«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қара жорға» кімнің биі?

0 437

Қағынан жеріген құландай өз мәдениетімізді, төл өнерімізді өзгеге теліп, өзекке теуіп жүргендерге таңғаласыз. Басқа ұлттар қазақтың құсбегілік өнері, қымыз ашыту дәстүрі сияқты ұлттық брендімізге таласып жатса, біз бір жолда 500 адам билеп, Гиннесс кітабына кірген «Қара жорға» биін моңғолдардікі екен, қытайлардікі екен деп білгішсініп жүргендерге таңданбасқа лаж жоқ. Ұмыт болған бұл биді басқаға теліп, күдікпен қарауға себеп оны ортамызға қайта әкелген оралмандар болуында жатса керек.

Мен бұл бидің бүкіл болмысын зерттеп, төрелік айтатындай өнертанушы емеспін. Айтайын дегенім бір дерек қақында. Шы­ғысқазақстандық белгілі тарихшы Сағди Қапасов ағамыз бір марапат хаттың көшірмесін Көкпекті ауданы Көкпекті ауылындағы Раев атындағы балалар үйінің 80 жылдық мерейтойына шақырумен барған жолында түсіріп әкеліпті.
– Балалар үйінде Ж.Шай­жүнісов атындағы мұражай бар. 1947 жылы Семей қаласында өткен облыстық өнер олимпиадасында «Қара жорға» биін билеген Көкпекті балалар үйінің биші бүлдіршіндеріне осы марапат хатқа қоса олимпиаданың қазылар алқасының басшысы өзінің Александр Суворов жайлы жазған кітабын сыйға тартқан екен. Осы кітаптың ішіне салынған марапат хат мұражайда шыны астында күні бүгін сақтаулы тұр, – дейді Сағди аға. Міне, «Қара жорға» биін осыдан алпыстан астам жылдың алдында кішкентай бүлдіршіндеріміз билеп жүргенін осы бір марапат хат дәлелдейді.
Ұлттық биімізді жоққа шығарушылар енді не дер екен? Мүмкін, буынсыз жерге пышақ ұрғыш өнертанушылар енді «Шығыс Қазақстанды жаулаған жоңғарлық ұранхайлардан қалған» дейтін шығар. Кешегі балалар билеген «Қара жорға» басқа «Қара жорға» болатын дейтіндер де табылар. Әрине, басқа «Қара жорға» болуы да мүмкін. Өйткені олар өнердегі аттас туындылардың түп тамыры бір болатынын, Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйінің, халық күйі «Ақ желеңнің» ондаған нұсқасы барын, әнші Мұхиттың үш «Айдайы» барын («Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Көк айдай») олар қайдан білсін?! Білсе де, айды аспанға шығарғысы келетіндер «аты шықпаса жер өртейтінін» жақсы білеміз.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды