ҚАНЖЫҒАЛЫ ҚАРТ БӨГЕНБАЙ ЖОРЫҒЫ

0 906

Қазақтың ерлік дәуірінің аса дарынды тұлғасы, даңқты қолбасшы Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың өмір тарихы оқыр­ман қауым үшін қызықты да тағылымды. Қолынан жеті ханды өткерген, «көмекей әулие» атанған Бұқар жырау «қазақтың қамал-қорғаны» деп бағалаған Бөгенбай батырдың өмірі ХVІІ ғ. соңы мен ХVІІІ ғ. қазақ тарихымен біте қайнасқан.

Қазақ елінің тірегі болған ерлер әуле­тінің өкілі, Әз Тәуке хан заманында қазақ әскеріне басшылық жасаған Алатаудай Ақша баһадүрдің шаңырағында, Сырдың бір саласы Бөген өзенінің бойында 1690 жылы Бөгенбай батыр дүниеге келді. ХVІІІ ғасырдың ұлы жырауының бірі Үмбетей:
Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай! – деп жырлайды.
1697-1707 жылдары Түркістандағы хан ордасында тәрбиеленді, орда қызметкерлерінің балалары білім алатын Қарнақ медресесінде оқыды. Бөгенбайдың жас кезінде ғылымға бейімділігі, тақуалығы жөнінде шежіреде айтылады. Тарихи деректер ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында Түркістан өңірінің қазақ экономикасы мен саясатының орталығы болғанын дәлелдейді.
1708 жылы жаз айында Түркістан қаласында хан ордасында өткен жиынның шешімімен Бөгенбай жиыр­ма мың әскерді бастаған Әз Тәуке ханның жанында башқұрт халқының Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы көтерілісін қолдауға атанды. Қазақтың сол кездегі ең таңдаулы әскербасылары, сұлтандары қатысқан бұл ұлы жорық туралы Үмбетей жырау толғауларында айтылады:
Жапырағы жатқан
түйе таптырмас,
Балығы мол суға
жылқы жаптырмас,
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей,
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған,
Маралы қойдай шулаған,
Ұзыны шексіз, ені алыс
Еділден өттің, Бөгенбай!
Еділді жас күнінде асып келген Бөгенбай осы жорықтан кейін «Үкі батыр» атанды. «Алғашқы жорығы еді» деп тоқымқағарын жасаған шешелері жас батырдың дулығасына бір шоқ үкі бекітіп жіберіп еді.
1710 жылы үлкен да­йындықтан кейін үш жүздің баласының атсалысуымен Арал теңізінің солтүстігіне, Торғай мен Ырғыздың құяры Ақсақал-Барбы көлінің жағасында өткен Қарақұм кеңесіне қатысты.
1712 жылы Бөгенбай батыр өз бетімен әскер бастап Шығыс Түркістан аймағына алғашқы үлкен жорығына аттанды, өзі қатарлас жас батырлармен қоса қазақ кеңесі оның жанына соғыста, жаугершілікте тәжірибесі көп деп Абақұлы Абылай сұлтанды қосты.
1717 жылы Бөгенбай батыр Қайып ханның бастауымен Аягөз бойына қалмаққа қарсы бағытталған жорыққа қатысты.
1718 жылдың көктемінде Қайыпты Түркістанда жалғыз қалдырып, Бөгенбай бастаған қазақ рулары Сарыарқаға қарай көше бастады. Тек олардың жолын бір сәт бөгеген – қалмақ әскерінің Бөген, Шаян, Арыс өзенде­рінің жағасындағы қазақ ауылдарын шабуы.
1718 жылы Сарыарқаны жау қолынан қайтару басталды. Түркістандағы дағдарыс, Аягөз түбіндегі жеңіліс, Бөген, Шаян, Арыс бойындағы шайқастар Әз Тәуке заманында жайбарақаттылыққа, мейірбандылыққа үйреніп, жуасып қалған елді қайта ширатты. Сенетін сайыпқыран ханы, әскерін бастайтын хас сұлтаны жоқ дағдарған ел енді өзінің батырларының соңынан ерді.
1721-1722 жылдары Ресей мен Қазақ ордасымен арақатынастары шиеленісіп кетті. Ресей шекарасындағы ең қауіпті жағдайлар Ертістің орта тұсында пайда болды. Қазақ жауынгерлері Өскемен бекінісінен бастап Тобольскіге дейінгі аймақтағы орыстың ішкі қозғалысын тоқтатып тас­тады. Әсіресе, қиындық Тобольскі губерниясында болған.
