Қарабақ мәселесі қантөгіспен шешіле ме?

0 52

Әзербайжан мен Арменияның Қарабаққа таласып, қан төгісіп жатқанына бүгін дәл бір ай толды. 27 қыркүйек күні таң сәріде басталған соғыстың бүгін, ертең тоқтайтын түрі жоқ. Гуманитарлық тұрғыдан жасалған екі мәрте соғыс тоқтату келісімінің де түкке себі тимеді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 22 қазан күні бейбітшілік жөніндегі келісімге қол жеткізудің «ауылы алыс» деп мәлімдесе, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қазіргі жағдайда ондаған жылға созылған шиеленістің дипломатиялық шешімін көрмей тұрғанын жеткізді әрі «соғыстың әлі жалғасатынын» айтқан ол әкімдерге ерікті жасақ құруды тапсырды.

24 қазан күні екі елдің сыртқы істер министрлері Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен жеке-жеке кездесті. Кездесудің нәтижесі бойынша, тараптар гуманитарлық келісім жасасты. Келісім 26 қазан жергілікті уақыт сағат 20.00-де күшіне енеді. Халықаралық қоғам бұл кездесуден үлкен үміт күткен еді, Ресей президенті Владимир Путин де «Америкалық әріптес­теріміз бізбен үйлесе жұмыс істеп, келісімнің жасалуына көмектеседі деп үміттенемін» деп мәлімдеді.
Вашингтондағы кездесуде гуманитарлық келісімнен басқа тағы не мәселе шешілгені белгісіз. Армения сыртқы істер министрінің мәліметінше, кездесуде Қарабаққа халықаралық бейбітшілікті сақтаушы қосындарды кіргізу мәселесі талқыланған. Бірақ осыдан бір күн бұрын Пашинян Арменияның аймаққа Ресейдің де, басқаның да бітімгер әскерін кіргізбейтінін мәлімдеген еді. Ал Әзербайжан президенті И.Әлиев Әзербайжан тарапынан Вашингтондағы кездесуде Армения күштері бақылауда ұстап отырған таулы Қарабақ пен соның айналасындағы жеті ауданды қайтарсын деген талап қойғанын жеткізді. «Армения басшылығы ақылға келіп, басып алынған жерлерді босатуға күш салуы тиіс. Біздің бұл келіссөздегі мақсатымыз – Армения басшылығының басып алынған жерлерді босатуға дайын, дайын еместігін, дайын болса, қашан босататынын анықтау» деді ол Жапонияның Nikkei басылымына берген сұхбатында.
Қарабақтағы қақтығыста екі жақтан қанша адам қайтыс болғаны да анық емес. 22 қазан күні таулы Қарабақтағы этникалық армяндар атыс кезінде қаза тапқан 26 сарбаздың аты-жөнін жариялады. Сонымен Арменияның қаза тапқан жауынгерлерінің саны 897-ге жетті. Әзербайжан болса, тек бейбіт тұрғындарының мерт болғанын мәлімдеп, сарбаздарының қазасы жөнінде ақпарат бермей отыр. Ал Ресей президенті Путин екі жақтан кемінде 5000-нан аса адам соғыстың құрбаны болғанын айтады.
24 қазан күні таулы Қарабақтың Губадлы ауданында Әзербайжан әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Арменияның бір соғыс ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Әзербайжан жасақтары 17-18 қазанда Арменияның СУ-25 ұшағынан екеуін атып құлатқан болатын. Осылайша Армения бір аптада үш ұшақтан айырылды. Өткен аптада Әзербайжан әскерлері Түркия мен Израильдің ұшқышсыз ұшақтарын пайдаланып, Қарабақта армяндардың әуе шабуылына қорғанатын 4 дана С-300-ін жойғанын жариялады. Әскери сарапшылардың мәліметі бойынша С-300-дің бағасы 250 млн АҚШ доллары екенін ескерсек, бұл соғыстың екі елдің экономикасына орасан зор шығын әкелгенін мөлшерлеу қиын емес. Бірақ жер үшін таласқан екі жақ та, қандай бодау берсе де өз көздегеніне жетуге тырысуда.
