Қар тазалау қарқынды

0 174

Бұл қарбалас күн өткен сайын жаңаша қарқынмен жалғасуда. Қала тазалығы қамымен, тұрғындардың талабымен, көше және ауланы қардан тазалау жұмыстары сенбi, жексенбi күндерi де тоқтамайды. Кеше Алматы ауданына қарасты қала сыртындағы тұрғын үй секторларының аумағы омбы қардан тазартылып, көшелер бiршама ретке келтiрілдi. Елордалық журналистер сол атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйiмен танысып қайтты.

Елордада көктемгі су тасқыны кезінде көбірек зардап шегетін жеке секторлар мен қаланың шет жақтарына баса назар аударылуда. Алматы ауданы бойынша қыс басталғалы Теміржол, Өндіріс, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурин кенттері аумағынан 800 мың текше метрден астам қар тасылып, қала сыртына шығарылды. Күн сайын қала бойынша қар тазалау жұмыстарына 2000 жұмысшы мен мыңға жуық техника жұмылдырылады.

Көктемде болатын су тасқынының алдын алу және елорда инфрақұрылымының үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуде арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, оған сәйкес iс-шара жоспары бекiтiлген.

Астананың аязды қысы бей-жайқарап отыруды көтермейдi. Сондықтан, аудан басшылары бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алған. Қар қалың түскен кезде жұмыс күшi мен автотехника саны бiрнеше есеге көбейтiледi.

– Көктем жақындағанда сай-саланы су алып, қатып қалған мұз ерiп, тұрғындардың жақын жердегi аялдамаға жетуі қиын болмас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Қаңтар айында елордада жауған қар айлық мөлшерден анағұрлым артық. Ақпан айының алғашқы онкүндігінде түскен қар да мөлшерден бірнеше есе көп. Егер ауа райы күрт жылынып кетсе, қар өте тез ериді. Осыған байланысты қазір су тасқынының алдын алу іс-шаралары қарқынды ұйымдастырылуда, – дейді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов.

Сонымен қатар, су тасқыны бұзып кетуі мүмкін осал деген тұстарды нықтау мақсатында «Астана Тазалық» ЖШС мердігерлік мекемесі күшімен жаңбыр сулары кәрізі, су жүретін арналар қар мен мұздан тазартылуда.

Бұл күні Алматы ауданына қарасты Бұқтырма көшесіндегі қарды тазалауға бірнеше техника жұмылдырылды. Жұмысшылар тәулік бойына осы аймақтағы 23 көшені тазалады. Аудан әкімінің орынбасары М.Айманбетовтың айтуынша, бұл көшедегі жеке үйлер өте төмен орналасқан. Кенеттен күн жылынып, қар ерісе, су алып кетуі ықтимал. Сондықтан, алдымен осы көшелерді тазалау жұмыстары қолға алынған. Жалпы, көктемгі тасқынның алдын алуға елорданың барлық ауданы бір кісідей атсалысуда.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − six =