Солтүстік шекарадағы соғыс қимыл­дарын тек 1723 жы­лы басталған «Ақ­­­та­бан шұбырынды» оқиғасы тоқтатты.
1723 жылы «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» басталды. Бөгенбай батыр
ұлт-азаттық кү­ресін ұйымдастырушылардың бірі болды.
1724 жылы Бөгенбай батыр бастаған қазақ батырлары Жайық қалмақтарын одан әрі тықсырумен болды. 1724 жылы қазақтың шабуылына ұшыраған Доржы Назаров орыстан Саратов жаққа қарай көшуге рұқсат сұрады.
1724 жылы Әбілқа­йыр ханмен бірге Бөгенбай батыр Түркістанды қалмақ қолынан қайтарып алды. Сол кезде Бұхара хандығында орыстың елшілігінде жүрген италиялық Флоро Беневени өзінің 1725 жылдың 15 қаңтарында Мәскеуге жазған хабарында «Шуно-Лау­зан (Сына батырды осылай атайды) қазақтан Түркістан қаласын жанындағы 32 қалашығымен бірге соғысып алған еді. Енді Әбілқайыр өзге қазақпен қосылып, Түркістанға қайта келіп, соны осы күнге дейін бағындырып, қолында ұстап отыр» дейді. Бірақ Түркістанды алғанымен, Әбілқайыр мен Бөгенбайдың оны ұстап отыруға күші аз еді. Бұрынғы заманда гүлдеп, көркейіп тұратын қалалық өңір жоңғар шапқыншылығы кезінде әбден жүдеп кетті. Бұл жағдай Әбілқайыр ханға да, Бөгенбайға да ауыр әсер етті. Екеуі де өз жастық шақтарын осы өңірде өткізіп, азамат болып атқа мініп еді. 1725 жылдың көктемінде қонтайшы тағы да Түркіс­танға қарсы әскер дайындап, жабдықтап жатыр деген
хабарды естіп, хан Әмудария бойына, Сырдың төменгі атырауына жинақталған кіші жүз еліне, Бөгенбай Сарыарқаға орта жүз еліне қарай ат басын бұрды.
1724 жылы Бөгенбай батыр Төле би және Бұқар жыраумен бірге қанішер Абы­лайдың немересі, Көркем Уәлидің баласы, Үргеніштен келген 12 жасар Әбілмансұрға қамқорлық жасай бастады.
1726 жылдың мамыр айының басында Бөгенбай бастаған қазақ батырлары
Ұлытау аймағын көздеп шық­қан Шуно-Дабо бастаған қал­мақ әскеріне соққы берді. Екі жақ әскер Шұбартеңіз жағасында түйісті де, бірден соғысқа еніп кетті.
1727 жылдың жаз айында қалмақ-қазақ арасындағы ірі соғыстардың бірі «Бұланты-Білеуті шайқасына» басшылық жасады. Бұл соғыс тек қана адам шығыны көптігінен ғана емес, екі елдің болашақ қарым-қатынасына, қазақтың азаттық күресіне шешуші қызметімен белгілі.
1729 жылы болған «Аңырақай шайқасына» қатыс­ты. Қазақ ауыз әдебиетінің, шежіресінің шын қамқоры, тарихшы және этнограф
Ә.Диваев пен М.Тынышпаев
жазбаларында бұл оқиға Бал­қаш теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауына таяу жерде, Ит ішпес Алакөл деген көл­дің маңында болды дейді.
1733 жылы Бөгенбай батыр Қалдан Серен ордасын шапты.
1734 жылы Бөгенбай батыр – Абылайдың орта жүз сұлтаны болуын басты қолдаған адамдардың бірі. Сабалақ атпен жасырын жүрген жас төре Шарышпен жекпе-жектен кейін Абылай атымен Арқаның қалың еліне сұлтан болып келді. 1734 жылы Абылайдың сұлтан сайлану оқиғасы Олжабай ақынның «Сабалақ – Абылай хан» жырында көрініс тапты:
«Қазақтың баласына
кек әперген,
Өзі – хан, атағы – Абылай
болсын!» десті.
Бұл сөзге бәтуасын берді
халық,
Ендігі жыл келмекке
сөз байласып.
Баянауыл, Сабындыкөл
басында,
Үш жүзге шықты Абылай
хан сайланып.
Мың жеті жүз отыз
төртінші жылында еді,
Үш жүздің басын қосқан
жиын еді.
Мәжіліс, сый-құрмет еткен
жері –
Қанжығалы Абыз –
Шомақ ауылында еді.
1740 жылы баш­құрт көтерілісшісі Қарасақалды қамқорлығына алды.
