«Қара алтынның» құны және Қазақстан экономикасы

0 63

Жер-жаһанды дүрліктерген коронавирустың таралуына орай тұрақсыз ахуал «қара алтын» құнының құлдырауына ықпал етуде. Кеше әлемдік нарықтағы Brent маркалы мұнайдың бағасы 3 пайызға арзандап, бір баррельдің құны 32,7-32,9 АҚШ доллары көлемінде сатыла бастады. WTI маркалы мұнайдың да 1 баррелі 31,64 АҚШ долларына арзандады. Нарықтағы екі басты ойыншы – Ресей мен ОПЕК ұйымының 9 наурыздағы Венадағы алқалы жиында мұнай өндіруды қысқарту туралы мәмілеге келе алмауынан «қара алтынның» құны 30 пайызға бірақ құлдырағаны мәлім.Бүгінгі ахуал өте күрделі. Халық­аралық сарапшылар мұнай бағасының бұл жолғы құлдырауы 1997-1999 жылдардағы Сауд Арабиясы мен Венесуэланың арасындағы баға соғысы кезіндегі көрсеткішке дейін жетуі мүмкін деген болжам жасауда. Шынында да адамдар үйінен шықпай жұмыс істесе, ешкім жол жүрмейтін болса, демалыс кейінге шегерілсе, бұлардың бәрі отынға деген сұранысты төмендететіні анық. Дүние жүзін шошытқан жұқпалы дерт жаһандануды былай қойып, бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа ұрындыруы әбден мүмкін. Бұған қоса, елімізде доллардың бағамы күрт өсіп, 450 теңгеге жетті.

«Біздің үш түрлі сценарийіміз бар»

Мұнай өндіруші ел болып табылатын Қазақстанның жаһандық ахуалдан қалыс қалмайтыны анық. Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Бұл сауалға 10 наурыздағы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былай жауап берді: «Алдағы уақытта мұнайдың бағасы қаншалықты арзандаса да, біздің экономикамыз бәріне дайын! Өйткені әртүрлі бағалар бойынша сценарийлеріміз бар. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледік. Соның ішінде, пессимистік жоспар да бар. Яғни, Қазақстанның экономикасы мұнай бағасы қалай құбылса да, көтеруге дайын». Министр мұнай бағасының қалай өзгеретінін болжау өте қиын екенін айтты. Оның пайымдауынша, бұл үрдіске үш фактор әсер етті: біріншісі – нарықта мұнай көп өндіріледі, екіншісі – тәжді тажалдың кесірінен сұраныстың күрт кемуі, үшіншісі – ірі экспорттаушылардың арасындағы алауыздық.

«Мұнай бағасының түскені бізге жақсы»

«Қара алтынның» құнының түскеніне қуанамыз ба, әлде, мұңаямыз ба? Кейбір отандық сарапшылар мұнай құнының түскені бізге өте пайдалы, себебі ондай кезде халық Үкіметке экономикалық саясаттың сапасына қатысты қатаң талап қояды деп есептейді. «Мұнай бағасының төмендеуі ең алдымен геосаяси факторлармен түсіндіріледі. Екінші себеп, мұнай мен мұнайға ұқсас өнімдердің нарыққа көптеп шығарылуы. Үшіншіден, энергияның балама көздерінің үлесі артты. ОПЕК пен ірі мұнай өндірушілер арасындағы келіспеушілік те бұған әсер етті. Мұнай бағасының түсуі бізге өте пайдалы. Баға 20 АҚШ доллары болғанда да жақсы елдер бар. Қазақстан да солардың бірі» дейді экономист Қайырбек Арыстанбеков.
Оның пікірінше, мұнай бағасы қысқа мерзімде ғана 20 АҚШ долларына төмендеуі мүмкін. Алайда Үкімет пен Ұлттық банк осындай ықтимал сценарийге дайын емес. Өйткені біздің елдің бюджет, ақша және несие саясаты басқа сценарийлерге негізделген.

«Мемлекет білім беру саласына көмектесуі қажет»

Белгілі экономист-ғалым Жақсыбек Күлекеев мұнай бағасының құлдырауы қазақстандықтардың экономикалық әл-ауқатына теріс әсерін тигізетінін айтады. Оның пайымдауыныша, «қар алтын» нарығындағы жағымсыз құбылыстың ел бюджетіне әсерін сәл кейінірек сезінеміз. «Мұнай бағасы 40 АҚШ долларынан түсіп кетті, менің ойымша, биыл бұл үрдіс жалғаса береді. Мысалы, мұнайды басты тұтынушының бірі – Қытай. Бұл ел шикізат өндіруді сөткесіне 15 млн баррельден 12 млн баррельге дейін қысқартты. Өйт­кені ҚХР ішкі туризмді шектеді, елдегі жол жүрулер саны 70 пайызға кеміді. Соның нәтижесінде, мұнай өнімдерін тұтыну да азая түсті. Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядағы автокөлік шығару өндірісінің құлдырауынан металдарға, өзге де шикізат түрлеріне деген сұраныс кеміді. Металлургия саласында ірі жеткізуші болып табылатын Қазақстанның да табыс көлемі кемиді» дейді сарапшы.
Жақсыбек Құлекеев: «Меніңше, төтенше жағдай енгізу – мәжбүрлі, бірақ қажетті шара. Бұдан ең алдымен, білім беру саласы «соққы» алады. Әсіресе, мектепке дейін білім берудегі 600 мыңға жуық адамға мемлекет көмектесуі қажет. Көптеген адамдар мәжбүрлі демалысқа шығады. Оларға заң бойынша еңбекақы төлене ме? Осындай түйткілді мәселені тездетіп шешкен дұрыс» дейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды