Қара жол

(Әкемнің естелігінен)

0 145

…Айбас пештің қасында бүрісіп отырған бауырына аяушылықпен қарады. Арық тарамыс денесі мен бойына қарап оны жеті жастағы бала деп айта алмайсың. Әкеден бір жасында, анадан екі жасында тұл жетім қалған ол тойына тамақ ішпегеннен қатып қалған сияқты. Айбас үнсіз отырған інісін өзіне шақырды. Қалбалақтап жеткен інісін алдына отырғызып, бауырына тартып, басынан иіскеді. Қуат та екі қолын ағасының қолтығының астына жіберіп, оның кең жауырынын құшағы жеткенше қапсыра құшты. Ағасының сол жақ кеудесіне жабысқан құлағы оның жүрегінің қатты соғып тұрғанын ап-анық естіртеді.– Ағатай, сіз кетпеңізші. Соғыста Қабыкен ағам жүр ғой. Ол аман-есен оралған соң, сіз барасыз. Екеуің бірдей кетсеңдер Мәкен апатайым екеуіміздің халіміз не болады, – деп дауысы дірілдеп, кемсеңдей бастады.

Бауырының ыстық көз жасы білегіне тамған сайын Айбастың дегбірі қашып, булыға бастады. Басын көтермек болған інісінің төбесінен иегімен тіреп, бауырына қыса түседі. Ондағысы көңілінің босап кеткенін көрсетпеу еді. Өңешіне тірелген өксікті әрең тежеп, көздерінен домалай бастаған жасты жеңімен жылдам сүртті де құшағынан шықпақ болып, тырбаңдап жатқан Қуатты босатты. Ағасының қылығын түсінбей отырған ол ерінін дүрдитіп, бұртия қалыпты.

– Сендерді ойласам ешқайда кеткім келмейді. Бірақ Отанға қауіп төнгенде апталдай жігіт қалай үйде отырады. Майданға аттанып, жаудың көзін құртып келейін. Қабыкен ағамыз да аман оралып, әлі төртеуміз бақытты ғұмыр кешеміз. Сенің есіміңді әке-шешеміз жайдан-жай Қуат қоймаған шығар?! Олар сені қуатты, жігерлі болсын дегені ғой. Біз келгенше апайыңа өзің қамқор бол, жарай ма?, – деп алдында отырған бауырын қолтығынан көтеріп, басынан жоғары лақтырды. Қуаттың мәз-майрам болғанынан ағасының да көңілі көтеріле бастады.

Қош айтысар сәт жақындаған сайын Айбастың жүрегі шымырлай түсті. Өзінің майданнан аман-есен оралар, оралмасын ойлағандықтан емес, қарындасы мен інісінің жайы не болады деп қапаланды. Бұл – 1941 жылдың күзі болатын…

***

…Қабыкеннен хат үзілгелі бір жылдан асты. Күн артынан күн жылжыған сайын жаман ой Мәкеннің санасын бұғаулай берді. Айбастың ара-тұра жазған хаты көңілді жылытып жүретін еді, үш айдан бері одан да хабар жоқ. Мәкен сары уайымға салына бастады. Інісін құшақтап алып, көз жасына ерік беретін кездері жиілеп кетті. Күн ұзаққа ұжымшардың жұмысынан діңкесі құрып жететін ол үйге келген соң да тыным таппайды. Немере жеңгесіне үй шаруасына көмектесіп, түннің бір уағында жарғақ басы жастыққа әрең тиеді. Екі жетім бір-бірін құшақтап, жүректерімен бірін-бірі жылытып, ұйқыға кетеді.

Қуат сағыныштан күні бойы еске алған ағаларын түсінде жиі көретін. Бірақ, түске екеуі екі бөлек енеді. Бет-әлпеті анық көрінбесе де ұзын бойы мен кең жауырынына қарап, сағымдалған бейне үлкен ағасы Қабыкен деп ұғады. Ал Айбасты анық көретін. Інісін тамағынан иіскелей қыттықтап, аспанға лақтырып, екеуі мәре-сәре күй кешетін. Соңғы уақытта ол да түстен жоғалды. Қуатқа бұл ұнамады. Тіршіліктің тауқыметін ұйықтап жатқанда ғана сезбейтін ол ағаларын түсінде көрсе бақытты күй кешіп оянатын. Қанша күннен бері сол сезімге бөлене алмай жүр. Көңілге медет іздеп, олармен қоштасқан кездегі әр сәтін көз алдына елестетуге тырысады. Қабыкен әскер қатарына іліккенде ол төрт жаста болатын, көп нәрсе есінде жоқ. Ағасы соғысқа сол жақтан кеткен. Ал кіші ағасымен қоштасу сәті көз алдында. Айбас мінген атты арба оңтүстік-батысқа тартылған қара жолмен доңғалақтарын сықырлата ұзап бара жатты. Мәкеннің қолтығының астына кіріп алған Қуат қимастық сезіммен ағасы көкжиектен көрінбей кеткенше қарап тұрған еді…

***

Қуат ауылдың оңтүстік-батысындағы жолға көз сүзуді дағдыға айналдырды. Жақсылық хабарды осы жол әкеледі деген сенімін жоғалтпай жүрген-тін.