1740 жылы Ұлытау бөктерінде өткен қазақ кеңесіне қатысты. Бөгенбай батыр бұл кеңесте қалмаққа ақ үйді беруден бас тартуға шақырды. Ерлердің уәждерінен кейін Әбілмәмбет хан да, Қаз дауысты Қазыбек те көңілдерінде түйткіл көп болса да, Бөгенбай бастаған батырлардың жағына шықты. «Кемедегінің жаны бір» бұдан былай кеңесіп іс қылмаққа ақ қасқа мен көк қасқа сойып, Түркістаннан әдейілеп алдыр­ған қожаларына дұғасын оқытып, қариялары батасын жасап, уағдаға енді.
Осы мәжілістен кейін Әбілмәмбет, Абылай бастаған топ Орынборға орыстың генералы В.Урусовпен кездесуге аттанды да, Бөгенбай батыр Қаз дауысты Қазыбектің көмегімен елді қалмақтан келер қауіпке қарсы дайындауға, әскер ұйымдастыруға кірісті. XVIII ғасырдағы қазақ тарихының ең бір ауыр да, асыл да оқиғалары осы 1740 жылы өткен Ұлытау кеңесіне бастайтын себебі – осы.
1741 жыл Жоңғариямен соғыс жағдайында өтті.
Осы жылдың қара күзінде Бөгенбай батыр қалмақтарға Тобыл бойында соққы берді. Қараөткел тұсында әскердің орталық бөлігімен Абылай қала берді де, Бөгенбай Тобылдың жағасында шеп құрды. – Міне, осы жерде Септен тайшы алғашқы соққы алып, «Сүзекінің қолы» атанған қалмақ шабуылы тойтарыс көрді. Бөгенбай батырға Тобыл бойында шеп құру да, оған алдаусыратып Септен тайшыны алып келу де оңайға түскен жоқ.
1742 жылы Ор бекінісінде Ресей басшылығымен кездесті. Абылай сұлтанның қалмақ қолына пенде болуы Бөгенбайға да, қазақтың өзге азаматтарына да оңай тиген жоқ. Қарсы шапқан жауын тас-талқан қылатын жауынгер ел қапыда келген іске бола қатты қиналды. Қаз дауысты Қазыбек пен Бөгенбай батыр­дың 1742 жылдың күзінде Ор бекінісіне баруына да осы оқиға себеп болды.
1742 жылғы кездесуден кейін Ресей мен орта жүз арасындағы ресми қарым-қатынас ұзақ жылдарға тыйылды. Көзі тірісінде не Абылай, не Қазыбек, не Бөгенбай орыс­тың қазақ жерін қоршап, са­ңырауқұлақтай қаптап келе жатқан қалаларының біріне де бас сұқпай өтті. 1742 жылғы Ор кездесуі қазақтың кемеңгер басшыларына тек өздерінің күшіне ғана сену керек екенін тағы да ұқтырды.
1752 жылдың жаз айларында Абылай хан ордасындағы мәжілісте Қытайдың қалмақ жеріне енуіне байланысты Қазақ ордасының саясаты айқындалды. Осы мәжілістен кейін Бөгенбай бастаған қалың әскер шекаралық алқапқа тартып кетті.
1753 жылдың күзінде Бөгенбай батыр мен Қабанбай батыр арасында соғыс тактикасына қатысты дау болды. Оның алдында ғана Бөгенбай батыр Сайын Белек пен Үнемкей Жырғал ауылдарын шауып, дэрбет пен хоит ауылдарын тоздырып жіберді. Бұл әңгімелер Құрбанғали
Халид атты белгілі шежіре­шінің «Тауарих хамса» кітабында көркем баяндалған.
1754 жылы бұрын-соңды көрмеген жаңа мәселелер туындады. Қалмақ ордасы біржолата құлап, оның жерін Қытай алатын қауіп күшейді. Қазақ әскері екі бағытта топталып, Алтай мен Тарбағатай арасынан өтетін солтүстік бағытты Бөгенбай батыр бастады.
1755 жылғы Талқы асуы үшін болған соғыс. Сол жылы қазақ қосындары Қалмақ-
Толағай, Қабырға Базар, Еміл мен Қамар-Дабан арасындағы қалмақ ауылдарын тас-талқан қылды. Қалмақ үдере қашып, Талқының асуынан асып, Құлжаға қарай бағыт алды, оның ар жағында Қытайдың қалың әскері тұр деген сөз бар.
