Қар қалың деп қамықпа

өркениетті елдер табиғат құбылысымен қалай күресіп жатыр?

0 41

Қар бүгін де түтеп тұр. Елордаға қаңтар айында 53 мм қар жауған. Бұл – үш айдың нормасы. 04.11.18-07.02.19 жыл аралығында 1 604 762 м3 қар жауып, сыртқа тасылса, биыл осы уақыт ішінде (04.11.19 – 07.02.20 ж.) одан 2 есе көп, 3 197 841 м3. қар шығарылған. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Арқаға 1964 жылдан бері дәл мұндай қалың қар түспеген. Ал Хоккайдоның (Жапония аралы) астанасы Саппороға қыстың үш айында 300 мм қар жауған. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласының жауын мен қарды қоса есептегендегі бір жылдық нормасы. Қаңтардың соңын ала үш күн бойы соққан алапат боран бізді әжептәуір састырғаны аян, оу, сонда жапондықтардың жағдайы қалай болды екен деп елеңдедік. Осыдан кейін, қыстың проблемасы тек бізде ғана ма, өзге өркениет­ті жұрт қармен қалай күресіп жатыр деген сауалға жауап іздедік.  Жалпы, қысы қатты елдердің ешқайсының шекесі шылқып отырған жоқ. «Қардың проблемасын» шешу үшін барша мемлекеттер бюджеттен қомақты қаржы бөледі. Мәселен, Канадада қыста жолды қардан тазалау­ға жылына 1 млрд доллар қарастырған. Швеция жыл сайын осы мақсатқа 200 млн евро арнайды – бұл қала бюджетінің жартысына жуық ақша. Мэриленд штаты жол аршуға бір жылда 50 млн доллар, Вирджиния штаты 79 млн доллар жұмсайды.

Канада

Канаданың климатын Орталық Қазақстанның жағдайымен салыстырып жатады. Үйеңкі жапырақ­тар елінде қардың қалың түсетіндігі соншалық, табиғаттың құбылысымен күресу мемлекеттік деңгейге дейін көтерілген. Қар тазалауға жергілікті билік те, халық та жұмылдырылады. Бұл елде қарды әдеттегідей әдіспен тазалаумен қатар, қар еріткіш техникалар кеңінен қолданылады. Ең бірінші рет, өткен ғасырдың 70-жылдары осы өңірде қар еріткіш технология дүниеге келді. Кешен сағатына 350 тонна қарды су қылып ағызып жіберуге қабілетті.
Бүгінде барша әлемде осы технология үздік саналады. Ол қары қалың, тасымалдауға қолайсыз әрі экономикалық тиімсіз аймақтарда кеңінен пайданылады. Батыс елдерінің көпшілігі қарды қала сыртына тасымай, мүмкіндігінше үйілген орнында ерітіп, сосын кәріз немесе нөсерсу жүйесіне ағызып жібергенді тиімді көреді. Қар 4 сатылы сүзгіден өтеді, өйткені қаланың барлық тұрмыс-тіршілігінің «нәтижесі» – көліктердің жанар-жағармай қалдығы, түтін тозаңы, химиялық реа­генттер қоспасы, басқа да қоқыр-соқырдың бәрі қар үстіне шөгеді. Көктемде қар ерігенде ол жердің үстіне қалып, экологиялық апатқа ұрындырады.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы да 2015 жылы канадалық екі қар еріткіш «TRECAN 60-PD» техникасын сатып алған. Және өнімділігі одан төмен тағы бір «қар еріткіш» бар. Әнеу­күнгі алапат борандарда полигондарға апарар жол жиі жабылып, көлік қозғалысы қиындаған күндері астаналық коммуналдық қызметтерге нақ осы «қар еріткіштер» көп көмек қылды. Қазір елордада 5 полигон бар, оның екеуі аузы-мұрнына шығып толды, биыл жаңадан тағы бір полигон ашылды.

Скандинавия және Орталық Еуропа елдері

Скандинавия (Дания, Финляндия, Швеция) – қар қалың жауатын өңір. Айрықша атап өтерлігі, мемлекеттерде көктайғақтың алдын алу үшін жолға реагенттер себілмейді. Түрлі химиялық қоспалар қоршаған ортаға зиян келтіреді әрі дөңгелек пен аяқкиімнің ерте желінуіне әсер етеді, тіпті үй хайуанаттарын табанын күйдіретіні туралы деректер аз емес. Сондықтан Скандинавияда оны пайдалануға тыйым салынған.
Хельсинки (Финляндия) – Еуропадағы қар ең көп түсетін мемлекет. Қар күрейтін техника мен жұмысшылар күні-түні күзетте. Қармен күресу ісінде қалалық билік пен үй басқарушылығының жауапкершілігі теңдей. Үй шаруа­шылықтары аулаларды, ғимараттардың шатырларын тазалау үшін жұмысшы жалдайды. Жиналған қарды полигондарға шығарады. Қала мэрииінің міндеті – көше қары. Бір қызығы, машиналар жолды аршығанда 80-90 км/сағ. жылдамдығымен жүйткіп жүреді екен. Бұл арнайы техниканың қуаты қаншалықты күшті екенін көрсетсе керек.
Швецияның аумағы ұзынынан да, көлденеңінен де метеостанциялар торабымен (800-ден астам) шырмалған десек, артық айтқандық емес. Қар таза­лау, боран-дауылдардан сақтану шараларының бәрі метеостанция­лардың ауа райы туралы хабарлама­ларына қарап ұйым­дас­ты­­рылады. Алынған ақпараттар негізінде жолдың жағдайы бақыланады. Швецияда реагенттердің орнына жолға ыстық суға араластырылған құм шашылады. Бұл қоспа жолдың тұтқырлығын 7 күнге дейін сақтап, көлік апаттарын кемітуге ықпал етеді.
Экологияға зияндылығына байланысты реагенттерден Орталық Еуропа да, мәселен, Германия да, Австрия да бас тартқан. Аталған мемлекеттерде қар қарапайым тәсілдермен таза­ланады, жолдарға түр­пілі материал­дар – гравия немесе тас қиыр­шықтар себіледі. Оны қайта жинап алып, бірнеше мәрте пайдалануға болады.
Дегенмен, ТМД-ның барлық қалаларында дерлік реагенттер пайдаланылатынын, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында жолға натрий хлориді, тұз бен құм аралас­тырылған қоспа себілетінін еске сала кеткен жөн.Жапония

