Қапаш ҚҰЛЫШЕВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі: «ХАЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫНАН АСҚАН АТАҚ ЖОҚ»

0 339

фотосессия2 003

– Жігерлі, батыл адам сияқтысыз. Оған қоса, әдемілігіңіз де бір басыңызға жетерлік. Кімге тартқансыз?

Нұржан, жас маман

– Мен атам мен әжемнің қолында өстім. Атам Құлыш – батыр болған, құралайды көзге атқан мерген еді. Тізесіне отырғызып алып, қисса-дастандар айтудан жалықпайтын. Ал, әкем – денелі, сұлу кісі, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 2003 жылы өмірден өтті. Сол кісілерге тартқан болуым керек. Ал, әдемілігім – бағым да, сорым да болды. Маған ғашық жігіттер көп еді. Алайда, ғашық болу, жігітпен дос­тасу сынды түсініктен ада-тұғынмын. Өйткені, әжемнің тәрбиесі сондай, ер бала сияқты өстім. Әрі мінезімде «дипломатия» болған жоқ. Сезімін білдіріп жатқандарға тарс еткізіп айтып, беттерін оп-оңай қайтара салатынмын. Тіпті, тұрмысқа шыққан кезімде де маған арнап ән шығарғандар бар. Ең қызығы, жолдасым Еркін: «Тірі күйеуі тұрғанда, бұлардікі қызық екен» деп отыратын. Жолдасым Еркін Слетдинов – белгілі саксофоншы. «Балдәурен», «Айналайын, қыз бала», «Қар жауып тұр», тағы да басқа танымал әндердің авторы. Қалада өскен, орыс мінезді жігіт. Әйтпесе, таяқтың астында қалар ма едім?!(Күлді).

 

– Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің дарабозы Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкіртісіз. Ол кісінің сыныбына қалай қабылдандыңыз?

Дана, магистрант

– Қазақтың маңдайына біткен бірегей әншімен алғаш кездесуім өте керемет болды. Біздің ауылда әр бағанада радио сайрап тұратын. Сұңқылдап концерт беріліп жататын. Неше түрлі қазақтың әндерін сол радиодан тыңдап, құлаққа сіңіріп, жаттап алатынбыз. Сол кезде Ғарифолла Құрманғалиевтің әнін көп беретін. Дауысын ерекше жақсы көретін едім. Тіпті, әншіні бір көруді армандадым.
Мектеп қабырғасын тәмамдап, мамандығымды таңдарда, «…Ғарифолла Құрманғалиев емтихан қабылдап жатыр» дегенді естідім және таң қалдым. Менің болмысыма оның адуын мінезі сай келетіндей көрінуші еді. Содан кейін барып, алдынан бір өтсем қайтеді деген ойға бекіндім. Бала күнімнен даусын естіп, соның әндерімен өскендіктен, нар тәуекелге бел байладым. Ал, ауылдағы туған-туыстар болса, «Әртісі несі!» деп қарсылық танытты. Оларға әжемнің жауабы дайын. «Жұмыстарың болмасын, өз балаларыңды бағыңдар. Менің балам әнші болады» деп ұрсып тастайды.
Арманымды арқалап Алматыға да келдім. Мұнда ешкімді танымаймын, вокзалда түнеп жүрдім. Қолымда чемоданым бар, оны арқалап вокзал мен консерваторияның арасында біраз күн жүрдім. Емтиханға келсем, алдымда 64 талапкер бар екен. Оларды бағып тұрсам, шетінен домбырашы, әнші. «Бұларға оқуға түсіп не керек, онсыз да ағып тұр ғой» деп ойлап қоямын. Солардың соңын ала мен де емтиханға кірдім. Үстімде – аппақ көйлек, өзі қып-қысқа. «Ал, бекер келмеген шығарсың, не білесің, айт» деді сынақ алушы Ғарекең. Әжемнің қолында өскен қызбын ғой, сөмкемнен орамалымды алып тіземе төсеп, аяғымды жауып қойдым. Ағаға бірінші сол қылығым ұнады. Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше» әнін, сосын алдына келіп тұрған соң, ағаның «Ақерке» деген әнін орындап бердім. Тапжылмас­тан тыңдады да, «даусың еркін, бояуы сұлу екен» деді. Іле-шала «Өзің де сұлу екенсің, мен сияқты арқаң бар екен, өзіндік өрнегі бар әнші боласың. Менің класыма түс» деп ризашылығын білдірді. Домбыра тарта алмаймын. Манағы 64 талапкермен қалай тайталасам? «Жоқ» дедім бірден. «Түспесең, Ғалиеваға айтқызып, құжаттарыңды қолыңа ұстатып, үйіңе қайтарып жіберем» деп қорқыта бастады енді. Жыламсырап бөлмеге келдім… Не керек, тағдыр маңдайыма жазса керек, Ғарифолла Құрманғалиевтің класына түсіп кеттім.

 

– «Қапаш» деген есіміңіз қандай мағынаны білдіреді?

Нұргүл, студент

– Анам мені босанарда үш күн толғатыпты. Содан үйге ауылдағы үлкен әжемді шақыртыпты. Ол біздің үйге жиналып жатқанда, тоқсан жастағы шалы өмірден озып кетеді. Бұл қаралы оқиғадан кейін менің дүниеге келуімді ауылдағы ағайындар жақсы ырымға балап, «Атаның орнын басуға келген ұрпақ, жолы үлкен болады» деседі.
Мен аршылған жұмыртқадай аппақ болып туыппын. Бұл кейпіме қарап ырымшыл әжелер: «Таң шапағымен таласа туған шақалақты Шапақ деп атайық» дейді. Ақылдаса келе, «Ерекше есім қойсақ, көз тимейді» деп, «шапақ» сөзін керісінше айналдырып, Қапаш деген есімге тоқтаған екен. Атамның Қатпас деген інісі бар еді. Ол да қалжыңдап, «Сенің атыңды маған ұйқастырып қойған» деп жүретін.

