ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ «ҚАРАШАҢЫРАҒЫ»

0 677

IMG_9916

Қарашаңырақ – қасиетті, қастерлі ұғым. Қазақ әдебиетінің қазыналы қорына осындай қадірлі атты иеленген құнды дүние қосылды. Керегесі қара өлеңмен керілген «Қарашаңырақтың» иесі – Серік Сейітман. Ақынның «Қарашаңырағы» – бар өлеңінің басын құраған қарашаңырақ.

Жақында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты, «Шалқар»  радиосының бас редакторы, ақын Серік Сейітманның «Қарашаңырақ» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Алғашқы «Қазақтың қаны» кітабымен үндесіп жатқан екінші бұл жыр жинақ зиялы қауым мен оқырмандар тарапынан оң бағасын алып үлгерді. Алдыңғы толқын ағалары Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Көпен Әмірбек, Амангелді Кеңшілікұлы, Әшірбек Сығай тұсаукесердің қадірлі қонағы болып, Серік ақынның қазақ әдебиеті атты қарашаңырақтың табалдырығынан аттаған қадамына құт тіледі.

Ақынның өзі қолтаңбасымен қолыма ұстат­қан кітабына мен де бар зейініммен зер салып, әр бетін байыппен парақтап шықтым, «Қарашаңырағына» қонақ болдым. Сапалы қатталған кітаптың мұқабасы қарапайым әрі көркем. Шаңырақ бейнелі өрнек ақынның мөрі іспетті. Өлеңдері кереге болып өріліп, «Шумақталмаған ойлары» уық болып шаншылып, қазақы рух пен ділдің шаңырағын көтеріп тұрғандай. Өне бойы бір-бірімен берік байланысқан өлеңдер, сәнін ашқан сәтті суреттер, жалпы сырты мен іші әдемі үйлесім тапқан көркемдік шашауы шықпаған ұқыпты, жұп-жұмыр жыр жинағы екенін аңғартады.

Ал, енді «Қарашаңырақтың» қайнарына бойлап көрсек. Серік Сейітманмен арамызда болған әңгімеде автор кітаптың көксегені ұлт бірлігі екенін баса айтты. Аталар арманы – қалың қазақ бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай бірлігі тас-түйін бекем болуы. Оған Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» және жыраулар айтқан «Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін, жат бойынан түңілсін, бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз» деген сөз­дерін дәлел етті. Жинақтың «Қарашаңырақ» ата­луының мәні де осында. «Отбасыңа қалай жауапты болсаң, Отаныңа да солай жауапты болуың керек» дейді ақын. Ол ойын кітаптағы бір ғана «Қарашаңырақ» өлеңі айқын анықтап тұр. Өлең:

Қарашаңырақ!

Сенен асқан кие жоқ,

Атам кетіп, әкем қалған ие боп.

Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,

Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ, –

деп басталып бір отаудың қасиеті бүкіл Отанның қасиетіне қарай ойысады. Бастапқы шумақ соңында сәл өзгертіліп бір әулеттің ғана емес, дүйім жұрттың жүгін көтереді. Қараңыз:

Қазақстан!

Сенен асқан кие жоқ,

Бабам өткен, атам өткен ие боп.

Тасың түгіл, тасбақаң да аманат,

Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ.

Ақынның өз Отанына, ұлтына, тіліне, дініне бар болмысымен берілгенін әрбір өлеңінен байқауға болады. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген аталы сөзді одан әрі «Қаным бар – қаныма садаға!» деп аша түседі. Яғни, бір қазақ бар қазақ үшін құрбан болуға дайын. Мысалы, «Бәтеңке» атты өлеңінде «Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы, Мен тозайын қазақтың аяғында» дейді. Сондай-ақ, «Менің махаббатым» өлеңінде жан мен тәні бірлесіп түгел қазаққа қызмет етіп тұрғандай.

Серіктің қаламынан қоғамдағы белең алған дін мәселесі де тыс қалмаған. «Қазақтың ұлттық қадір-қасиетін күстаналайтын, қисынға кел­мейтін «бәтуалар» бірлігімізді ыдыратады» деп күйінеді ақын. «Келініме», «Мұсылман сипаты» сияқты өлеңдерінде осы жағдайларды тілге тиек еткен.

Қазіргі қарияларға көңіл толмаушылық «Ақсақал», «Сарқыт», «Серіктің батасы» өлеңдері­нен көрініс тапқан. Ал, «Кемпірлермен билегенді ұнатам» деген жырда қыз-келіншек­терді сынап-мінеу бар.

Арқалар жүгі бар жинақта «Мәңгілік елміз» деген салмақты ой жатыр. «Домбыра» атты өлеңде:

Нағыз қазақ арғы атамның баяғы,

Арғы өмірге аттап кеткен аяғы, –

деп өлмес рухты көрсетсе, «Менің ағаларым» өлеңінде:

Бәрі бір боп «тарих» дейтін ұстаға,

«Өлмес қазақ» ескерткішін жасатпақ, –

дейді. Ал, «Тәуелсіздік», «Мәңгілік Ел» өлеңдерінде Қазақ елі жайында асқақ сезіммен жырлайды.

Серік Сейітман бұл кітабын бар қазақтың бас қаласы Астанаға арнайтынын ерекше атап өтті. «Елорданың еңсе көтеруіне мен де бір үлесімді қоссам» деген жүрек сөзі «Есіл – ер», «Астанаға оралу», «Астана көшесінде…» өлеңдерінде айрықша кестеленеді.

Бұл көшімнің болмауы үшін арты азап,

Кей достарым суық деді Арқа жақ.

Тұтастығым көзден бұлбұл ұшпай ма,

Жылы жаққа ауа берсе әр қазақ! –

деп қазақ жерінің тұтас болуы ойтұтқасы екенін жеткізеді.

Отаншыл ақынның отты жырлары топтас­тырылған бұл кітаптың қарашаңырақтай қадірлі болуына тілекшіміз!

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + fifteen =