Бұл мемлекеттің қиыннан қисын табатын тапқыр­лығына таң қаласың. Тіпті қарапайым қардың өзінен ақша жасап отыр. Күншығыс елінің солтүстік қиы­рындағы Хоккайдо аралында жолдан тазаланған қар оның екі қапталына үйіле береді екен. Қыстың ортасы ауғанда ол биіктігі 5-6 метрге жететін жал болып қалыптасады. Міне, осы тамашаны көру үшін шетелден туристер көптеп келеді екен.
Жапонияда қалалық қыз­меттер қардан күретамыр жолдарды аршумен айналысады. Жұмысты негізінен жұрт ұйқыда жатқанда, түнгі мезгілде атқарады. Аула ішін тазалау – тұрғындардың міндетінде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл елде қардың басым бөлігі тасымалданбайды, жолдың екі қапталына үйіледі. Дегенмен жапон қалаларының көпшілік көше жолдары мен тротуарлары қыста астынан қыздырылады. Соның нәтижесінде жауған қар бірден еріп кете береді. Мұндай қыздырылатын жолдар Канадада, АҚШ-та, Финляндияда, Норвегияда бар.

Исландия

Жолы болған мемлекеттің бірі – осы. Исландияда жерасты ыстық су көздері көп. Атқарушы билік табиғаттың сыйын көпқабатты ғимараттарды жылытуға және электр энергиясымен жабдықтауға пайдаланады. Сондай-ақ қармен күресте де ұтымды қолданады. Үйлерге ыстық су жеткізетін құбырлар көше жолдарының бойымен, асфальт астымен тартылған. Геотермальдық көздердің арқасында бұл елде қыста жолға төсейтін реагенттің де, құм мен қиыр­шық тастың да, тіпті қар тазалайтын машиналардың да қажеті жоқ: жауған қар өзі еріп кетеді. Табиғи құбылыс исландықтардың үйіне жылу мен электр энергиясы болып кіріп, көшесін қар жамылудан құтқарып отыр.АҚШ

Американың солтүстік штаттарында қар тазалау үш деңгейге бөлінген: коммуналдық қызметтер басты көшелер мен ірі магистральды тазалайды, шағын жолдар мен кішігірім көшелер – жеке компаниялардың еншісінде, ал өз үйлерінің айналасына тұрғындардың өздері жауапты. Егер үй иесі 24 сағат ішінде ауласын қардан аршып қоймаса, айыппұл төлейді. Бұл жүйе тазарту жұмыстарының жедел жүргізілуін қамтамасыз етеді. Аспаннан ақтүтек түтеп өткеннен кейін үш сағаттың ішінде қалалардың орталық көшелері тегіс тазаланып болады.
АҚШ-та көше жолдарын қардан аршуға арналған TowPlow тіркемесі ойлап табылған. Бұл құрылғыны тіркеген бір машина «үш тазалағыштың» жұмысын атқарады. Көлік жоғарғы жылдамдықпен жеткенде тіркеме кесе-көлденең бұрылып, жолдың бірнеше жолағын қатарынан тазалап кетіп бара жатады.

Мәскеу

Әдетте қар төпелеп жау­ған күндері Мәскеу билігі табиғат құбылысымен күреске 10-15 мың бірлік техника, 45-50 мың жол және аула тазалаушыны шығарады. Мэрийдің мәлімдеуінше, егер төтенше жағдай туындай қалса, жұмысшы санын одан да көбейте алатын көрінеді.
Қар тазалау жұмыстарына қаншама адам күші мен техника жұмылдырылатыны, ақша шығындалатыны өз алдына, Мәскеу билігі үшін жауған қарды үйетін жер табудың өзі күрделі проблеманың біріне айналған. Егер елордада қыс басталғалы 3 млн шаршы метр қар тасыл­ғанын ескерсек, Мәскеуде тек соңғы бір тәуліктің ішінде 500 мың шаршы метр қар шығарылған. Тәулік сайын мұнша қар түсетін болса, оны орналастыратын полигон шақ келе ме?! Полигондар проблемасын шешу үшін Ресей астанасы 2000-ші жылдардың басынан бері мобильді және стационарлық қар еріткіш станцияларды пайдаланып келеді. Олардың ұзын-саны 200-ден асады. Бірақ қар апталап жауған күні оның өз мәселені шешуге жеткілікті емес. Ғаламдардағы ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, ірі мегаполис қар тазалау жұмыстарына бір жылда 10-15 млрд рубль жұмсайды екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =