©2020 Астана Ақшамы
ҚАРАБАҚ ӘЛДЕ АРЦАХ?
КСРО күйреуі алдында елді әлеуметтік-ұлттық сеңжүрістер қақырата бастағаны белгілі. Желтоқсан оқиғасы саяси өмірде оғаш оқиға көрінгенімен, жылдар бойы жиналған, тек қана мылтықтың үңірейген аузының үрейлі кейпімен «шешіліп келген» мәселелердің мемлекет қазанынан тасуы қисынды еді. Кетеуі кете бастаған алып ел кенет ұлтаралық татулық көп жағдайда фикция екенін анық көргенде, не істерін білмей қалды. «Армян, қалмақ, грузин. Орыс пенен украинның» дегенмен,терезесі тең жатпағаны, әншейін ұрансөз екені белгілі боп қалды. Осындай оқиғалардың бірі – Таудағы Қарабақ оқиғасы. Әуелде соңғы күндерін қалт-құлт етіп күнелтіп жатқан КСРО, кейін Тәуелсіз Қазақстан саяси келіссөздер тұрғысында шыныққан мәселе. Мыңдаған адам өмірін жалмап кеткен қайғылы мәселе. КСРО-ның жымын сыртқа білдіріп алып, абыройды айрандай төккен мәселе. Таудағы Қарабақ оқиғаларының 19 жылдығында кейінге бір көз тастауды жөн көріп отырмыз.
Неден басталғаны белгісіз
Біреулердің жан жарасы боп отырған мәселені көлденең көк аттының «әкел, мен шешіп берейін!» деуі ұяттан бұрын орынсыз болар. Сондықтан, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауын өзімізге тек статисттің рөлін ғана алып бажайласақ.
Қызығы сол, бұл мәселеде тіпті «Таулы Қарабақ» дей отырып, біздер топонимнің әзірбайжандық нұсқасын алған болып шығамыз да, оның армянша атауы «Арцах» екенін қаперімізге алмай, бүйрегі бұрды деген кінәратқа қалуымыз кәдік. Есесіне Жазықтағы Қарабақ (қазақилатып, «Ойдағы Қарабақ» дегіміз де келген) қазір армян бақылауында, бірақ атауы сол күйінде. Екі ағайынның дауында басу айтқаннан артық қимыл сөлекет боп тұрғаны да сол.
Дегенмен, бұл мәселені екі жақтың да ұлтшыл (әлде ұлтжанды?) топтары әбден өңін айналдырып, өз пайдасына қайта жазып шыққаны сондай, келесідей парадоксқа кезігесіз: сонша материалды қорытып болып, жарытып ештеңе айта алмайтыныңызды мойындайсыз. Әйтпесе, оқыған соңғы материалдың әсерінің жетегінде кетіп, біржақты боп кету қаупі бар.
Зерттеуге тіпті әлі де советтік аузын айға білеген басылымдар да көмектеспейді. Онда Таудағы Қарабақ мәселесі сол мәселеден гөрі, оны дүрліге жазып жатқан капиталистік елдерді айыптауға бағытталған. «Бұл әкімшілік-әміршілік саясаттың салқыны, ондай проблема кез келген елде бар; біздің Қарабақты қайдағы «Либерасьон» жазғаны тіпті қисынсыз» деп қорынады 1988 жылғы бір санда «Правда» газеті. Ең қызығы, әзірбайжандар да, армяндар да, тіпті, мемлекеттік басылымдардағы мақалалардың – қарсы жақтың ықпалымен жазылғанын; армяндар автордың Мәскеудегі әзірбайжан диаспорасымен байланысын айтса, әзірбайжандар өз кезегінде армяндардың ықпалын «әшкерелейді».
Мұндайда бас редакторға «мұны жаза алмайды екем, қауіпті тақырып» деп мойындап, шарасыздық танытуға ынта да пайда болады.
Сондықтан ба, әйтеуір әлемдік дереккөздермен бекітілген, тараптардың екі жағы да мойындайтын даталар мен оқиғалар бойынша жазып шыққаннан басқа амал көрінбейді.
Жер дауы
Таудағы Қарабақтың екі ұлы халық арасындағы текетірес болуы ықылым заманға жетелейді. Баспасөз беттерінде қылаң бере бастағаны сол, XX ғасырдың басы болса керек. 1905-1907 жылдары Таулы Қарабақта әзірбайжан-армян қақтығыстары орын алған, бұл жәйт деректі дәлелденген. Бірақ, Ресей империясының ұлттық саясаты аздап болса да бейтарап болғанға ұқсайды: әйтеуір Мәскеу, Петербор басылымдары жаңалық ретінде хабарлағаны болмаса, аналитикалық тәпсір жасауға тырыспаған.
Әттеген-айы сол: осындай ұлтаралық ірі мәселені төңкерістен кейінгі Советтер Одағы одан сайын ушықтырып қойған. Қараңызшы: 1921 жылдың 3 маусымында РКП(б)-ның Кавказдық өкілдігі оны әй-шайға қарамастан (советтер қашан санасып еді) Армения пайдасына шешеді де… кенет дәл осы ұйым 5 шілдеде қайта қарап, енді Қарабақты – Әзірбайжандыкі дейді! Бұл әрине, екі жаққа да ауыр соққы болғаны белгілі: шешім ашық референдум әлде жергілікті халықтың ықыласын білдіретін сауалнама негізінде емес, жоғарыдан «қойып қалу» арқылы шешіледі. Алысқа бармай, жарты ғасырдай бұрын Солтүстік және Оңтүстік аймақтардағы жерлерден қаламның бір-ақ шимайымен айрыла жаздаған қазақ үшін мұның психологиялық ауырлығы айтпаса да түсінікті.
