп жіберді. Бірақ көп өтпей кеңес өкіметі тарады да, тәуелсіздік алған армяндар мен әзербайжандар арасындағы жанжал ашық соғысқа ұласып, 1994 жылы халықаралық қауымдас­тықтың ара ағайын болуының арқасында әупіріммен әзер тоқтады. Бірақ Қарабақ жанжалы толық шешімін таппай, екі ел арасындағы бітеу жараға айналды.
Соғыстан кейін Таулы Қарабақ облысы Әзербайжаннан бөлініп шығып, өзін Таулы Қарабақ Республикасы деп жариялап (оның тәуелсіздігін бірде-бір ел мойындамаған), көріністе тәуелсіз ел сияқтанғанмен, шын мәнінде Арменияның қол астында өмір сүріп жатыр. Алайда Әзербайжан үкіметі мұны ешқашан мойындамайды.

Әзербайжан – Түркияға, Армения Ресейге арқа сүйейді

Әзербайжан мен Түркия 2010 жылы стратегиялық әріп­тестік және өзара көмек жө­ніндегі келісімге қол қойған. Бұл құжат бойынша бір тарап­қа әскери агрессия жасалған жағдайда екіншісі «мүмкін болған барлық әдістерді пайдаланып» оған көмектесуі тиіс. Осы келісім аясында екі мемлекет жыл сайын бірлес­кен әскери жаттығу өткізіп тұрады. Армения-Әзербайжан арасында қақтығыс қайта өршіген соң, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжанды ашық қолдап, Арменияның әрекетін «Әзербайжанға қарсы қасақана ашық агрессия» деп атады. Іле-шала Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар да мәлімдеме жасап, «біз Армян тарапының шабуылын қатаң айыптаймыз. Әзербайжанның қасіреті – біздің де қасіретіміз. Бауырлас халқымызға қатты қайғырып, қаза болғандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Түркия Таулы Қарабақты басып алған Арменияның агрессиясына қарсы күресте Әзербайжанға қолдау көрсетуге дайын» деді. Түркия­ның бұл ұстанымы тұтанғалы тұрған отқа май құйғанмен бірдей болды. Осы мәлімдемеден кейін Әзербайжан жастары шеруге шығып, биліктен Арменияға соғыс ашуды талап етті. Олар «Біз мәселені бейбіт жолмен шешуді 30 жылға жуық уақыт күттік. Халық­аралық құқықты бұзғымыз келмейді. Бірақ шыдамымыз таусылды. Әзербайжан армия­сы – аймақтағы және әлемдегі ең күшті армиялардың бірі. Біздің халқымыз Қарабаққа ешқандай жеңілдік жасамайды. Егер мәселе бейбіт жолмен шешілмесе, Әзербайжан өз жерлерін күшпен босатуға бел буады» деп ұрандады.
Әрине, Армения да қарап отырған жоқ. Бұл ел де 1992 жылы Ресеймен стратегиялық әріптестік келісімшартын жа­сасқан. Оның үстіне, Ресей «Арменияда тұрақтылықты сақтаймыз» деген мақсатпен Арменияда 5 мың сарбазын тұрақты тұрғызып келе жат­қанына көп уақыт болды. Ал Әзербайжан болса өңірде тұрақ­тылықты сақтау үшін Ресей­дің емес, НАТО-ның немесе Түркияның әскері тұрғанын қалайды. Алайда бұған Ресейдің мүлде жол бермейтіні анық. Демек, өңірде жағдай күрделенсе, өздерін аймақтық держава санайтын Түркия мен Ресей де қол қусырып қарап отырмайды. Сириядағы жанжалда Ресей ұшағын Түркия атып түсіргеннен бері бірде қату, бірде тату болып келе жатқан Ресей мен Түркия Сирия мен Ливияда да соғысып қалуға шақ қалып, әупіріммен әрең қалғаны белгілі. Оның үстіне, Түркия – ­НАТО-ның мүшесі. Осы түйіндерді ескерсек, Қарабақтағы қантөгіс халықаралық қайшылыққа ұласып, тұтас Еуропаға әсер етуі әбден мүмкін.

Қақтығыс Еуропаның да есін шығарды

Әзербайжан мен Армения арасында жаппай соғыс басталып кетуінен бүкіл Еуропа да қатты алаңдайды. Өйткені мұнда бірнеше елдің энергетикалық һәм әскери мүддесі жатыр. Кавказ аймағының әлемнің энергетика саудасында алатын орны ерекше екенін ескерсек, екі ел арасында соғыс туа қалса, Еуропаға газ жеткізу жұмысына да үлкен ықпал жасап қана қалмай, Еуропаның Ресей газына тәуелділіктен құтылып, шикізатты Каспийден алсам деген жоспары құрдымға кетуі мүмкін. Себебі Әзербайжаннан тартылған екі құбыр Кавказды кесіп өтіп, Батыс Еуропаға мұнай-газ тасымалдайды. Екі құбыр да қақтығысқа себеп болып отырған даулы аймақ – Таулы Қарабаққа жақын маңда.
Қазір Бакуден Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Джейхан портына дейін созылып жатқан құбырмен күніне 1 миллион баррель мұнай Еуропаға және ­Израильге тасымалданады. Демек, құбыр жабылса, Еуропаға келетін шикізат көлемі күрт азаяды. Бұл – Еуропаның Ресей мұнайы мен газына тәуел­діліктен құтылу жоспары да құрдымға кетті деген сөз. Өйт­кені Еуроодақ Ресей шикізатына тәуелділікті 35 пайызға азайтқысы келеді. Былайша айт­қанда, Ресейден іргесін аулақ салып, Мәскеу газының орнын Әзербайжан шикізатымен толтыруға құлықты.
Ең маңыздысы, «Оңтүстік газ дәлізі» стратегиясына сәйкес Еуроодақ 2020 жылға қарай Каспийден тартылатын жаңа құбыр арқылы оңтүстік және орталық Еуропаға қосымша 10 миллиард текше метр көгілдір отын жеткізуді көздеп отыр. Бұл жоспар ­Каспий теңі­зінен көбірек мұнай тасымалдауға өте тиімді болмақ. Алайда Кав­каздағы қақтығыс сая­быр­­ламаса, құбыр салу жобала­рын қаржыландыру қиын. Сон­дық­тан Еуропа да Кавказ өңі­рінің тыныштығын қалайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =