Қар көліктерге кедергі емес

0 25

Биылғы қыстың біраз мінезін көрдік. Бірнеше рет боран соғып, елордадан шығатын барлық бағыттағы күре жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Қар былтыр­ғы сәйкесінше мерзіммен салыстырғанда 2 есе көп түскен. Бүгін де түтеп тұр. Алдыңғы күні түнде қар тазалау жұмыс­тарына 1 377 техника мен 134 жол жұмысшы жұмылдырылған. 17 ақпанда қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 1 186 техника мен 1 396 жол жұмысшысы шықты. Қыс басталғалы бері шығарылған қардың көлемі 3 896 397 текше метр­ді құрады (312 357 рейс).Мұндай жағдайларда жолаушылар бір қаладан екінші қалаға жету үшін пойызға мінеді. Ауа райы қолайсыздық тудырып тұрғанда ең қауіпсіз жол – осы. Күн қанша құбылып, қар қаншалықты көп жауса да, елорда теміржолында кідіріс болған жоқ.
– Басты мақсатымыз – миллион тұрғыны бар қалаға жолаушылар мен жүктерді жеткізу. «Нұр-Сұлтан» стансасы арқылы тәулігіне 70-ке жуық пойыз өтеді. Бұл – 7 мыңнан аса вагон, мыңдаған жолаушы, мыңдаған тонна жүк. Жүк пойыздары Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Қостанайдан келетін вагондар тіркесінен қалыптасады, – дейді станса бастығы Қайрат Оразбаев.
Елордаға арналған жүк көлемі оны қабылдаушыға «Көлік сервисі орталығы» АҚ-қа қарайтын теміржол бойы­мен жеткізіледі. Биыл қардың қалың түскеніне байланысты жүкті уақытында жеткізу мақсатында теміржолды тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. «Көлік сервисі орталығы» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Мақсат Өмірзақовтың айтуынша, «Нұр-Сұлтан» стансасына келу жолдарынан қазірге дейін 20 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппараты мен оның еншілес кәсіпорындары қызметкерлері де қарды тазарту жұмысынан тыс қалған жоқ. Жоспарға сәйкес екінші және үшінші ауысымдар ұйымдастырылды.
– Қар шығару жұмыстары қазір де жалғасып жатыр. Ендігі мақсатымыз – су тасқынын болдырмау. Осы қауіп сейілгенше жұмысты тоқтатпаймыз. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – дейді М.Өмірзақов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 8 =