ҚАРАБАҚ ҚАҚТЫҒЫСЫ: КІМ ҰТТЫ?

0 43

30 жыл бойы дипломатиялық жолмен шешілмеген Таулы Қарабақ мәселесі 40 күндік соғыспен шешілді. Атап айтқанда, Таулы Қарабақ өзінің тарихи иесі – Әзербайжанға қайтарылатын болды.

27 қыркүйекте басталған қанды шайқаста Түркияның қолдауына арқа сүйеген әзербайжандар армяндардан басым түсті. Ал орыстың көне қару-жарағына сенген армяндар соғыс басталған күннен-ақ алдыңғы шепте ойсырай жеңілді де, шегіне ұрыс салды. Майдандағы осындай жағдайдан кейін армян жастары соғысқа барудан жалтарса, әскерилердің алды майданнан қаша бастады. Армения премьер-министрі Никол Пашинянның армян жауынгерлерінің жігерін жану үшін өзінің жалғыз ұлын, керек десеңіз әйеліне дейін соғысқа жібергенінен түк те өнбеді. Былайша айтқанда, армян армиясының бұдан әрі соғыса беруге шамасы қалмай, Пашинян келісімге келуге мәжбүр болды. Бұл жөнінде Ресей саяси зерттеулер институтының директоры Сергей Марков былай деді: «Армян армиясы премьер-министр Никол Пашиняннан капитуляция жасауға рұқсат сұрады, өйткені ол енді әзербайжан әскерлеріне қарсы соғыса алмайтын еді. Себебі Шуши алынғаннан кейін армян әскерлері қоршауда қалып қойды. Сондықтан Пашинян жеңілгенін мойындады. Ол мұны армияның талабы бойынша жасағанын мәлімдеді, өйткені әскерилер оған бұдан әрі соғыса алмайтындарын, ұрыс қимылдарын тоқтату керектігін айтты».
Сонымен 9 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қол қойған құжатқа сәйкес, Армения 15 қарашаға (кейін уағдаласқан мерзім 25 қарашаға дейін созылды) дейін Кельбаджар ауданынан, 20 қарашаға дейін Агдам ауданы мен Газах ауданының бір бөлігінен, ал 1 желтоқсанға дейін, Ханканди көлік дәлізін есептемегенде, Лачин ауданынан өз әскерлерін алып кетуге міндеттелді. Ал Армения әскерлері Әзербайжанның Таулы Қарабақ автономиясындағы Ханкандиде, Агдерде, Аскеранда, Ходжавендте қалады. Оның есесіне Нахичеванды Әзербайжанмен жалғайтын жаңа дәліз ашылады. Ойламаған жерден от шығып кетуінің алдын алу үшін Ресей жауынгерлері бұл дәлізді 5 жыл бойы күзетеді.
Сөйтіп 6 апталық соғыс Әзербайжанның пайдасына шешілді. Дегенмен «Әзербайжандар Қарабақты толық азат еткенше соғысты тоқтатпауы керек еді, олар жеңісті қолдан беріп қойды» деп жатқан сарапшылар да бар. Алайда Қарабақтың жартысы армяндардың қолында қалғанмен, Нахичевань дәлізінің ашылуы әзербайжандар үшін үлкен жеңіс саналады.
Әзербайжан елінде өз шекарасымен шектеспейтін, сиырдың бүйрегіндей бөлініп, өзге елдің территориясында қалып қойған Нахичевань деген қала бар. Бұл арада жарты миллионға жуық әзербайжан тұрады. Бұл өңір Иранмен, Армениямен және Түркия­мен шектеседі де, Әзербайжаннан мүлде бөлек қалған еді. Нахичевандықтар Әзербайжанға келіп-кету үшін ұшақпен ұшуына тура келетін немесе басқа елдердің шекарасын екі мәрте кесіп өтіп, Бакуді бетке алатын. Енді жаңа келісім бойынша Нахичеваннан Әзербайжанға Армения үстінен жаңа дәліз ашылады. Ол жол Түркиядан созылып келіп Каспийге бір-ақ тіреледі. Яғни күнгей Кавказда Түркия + Нахичевань + Әзербайжан жолы пайда болады. Былайша айтқанда, бұл жол Түркияның тіке шығысқа шығуына, Орта Азиядағы түркі тілдес мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайтуға