©2020 Астана Ақшамы
Қар қарбаластық туғызбауға тиіс
Осы апта ішінде елордаға қар қалың түсті. Сейсенбі күні Астана әкімдігінде осыған қатысты жиын өткізіліп, қала әкімінің орынбасары В. Крылов тиісті сала басшыларына міндеттер жүктеді.
– Қар тазалау жұмысы барлық аймақта тегіс жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге, Есіл өзеніндегі қауіпсіздік мәселесін қырағы назарда ұстаңыздар. Бұл іске құқық қорғау органы қызметкерлері де жұмылғаны жөн. Бастысы, қар тазалау кезінде қоғамдық көліктер кептеліске ұшырамауы қажет,-деді ол.
Ауа райын болжайтын мамандардың мәлімдеуінше, алдағы мерзімде қарлы боран болады. Бірақ, ол жеңіл түрде өтеді екен. Әзірге маңызды жолдарды қардан тазалау ойдағыдай атқарылуда. Бірақ, қамсыз отыруға болмайды. Техникалардың барлығы сақадай-сай әзір тұрып, барлық басқармалар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы керек.
709 техника жұмылдырылды
Қардың қалың түсуіне байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тек қаңтардың 14-нен 15-не қараған түнде қала сыртындағы полигонға 30 мың текше метрден астам қар шығарылды. Оның 17 875 текше метрін «Астана Тазалық» ЖШС күреп, тасыды.
709 қар күреу техникасы мен 349 жұмыс күші қаланың негізгі магистральдары мен жолдарын тазалауды қамтамасыз етті. Сонымен қатар, қалаға жақында қосылған кенттер, орамаралықтар мен аула аумақтарын қардан тазалауды қаланың басқа да субмердігерлік кәсіпорындары жүзеге асырды.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