Жаздың аптап ыстығы басталғалы тал түсте ауылдың бала-шағасы мен ит-мысығын даладан көрмейсің. Ауылдағы азын-аулақ малды жиып әкеткен бақташының да қарасы жоғалған. Бастапқыда мал ауылдың маңынан ұзай қоймайтын еді, қазір алысқа айдайтын болыпты. Бригаданың жанында ғана қарайғандар көрінеді. Кеңшарға тиесілі бір-екі тракторды жөндеп жатқандар.Қуат үйдің қасындағы құдыққа қарай бет алды. Ондағы ойы тастай суық суға бетін жуып, салқындау. Биік аша бөрененің үстінде көлденең жатқан ағашты шынжыр байланған басынан тартып, шелегін құдыққа сүңгітті. Құдықтың да су тереңдеп кеткен. Қуат шынжырды ойнатып бір көтеріп, бір түсірді. Шынжыр ауырлаған кезде ышқына тартып, алақанын алма кезек ауыстыра отырып, шелекті алып шықты да құдықтың жақтауына қойды. Еңкейген күйі оң қолымен шелекті бір жағына қисайтып, суды өзіне төңкере салды. Мұздай суық суға денесі тітіркеніп, суығы өн бойынан өтіп, ызғар тісіне жеткендей болды. Діріл қаққан денесін жылытпақ болып, екі қолын қусыра кеудесін құшты. Төбеден қыздырған күн бойын жылытқан сайын көзін жұмып, басын шалқайта аспанға қарады. Осылайша аз-маз тұрды да көзін сығырайта аша бастағаны сол еді жанары оңтүстік-батыстан тартылған жолдың үстіндегі көрінер-көрінбес қараны шалды. Алыста болғандықтан адам ба, мал ма айыру қиын. Ауадағы сағым бейнені бұлыңғырлатып, анық көруге мүмкіндік бермейді. Қуат қара жақындағанша тосып тұрды. Адам бейнесі. 7-8 минут өткен соң әлгінің ұзын бойлы, кең жауырынды солдат екенін таныды. “Қабыкен ағама ұқсайтын сияқты”, – деп іштей ойлаған Қуаттың жүрегі дүрсіл қаға жөнелді. “Жоқ. Жүрісі ширақ екен. Оны әпкем маң-маң басып жүреді дейтін еді”, – деп өз-өзіне күбірлей тағы сөйледі. Кім болса да бөтен емес екенін сезіп, жүгіре тартты. Екеуінің арасы біраз жер екен. Ентігіңкіреп қалды. Жолаушы да алдынан шыққан адамға тесіле қарап келеді.  Қуат тани кетті. “Шамған. Шамған ағам ғой!”, – деп қуаныштан аяғына салмақ түскендей, орнында тұрып қалды. Әкесінің інісі Шамған да оны танып, аяғын алшаң басып, қасына тез жетті. Екеуі құшақтаса кетті…

 ***

 Мәкен апасының “Сен қар еріп жатқанда туғансың”, – деген сөзін құлағына құйып алған Қуат сәуір айының басында өзіне бір жас қосып отыратын. 15-ке толған жылы Қабыкен мен Айбастың соғыста қаза тапқанына іштей көндікті. Олармен бірге кеткен ауылдастарының келетіні келіп, қаза тапқандарының артынан “қарақағаз” жетіп, түгенделіп болған, тек оның екі ағасынан еш хабар жоқ. Адамның өлі-тірісін білмеген қиын екен. Тосуға жалықпас, бірақ, алаңдап өткен әр күн сағыныштан сарғайтып, жүрегін сыздатты.

1949 жылдың көктемі болатын. Қар еріп, айнала қара балшыққа иеленіп жатқан кез. Ат-арба тұрмақ, жаяу адамның аяқ алып жүруі қиын. Қуат таңертең ұйқыдан оянған кезде оңтүстік-батыстан тартылған жолға бүгін соңғы рет қараймын деген уәдеге бекінді. Оған себеп – бүгінгі түсі, ағалары берген аяны. Бірінші рет түсінде екеуін қатар көрді. Солдат киімінде. Қанталап кеткен көздері жүздерін сұсты көрсетеді. Қуат ағаларына құшағын жайып, қолын созып еді, жеткізе алмады. “Сен ораламын деп едің. Сертіңде тұрмадың”, – деген Қуат жыламсырап Айбасқа қарады. Ағасы басын салбыратып біраз үнсіз  тұрды да: “Бізді күткенді қой. Біз енді келмейміз. Ер жеттің. Өз бетіңмен өмір сүр”, – деді. Осы сөзден кейін олар көп бөгелген жоқ. Екеуі көпей бауырларына күлімсіреп бір қарады да, қатарласа бұрылып, оңтүстік-батысқа тартылған қара жолға түсіп, кетіп бара жатты…

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − three =