даңғыл жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қарабақ орталығы – Ханканди қаласы бәрібір орыс пен армянның қолында қалды» дегенмен, есесіне Әзербайжан мен Түркияға, тіпті күллі түркі жұртына пайдасы тиетін Нахичевань дәлізі ашылды. Оның үстіне, Қарабақтың солтүстігіндегі Аскеран, Мартакерт елді мекендері – бағзы заманнан армяндардың сары жұрты, ата қонысы. Ресей де Әзербайжан әскерлерін тектен-текке осы жерден тоқтатып отырған жоқ. Ханканди де армяндардың этникалық аумағы. 80-жылдардың аяғында «бөлініп Арменияға қосыламыз» деп шу шығарған, 30 жылдық даулы мәселеге мұрындық болған да дәл осы жердегі армяндар. Ендеше Әзербайжан үшін де шатағы көп Ханкандиден гөрі Нахичеванның іргесін өз еліне тиістірген абзал.
Келісімнен соң екі елдің халқы екі түрлі реакция танытты. Баку халқы жеңісті тойлап, мәре-сәре болса, Ереванда ел наразылық шеруге шығып, Пашинянның келісімге келгеніне қарсылық білдірді. Мәмілеге көңілі толмаған армяндар алдымен Үкімет үйінің алдына жиналып, артынша Парламентке лап қойды әрі Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Ал Пашинян өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын айтты. «Бұл ұйғарым соғыс жағдайы және әскери ахуал­мен жете таныс азаматтармен ақыл кеңескеннен кейін қабылданды. Сарбаздарымыз террористерге, ­НАТО-дағы саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет пен Әзербайжан әскеріне қарсы қасық қаны қалғанша қарсыласты. Бұл – айтуға ғана оңай шаруа. Алдыңғы шепте ұрыс салып жатқан әскерлердің көз шырымын алатын мұрсаты да жоқ. Ал олармен алмасатын әскер жоқ. Сондықтан біз келісімге келу арқылы 25 мың армян сарбазының өмірін сақтап қалдық» деді армян премьері. Бірақ ашулы армяндар сөзге, ақылға тоқтайтын түрі жоқ. Тіпті әділетсіз келісім жасағаны үшін Пашинянды өлтірмек те болды.
Кеше Армения қауіпсіздік қызметі премьер-министр Никол Пашинянның өміріне жасалғалы жатқан қастандықтың жолын кескенін хабарлады. ҰҚҚ-дағылар бұған күдікті ретінде «Отан» партиясының лидері, ҰҚҚ-ның бұрынғы директоры Артур Ванецянды, Парламенттің бұрынғы депутаты және ондағы Республикалық партия фракциясының экс-басшысы Ваграм Багдасарянды, Армян революциясы федерациясының бір мүшесі мен Сисиан ерікті жасағының бір командирін ұстады. Бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасаған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Армян оппозициясы Таулы Қарабақ бойынша қол жеткізілген келісімді өздерінің пайдасына қарай саудаға салғысы келіп жатыр» деп мәлімдеп, армян оппозициясын алаяқ деп айыптады.
Қазір Армения қарулы күштері Әзербайжанның Кельбаджар ауданынан шегіну үстінде. Ал Қарабақтан қашқан армяндар үйлерін өртеп кетіп жатыр. Аңғары «жауға» сынық бұрау да қалмасын дейтін секілді.
Қысқасы, неше мәрте қантөгіске мұрындық болған Қарабақ мәселесінің бейбіт жолмен шешілуінен үміт байқалды. Алайда бұл жерде алпауыт елдердің мүдде таласы, газ бен мұнайдан түсетін қыруар экономикалық пайданың жатқанын ескерсек, мәселенің аяқ астынан ушығып кету қаупі де жоқ емес. Келісімнің де келешегін уақыт көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × four =