Бұл мәселе осылайша қызыл империяның тегеурінді күшімен өз қазанында өзі қайнап қала берсе керек. Саяси бақылау босап, «азаматтық қоғамға» тіл біте бастаған горбачевтік «қайта құру» заманына тиесілі 1987 жылы бұл мәселе кенет бүкіл 15 одақтас республикаға баспасөз беттерінен белгілі боп қалады. Совет адамы пиардың алғашқы нұсқасымен сол кезде танысса керек: көше-көшеде біресе мәселенің әзірбайжандық нұсқасы, біресе армяндық нұсқасы жазылған том-том кітаптар тегін таратыла бастайды. Саяси популизмнің де бастауы қылаң береді: осы күні белгілі болып отырғандай, кейбір «сарапшылар» мұндай кітаптарды тапсырыспен, Қарабаққа бармақ түгілі, әзірбайжанды армяннан айыра алмайтын халдегі адамдардың жазғаны белгілі болып қалды.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін, «советтер елінде де мұндай болуы мүмкін екен ғой!» дегізген оқиға осы. Теледидардан танкілер мен әдетте бірінші, және көп жағдайда – жалғыз зардабын шегетін халықтың бейшара халі алғашқы рет көрсетіліп, «СССР – оплот мира!» деген пафосты ұранды күл-талқан етіп жоққа шығарды. Беймаза уақыттар басталды…
Қайғылы бейбіт мерзім
1988 жылы 7 желтоқсанда Арменияның Спитак қаласы жер сілкінісінен жермен-жексен болып қирап қалды. Қарабақ мәселесі сап тыйылғандай көрінді: бұрын-соңды болмаған апат (25 мың адам өліп, 500 мыңнан астам үй-күйсіз қалды) қарсы тараптарды да, бейтараптарды да абдыратып-ақ тастады. КСРО-ның гуманитарлық көмекке алақан жайдырғаны да осы тұс: «құйтырқы капиталистерден» көмек алуға дегенмен тура келді.
Бұл ретте Қазақстанның да орасан зор көмегін атап өтпесе қиянат. Әрбір мекеме, әрбір азамат көмек қолын созды. Ұн, дәрі дәрмек, тез құрылатын ағаш үйлер (бұл кезде оның өндірісі қолға алынған болатын) тиеген қазақстандық автоколонналар легі грузин тас жолында бірнеше шақырымды құраған. Әрі сол уақыттарда елді тапшылықтың қыспаққа алғанын ескерсек, дархандығымызға тіпті шәк келтіруге болмайды.
Осындай, қайғылы бейбітшілік кезеңінен кейін КСРО сияқты алып ел соққы үстіне соққы алып, ақыры 1991 жылы тарап тынды. Сол-ақ екен, Қарабақ мәселесі қайтадан қайғылы қақтығыстарға ұласты.
Бүгін…
Бүгін Таудағы Қарабақ ешкім мойындамаған республика. Мойындамағанда, Абхазия Республикасы, Оңтүстік Осетия сияқты өздері мойындалмаған «мемлекеттермен» мойындалған. 2005 жылғы санақ бойынша елде 137 мың армян мен … 6 әзірбайжан тұрады. Бұдан аталмыш мәселені Армения пайдасына шешілген екен деп қорытынды шығаруға болмайды.
Таулы Қарабақ шекарасы әлемдегі ең әсіре әскерилендірілген шекара (жер көлемін адам басына шаққанда, Қытай мен Үндістанның шекарасындағы ахуалға бара-бар). Екі тараптың да ішінде мәселені қоздырып жүрген ұлтшыл топтар, әсіре радикалдар жетерлік. Және олар көше атысынан әлдеқашан халықаралық аренаға көшкен. БҰҰ-дан бастап, Eurovision сияқты бейсаяси шараға дейін екі ел бір-бірінің бастамасына «жоқ!» деген дауыс берумен келеді. Бұған саяси ұпай жинағыштардың «Қарабақты өз пайдамызға шешіп берем!» деген популизммен айналысып жүргенін қосыңыз.
Көбейіп кетті демеңіз, бірақ бұған халықаралық ірі ойыншылардың мүддесін тағы қосыңыз. Таудағы Қарабақтың түрлі уақытта КСРО мен АҚШ, Ресей мен Түркия, Ресей мен NATO, Әзірбайжан мен АҚШ (жұптарды жалғастыра беруге болады) арасындағы саяси саудада қарабақыр тиынның рөлін атқарып жүрген жайы да бар. Осындай мәселелерге арасында үңіліп қойсақ, отанымыз Қазақстанда насихатталып жүрген толеранттылық пен ұлтаралық татулықтың гуманистік ой толғаулардан емес, шынайы өмір қажеттілігі және жасампаздықтың басты шартынан шыққанын анық көресіз. Көресіз де, қазақ болсаңыз «шүкір» дейсіз.
Оқырманымыз мақаладан сандық дәлелдер мен кім бастады, кім аяқтады деген түйінді сұрақтарға ақыры жауабын таба алмай бара жатқан да болуы мүмкін. Ендеше, олар атымен жоқ. Немесе тым көп. Сенім жоқ. Онсыз да ауыр тақырыпты қанын сорғалатып, бауырлас халықтарға бір ұшының тиіп кетуін жөн санамадық. Себебі бізде шынымен, Жамбыл атамыз жырлағандай – «Армян, қалмақ, грузин. Орыс пен украинның Терезесі тең жатыр»…
Ерлан ОСПАН