Кейбір деректерде Әзербайжан жақта сириялық жалдамалы адамдардың соғысып жатқаны айтылды. Алайда Баку мен Анкара мұны теріске шығарды. Дегенмен «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, екі жақта да жалдамалы әскерлер соғысып жатқаны рас. Мәселен, «Вестник Кавказа»-ның мәліметіне қарағанда, Армения әскерлері құрамында да жалдамалылардың аз емес екені анықталған. Әзербайжан сарбаздары «Басқыншылардан азат еттік» деген аумақтарда өлген адамдардың киімдерінің қалталарынан Франция, Канада, Ливан, Испания, Грекия, Грузия, Ресей азаматтарының төлқұжаты шыққан. Олардың дені – армяндар. Грек блогері, «Greek city times» басылымының авторы Пол Антонопулос өзінің twitter-дегі парақшасында «Грекиядан Әзербайжанның басқыншылар қолындағы аумағына бірінші топта 50 этникалық армян мен 30 гректің жалдамалы болып соғысқа аттанғанын» жазыпты. Бұдан бұрын Әзербайжан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі таулы Қарабақта армяндар жағында соғысып жүрген күрд жалдамалыларының радиохабарларын тапқанын хабарлады. Никол Пашинянның «Әзербайжан армиясы құрамында жалдамалылар бар» деп байбалам салуы дәл «қорыққан бұрын жұдырықтайды»-ның кері емес пе деген ой келеді.
25 қазанда Әзербайжан президенті И.Әлиев 100-ге жуық елді мекенмен қоса, Губадлы қаласын азат етілгенін хабарлады. Егер бұл ақпарат рас болса, Губадлы соғыс басталғаннан бері қайтарып алынған 4-ші аудан саналады. Сонымен қатар, Әлиев Иранмен шекаралас жерлерді де бақылауға алғанын мәлімдеді. «Әзербайжан мен Иран арасындағы шекара Агбенд елді мекенін азат ету арқылы толықтай тазартылды» деп жазды И.Әлиев twitter-дегі парақшасында. Бұл әзербайжандар үшін үлкен жеңіс деп айтуға болады. Себебі Иран бұрыннан армяндарға қолдау көрсетіп келеді. Иран халқының 24 пайызын әзербайжандар құрайтындықтан, парсылар «Ирандағы әзербайжандар Әзербайжан елімен жалғасып Иранға қауіп төндіре ме» деп алаңдайды. Сосын да олар Әзербайжанның күшейіп кеткенін, Қарабақ мәселесінің шешім табуын мүлде қаламайды да, үнемі армяндарды астыртын қолдап отырады. Биылғы Қарабақ соғысы басталған сәтте Иран армяндарға қару-жарақ, киім-кешек жөнелткен. Алайда оны жолдан ирандық әзербайжандар түгелдей өртеп жіберген. Ал Грузия Әзербайжанды қолдап, Армениямен жалғасқан жолдарды жапты. Демек, қазір Арменияға Ресей мен Ираннан келетін көмектің жолы кесілді.
Қарабақ соғысында күйсіз халге түскен армяндар соңғы кездері Қарабақта референдум өткізуді талап ете бастады. Өйткені Қарабақ тұрғындарының 80 пайызы армян ұлты болғандықтан, референдумның армяндарға тиімді болатыны анық. Алайда Ильхам Әлиев «Қарабақта ешқандай референдум өтпейді. Біз мұндай ұсынысқа ешқашан келіспейміз. Қазір аймақтың көбін қайтарып алғаннан кейін бұл жөнінде сөз болуы да мүмкін емес» деп мәлімдеді. «Армяндар тұратын аймақтардың бәрі Армения­ның жері бола берсе, онда дүниеде қаншама кішкентай армениялар пайда болар еді. Өз тағдырын өзі анықтаудың түрлі жолдары бар. Бірқатар Еуропа елдеріндегі кейбір муниципалитеттерде диаспораның белгілі бір құқықтары бар екенін көріп жүрміз. Әзербайжанда тұратын армяндар да осындай құқықтарын пайдаланса болады. Бірақ Әзербайжан аймағында екінші армян мемлекетінің құрылуына ешқашан жол бермейміз. Бұл жөнінде сөз болуы да мүмкін емес. Бір сөзбен айт­қанда, ешқашан ешқандай референдум болмайды» деді Ильхам Әлиев Nikkei газетіне берген сұхбатында.
Қарабақ 1990 жылдан бері этникалық армяндардың бақылауында болғанымен, халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Кеңес Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Қақтығыс кезінде Әзербайжан Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті ауданынан айырылды. Жүз мыңнан астам Әзербайжан босқынға айналды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + nineteen =