Қар тасушыға жол берейік!

0 43

Табиғаттың тылсым күшін болжау мүмкін емес-ау. Биылғы қыс басталғалы Нұр-Сұлтан қаласында қардың түсімі қалың-ақ. Тынымсыз, жапалақтап жауа береді, жауа береді.  Күн сайын қала сыртына шығарылып жатса да, ­таусылатын қар жоқ.

«Өткен демалыс күндері елордада қардың бір айлық нормасы жауды. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Бір ғана Сарыарқа ауданының қар полигонына тәулігіне 200-300 самосвалға дейін қар шығарылады, олардың әрқайсысы 8 рейске дейін жасайды» деп хабарлады Елорда Инфо тілшісі.Елорданың әр ауданына қар шығаруға арналған арнайы полигон бекітілген. Мәселен, олардың бірі Көктал тұрғын алабына жақын жерде орналасқан. Мұнда Сарыарқа ауданында жиналған қар шығарылады. «Бүгін Сарыарқа ауданы бойынша қар полигонына 119 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қар көп жауған күндері бір ауысымда 5 мыңнан 7 мың текше метрге де­йін, ал аз жауған күндері 2-3 мың текше метр қар жеткізіледі» дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Тимур Шоданов.
Соңғы мәліметке қарасақ, аудан аумағынан тәулігіне полигонға 200-ден 300-ге дейін КамАЗ қар шығарылады. Олардың әрқайсысы күніне орта есеппен 6-8 рейс жасайды екен.Қала бойынша қар артушы машина жүргізушілері мен шопырлар, сондай-ақ тазалықшы жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, таңертеңгі 6-дан кешкі 6-ға дейін күндізгі, ал кешкі 21:00-ден таңғы 5-6-ға дейін түнгі ауысым жұмыс істейді.
Полигон аумағына барып келген Елорда Инфо тілшісі Әйгерім Мұсатаева қардың тау-тау болып жиналып жатқанын айтып, диспетчерлер жұмысы да тынымсыз екенін жеткізді.
«Жүргізушілердің жол қағазында мөртабан-сағат келу уақытын автоматты түрде белгілейді. Күніне түрлі машиналар келеді, олардың өзіне лайық кубатурасы бар. Рейстерді белгілеп алған соң жұмыс күнінің соңында кубатураны есептеп, жиналған ақпаратты диспетчерлік орталыққа тапсырамыз» дейді «Астана Тазалық» ЖШС қар полигонының операторы Азамат Қыздарбеков.
Оператордың айтуынша, биыл­ғы қыста өткен жылғыдан көп қар жауды. Машиналар күндіз де, түнде де бірдей мөлшерде қар шығарады.– Таңертеңнен жасыл сулы-нулы желектен қар тасып жүрмін. Мынау төртінші рейсім. Кешке дейін тағы бір шығарып үлгеремін. Қар ауыр, өйткені тым дымқыл. Жалпы, қар түсімі көп. Көбірек шығаруға да болар еді, бірақ күндіз көліктер көп жүретіндіктен кептелісте тұрып қала береміз, – дейді бізбен әңгімесінде КамАЗ жүргізушісі Серік Әлжанов.
Қардың қалың жауғаны жұртшылықты да бейғам қалдырып жатқан жоқ. Жеке секторда тұратындар үй ауласындағы қарды көше бойына шығарып жатыр.
– Бірнеше күн жауған қар, оған қоса бұрқасын едәуір әбігерге салып отыр. Мұндай қар көптен бері түспеп еді. Аудан басшылығының айтуымен ауладағы қарды үлкен көшеге шығарып жатырмыз. Ол жақтан машинамен тасып әкетуде. Қазір шығармасақ, онда қар астында қаламыз ғой, – дейді «Промышленный» тұрғын алабының тұрғыны, зейнеткер Сәлима Жұмағұлқызы.Жалпы, мамандар биылғы қыс ерекше қарлы болады деп болжап отыр. Өткен жылмен салыстыр­ғанда қар көп түсетіні айтылады. Олай болса, қар қарбаласына көпшілік болып атсалысайық, автожүргізушілер қар тасушы көліктерге жол беріп, қарға сүрінген қариялар мен балаларды демеп жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды