Қарабақ соғысының астарында не бар?

0 139

Сәл шегініс…

Ағымдағы жылдың шілде айының ортасында армян-әзербайжан арасында соғыс өрті кенеттен бұрқ ете қалды. Бір қызығы, соғыс қимылдары даулы Қарабақта емес, Әзербайжанның барлық энергоресурстары шоғырланған Товуз ауданында басталды. Товуз – Армения мен Грузияның аралығында ені 35-40 шақырымнан аспайтын, Баку – Тбилиси – Ерзурум газ құбыры, Баку – Тбилиси – Джейхан және Баку – Супса мұнай құбырлары өтетін дәліз. Сонымен қатар бұл аймақта Баку – Тбилиси – Карс (Түркия) теміржолы, Баку – Тбилиси автожолы жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Әзербайжанның бүкіл экономикасының 90 пайызын қаржымен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызды аймақ.

Жығылған үстіне жұдырық

2018 жылы Әзербайжанның SOCAR компаниясы Түркиядағы ең ірі STAR мұнай өңдеу зауытын салған болатын. Алпауыт кәсіпорын о баста Ресей мұнайын алып тұрған-ды, бірақ 2020 жылдың шілде айынан бастап оның орнын Ирак және Норвегияның көмірсутегімен алмастырды. Тәулігіне 210 мың баррель өңдейтін алпауыт зауыттың ресми Мәскеуді миллиондаған доллар кірістен қағуы солтүстіктегі көршінің қитығына тигені рас. Бұған дейін Түркияның мұнай нарығының 33%-ын еншілеген РФ көш бастап тұрса, енді оның үлесі 10%-ға да жетпей, бірден 5-ші орынға сырғып түсті. Есесіне, түрік мұнай импортының 1-сатысына 23,5%-бен Әзербайжан көтерілді. Одан кейінгі орындарды – Иран, Катар, Алжир бөлісті.
Қырсық қылғанда, 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Еуропа да Ресейдің мұнайын сатып алуды айтарлықтай азайтты. ЕО елдерінде оның құбыр арқылы келетін мұнайы 43%-ға кеміді. Теңіз арқылы тасымалданатын мұнай экспорты 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20,9%-ға төмендеді.
Газ экспортының жағдайы одан да сорақы соқты. Терістіктегі көршіміздің Еуропаның газ нарығындағы 55% үлесі 35%-ға құлдырады. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деген, орыс газының қомақты бөлігін тұтынатын Польша 2022 жылдан бастап одан бас тартып, былайғы уақытта оның орнын АҚШ пен Норвегияның көгілдір отынымен алмастыратынын жеткізді.
Әлемдік энергетикалық нарықтағы бұл өзгерістер экономикасы мұнай мен газға тәуелді Ресей үшін қатты соққы болғаны айтпаса да түсінікті.
Онымен қоймай солтүстіктегі көршіміздің Еуропа нарығын Түркия транзиті арқылы жаулаймын деген үмітінің де быт-шыты шықты: «Көгілдір ағыс» пен «Түрік ағысының» екі тармағы бұл күнде қаңырап бос тұр. Ресми Анкара көгілдір отынның 90%-ы РФ-дан емес, өзге елдерден алдыртады.

TANAP РЕСЕЙГЕ  БАЛАМА БОЛА МА?

Өткен сегіз айда Әзербайжанның газ экспорты 17,6%-ға, 8,7 млрд т.ш. дейін өсті. Енді Түркия мен Грецияның арасын жалғайтын TANAP желісі одан әрі Трансадриатикалық құбыр (TAP) арқылы Албания мен Италияға барып байланатын болса, көгілдір отын тасымалының көлемі тіпті ұлғая түс­пекші. Бұл құбыр әзербайжан газы үшін жаңа нарықтардың есігін ашады – Италия, Греция, Болгария, Албания, Испания және Израиль. TANAP-та, ТАР-та «Оңтүстік газ дәлізі» (SCP) жобасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Жоспар бойынша ТАР 2021 жылдың бірінші тоқсанында толықтай іске қосылғанда, транзиттік қуаты 10 млрд т.м. болады деп топшылануда. Ал одан кейінгі жылдары – 16 млрд т.м., сосын – 23 млрд, ал 2026 жылы 31 млрд т.м.-ға жеткізу жоспарланған. Бастапқы кезеңде аталған құбыр желісі Әзербайжанның «Шах-Дениз» кенішінен өндірілген отынды тасымалдайтын болады. Кеніштің қойнауында 1,2 трлн м3 табиғи газ және 240 млн т сұйық газ қоры анықталды. Бұл өте көп. Еуропаны 50 жыл бойы көгілдір отынмен үзбей қамтамасыз етуге еркін жетеді. Кейін «Оңтүстік газ дәлізі» жобасына Түркіменстан мен Қазақстанның газы қосылатын болса, ТАР қуаты жылына 60 млрд. т.м. арттырылмақ.