 

– Қазақстанның еңбек сіңірген әртістігіне сегіз рет ұсынылып, сегіз рет «сызылып» қалғанынызды біреу білсе, біреу білмейді. Бұл қалай болғаны?

Әсел, мұғалім

– Иә, ондай жағдайлар болған. Мүмкін биографиям келмеген шығар. Оған қоса, кезінде біраз ағалар сезімін білдіргенде, көңілдерін қалдырған болуым керек…
Бірақ маған ешқандай атақ керек емес. Мені сахна өсірді, халқым қолпаштап, құрметтеді. Тойларда әжелер батасын беріп, орамалдарын жауып, ықыластарын көрсетіп жатады. Халықтың бағасынан асқан атақ жоқ.

 

– Шетелге көп шықтыңыз. Дәстүрлі ән өнері сырт жақта қалай қабылданады екен?

Толыбай, қала тұрғыны

– Біз Америкаға барғанда көрермендер домбырамызға тамсана қарайтын. «Не деген үн?! Мұндай әдемі дауыс қайдан шығып жатыр?» деп сұрайтын. «Біз осы уақытқа дейін Италияның әні әдемі деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, қазақтардың да әуені керемет екен» деп таңданысын жасыра алмай жататын.

 

– Балалық шағыңыз туралы сөз болғанда, қандай оқиға бірден есіңізге түседі?

Толғанай, ЕҰУ қызметкері

– Мектепті 16 жасымда бітірдім. Көрші үйдегі қыз менен бір жарым жас үлкен еді. Ол мектепке барғанда, одан қалмай мен де бардым. Әжем матадан сөмке тігіп берген. «Бара берсін, кейін ұйқысын қимай қалып қояды» деді. Олай болмады. Ақыры, сол мектепті бітіріп шықтым.

 

– 1978 жылы Д. Қонаевтың өзі бас­тап барған Кубадағы дүниежүзілік жастар фестивалінде сіздің салған әніңізге, арыны күшті арқалы даусыңызға Фидель Кастроның өзі ризашылығын білдірген екен. Сол туралы айтып беріңізші…

Жақан, зейнеткер

– Сол концертте соңғы өлеңді мен айтатын болдым. Шошайып жалғыз өзім шықпайын деп, биші қыздармен бір түнде қойылым қойдық. Сосын маған ырғақты ән керек болып, «Гүлдерайымды» таңдап алдым. Концерт біткен соң, Фидель Кастро келіп қолымнан сүйіп, рахметін айтты. Кейін ел ағасы Қуаныш Сұлтанов қалжыңдап: «Қапаш, енді қолыңды жума» деп жүретін.

 

– Дәстүрлі әнді эстрадада орындаушылар көбейіп барады. Дәстүрлі әннің табиғатын жоғалтып алмаймыз ба?

Самал, тұрақты оқырман

– Әрине, ұлттық өнерді ұғына алмаған адам оны айтса, қалпы бұзылады, мәнін жоғалтады, табиғатын өзгертеді. Талаптарын сақтап, әуенін келістіріп шырқайтын болса, қай сахнада да қарсылық жоқ.

 

– Жарты ғасырға жуық «Гүлдер» ансамблінде еңбек еттіңіз. «Гүлдер» дегенде ел елең ете түсетін. Қазір ансамбльдің тыныс-тіршілігіне көңіліңіз тола ма?

Майра, зейнеткер

– «Гүлдерге» көңілім толмайды. Мен осы өнер ұжымында 44 жыл табан аудармай қызмет еттім. «Тарихсыз болашақ жоқ» дейді. Кезіндегі Ілияс Омаров, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлжиһан Ғалиева сынды саңлақтардың тәрбиесін көрдік. Біз солар салған жолмен келе жатырмыз. Қазіргі жастар шеттерінен жұлдыз. Бибігүл апа айтпақшы, «Жердегі жұлдыздың көптігінен, аспанда жұлдыз қалмаған шығар».
Бұрынғы «Гүлдердің» бағдарламасы да ерекше еді. Өйткені, «Гүлдердің» концертіне барған тыңдарман бүкіл қазақтың салт-дәстүрімен танысып шығатын. Сол концерттің ішінде ән айтысы, домбыра тартысы, күрес, айтыс, қазақтың қыз ұзату тойына дейін болатын. Ауылдарға барып, бір күнде 4-5 концерт қоятынбыз. Түннің жарымына дейін ән салатынбыз. Қазір ондай жоқ. Бастықтар өз жағдайын жасайды. Қарап отырып, жүрегің ауырады.

 

– Қапаш апай, сіз орындаған әндерді сүйіп тыңдаймын. Жалпы, ән салуды неше жасыңызда бастадыңыз?

Гүлмаржан, дәрігер

– Мен сәби кезімнен ыңылдап ән айтады екенмін. Соғыстан кейінгі уақыт. Анам жұмыс арасында келіп, мені емізіп кетеді. Сол кезде ембей, ыңылдап жатып алады екенмін. Сонда: «Осы қызым әнші болады-ау. Әншілігін көріп кетсем, арманым жоқ» дейтін көрінеді. Соны сезгендей-ақ, көп ұзамай 23 жасында дүние салды. Кейін бастауыш сыныпқа барғанда да тақпақтарды әнге қосып айтады екенмін.

  

Еркежан СӘТІМБЕК

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × two =