КАСПИЙ – БАЙ ӨЛКЕ

Әзербайжанда болжам бойынша 4 млрд тонна мұнай, 2,5 трлн текше метр табиғи газ қоры шоғырланған. Оған Каспий теңізінде қоңсы қонған Қазақстанның және Түркіменстанның газ-мұнайын қосып есептегенде, үш елдің энергоресурсы өндірісінің көлемі Ресей мен Парсы шығанағы елдерінен кейін үшінші орында тұр (газ қоры бойынша Түркіменстан – 4 орын, ҚР –15 орын, Әзербайжан – 25 орын; мұнай қоры бойынша ҚР – 12 орын, Әзербайжан – 21 орын, Түркменстан – 42 орын). Каспий өңірі елдерінде шоғыр­ланған энергоресурстардың осы мол қорын әлемдік нарыққа шығару үшін баламалы тасымал жолдары керек-ақ.
Энергоресурстар тасымалына қатысты өткен алқалы бір жиында ТМД институты директорының орынбасары Владимир Жарихин «Мәскеудің Ресей аумағын айналып өткісі келетін бұрынғы кеңестік республикаларды дегеніне көндіре алатындай пәрмені бар» деп сес көрсеткен болатын. Рас, нақты қандай пәрмен екенін ашып айтпады. Дегенмен солтүстіктегі көршіміз үшін орыс энергоресурстарымен бәсеке бола алатын Каспий өңірі үш елінің қайсы жобалардың да «жөргегінде» тұншыққаны тиімді. Өйткені РФ-ның Кавказдағы экспорттық-импорттық операцияларда шеттетілуі оның аймақ елдері алдындағы маңызын төмендетеді.
«Қасқыр тоқ болса, қой аман» демекші, посткеңестік елдердің энергоресурстары Батысқа түгелдей солтүстіктегі көрші аумағы арқылы өтетіндіктен әзірге РФ мүддесіне қайшы келмейді. Бірақ ол мұнай-газ тасымал жолдарын әртараптандыру арқылы келешекте туындауы әбден мүмкін. Ресей бұған қандай жағдайда да жол бермеуге тырысады. Экономикалық мәселелердің саяси кикілжіңдерге ұласатыны – дәп осы тұс.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ  МҮДДЕ БАСЫМ

Сөзімізді қорыта айтқанда, Қарабақта қақтығыстар кімге тиімді, кімге тиімсіз? Біріншіден, одан жерінен газ бен мұнай құбырлары өтетін, сол арқылы Еуропаға энергетикалық ресурстарын жөнелтіп отырған Әзербайжан, транзиттік тасымал арқылы табыс тауып отырған Грузия мен Түркия, одан әрі қарай тізім бойынша осы желі арқылы көмірсутегі және көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін Батыс елдері жапа шегеді. Сондай-ақ одан энергетикалық отынды тасымал процесіне қатысатын әлемдік атағы бар алпауыт компаниялар шығынға батады. Егер оның тасымалы жабылса, Кәрі құрлыққа газ-мұнай тек Ресей арқылы жеткізілетін болады да, ол бұл салада сөзсіз жеке дара монополиске айналады. Мұндай жағдай Еуропаның энергетикалық тұрақтылығына орасан зор қауіп төндіреді және ЕО-ны РФ-ге түбегейлі тәуелді етіп қояды.
Бұл жағдайда газ-мұнай Кәрі құрылыққа тек Ресей транзиті арқылы жүргізілетіні өз алдына, қазіргі кезде 90%-ы бос тұрған «Көгілдір ағыс» пен «Түрік ағысының» екі тармағының жұмысы жанданады. Тіпті «Солтүстік ағыс-2» газ құбырынан санкция алынып, ол іске қосылуы да мүмкін. РФ-ның басты көздеп отырған мақсаты да – осы.
Осыдан-ақ Орталық Азия мен Кавказ елдерінің энергетикалық қуатын «Оңтүстік газ дәлізіне» жалғайтын Әзербайжан газ-мұнай желісінің маңызы қандай екенін байқай беріңіз. Бұл мәселенің түйіні қалай шешіледі, әлемнің жалпы гео­саяси жағдайы соған қарап өзгереді. Бұл жерде алпауыт елдер – АҚШ-тың, Еуропаның, Түркияның, Иранның, Ресейдің және көптеген транзиттік елдердің үлкен геосаяси мүдделері қақтығысып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + nineteen =