1756 жылы Бөгенбай батыр қазақ-қытай арасындағы шешуші шайқастарға жетекшілік жасады. «Оңтүстік және Солтүстік бағыт» аталатын мәнжүр нояндары бастаған қытай әскеріне шекаралық алқаптан бастап он бір рет соққы берілді. Осы жылдың күзінде Қарқаралы-Қазылық маңында Жарлы өзенінің бойында ауыр шайқастар болды. Одан әрі қытай қолы Баянауылда, Нияз тауларында Абылай мен Бөгенбай батыр бастаған қазақ қосындарымен күш сынасты. Қытайдың «Батыс бағыт» Дардана бастаған әскері Есілге таяп барып тоқтады. Оларға қарсы Абақ-керей Қожаберген, Қаракерей Қабанбай, Әмірсана қосындары соғысты. Қытай мен қазақ арасындағы соғыс­тардың ішіндегі ең атақтысы – Шідерті өзені бойындағы «Шүршіт қырған» соғысы. Бөгенбай бастаған қазақ жасағы қытайды Сарыарқа жеріне екінші рет келместей қылып осы жерде жазалады. Бірнеше ай бойы соғысып, еш нәтиже шықпай, Сарыарқаның сарышұнақ аязына ұрынған қытай көп шығынмен еліне оралды. Император Цяньлун бұл сәтсіздікке қатты намыс­танып, алдымен Іле бойында тұрғанда Әмірсанадан айырылып қалды деп әскербасылар Церен мен Юй Баоны өлім жазасына кесті.
1760 жылы қырғыздар Балабөген, Аса, Талас бойында отырып қаптаған дулат пен қоңыраттың ауылдарын шауып,

1771 жылы Бөгенбай батыр Абылайды Түркістанда ақ киізге отырғызып, хан сайлауды басқарды. «Шаңды жорық» қазақ батырларының, сайыпқыран ерлерінің басын майдан даласында қосқан соңғы жорық болды. Осыны есепке алып, Бөгенбай жорықтан қайтқан батырларға Абылайды ортаға алып, Түркістанға барамыз деп ханның туының астына жинады

қазақтың қазаны ашулы, әбдіресі шашулы қалды, бейбіт ел қырылды, қыз-келіншек, бала-шағаның бәрі олжаға түсті. Осы оқиғадан кейін Бөгенбай батырға айбалтасын қайта қолына алуына тура келді.
Қырғызбен алғашқы ұрыс­тар 1760 жылы болды. 1761 жылы Ресей патшасына жазған хатында Абылай ханның айтатыны осы соғыстың нәтижесі: «1760 жылы Ташкент тарапынан ұлы жүзге бардық, содан қырғыз деген жауымызды шаптық. Жаманын қырдық, қалғанын ел қылдық. Ақ үйлі аманат алдық һәм Ташкент, Бұхара, Самарқан шаһарларының ­ел­дері бір үйдің баласындай тұруға уағдаластық». Бөгенбай тәрбиелеген жас батырлардың ішінде бұл соғыста ерлік көрсетіп, аты шыққандар – Әлеке Алтын садақ, Серке, Әлібек, Наурызбай, Төлек, Олжабай палуан, Жаманқара, Абай сияқты қазақтың үш жүзінің ерлері.
1770 жылы қырғыздың Көкжарлы Барақ батыр бас­таған қосынын қырып, бастарынан Шу жағасында келте мұнара жасаған оқиғасынан кейін қазақ пен қырғыздың арасындағы ең шешуші айқас болды. Тұра өзенінің бойында басталып, Қызылсу мен Шәмсінің Шуға құяр сағасына дейін жалғасқан қанды қырғын тарихи шежірелерде «Жәйіл қырғыны» деген атақ алды. Жәйіл қырғыз Әтеке жырықтың қайын атасы екен, бірнеше ұлымен осы соғысқа қатысып қырылып қалған. Қырғызға қарсы со­ғыс Бөгенбай батырдың шау тартқан кезінде болды. Қазақ сардарының соңғы майданы еді. Бір жағынан азаматтарға ақылшы, ханға кеңесші бола­йын деп Абылайға ерді. Екінші жағынан екі туыс елдің бітімін көргісі келіп еді. Дәл мынадай қырғын болады деп ойламаған. Бітім оңайлықпен келген жоқ.
1771 жылы Бөгенбай батыр Абылайды Түркістанда ақ киізге отырғызып, хан сайлауды басқарды. «Шаңды жорық» қазақ батырларының, сайыпқыран ерлерінің басын майдан даласында қосқан соңғы жорық болды. Осыны есепке алып, Бөгенбай жорықтан қайтқан батырларға Абылайды ортаға алып, Түркістанға барамыз деп ханның туының астына жинады.
Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау осы жауынгер топты Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи жарықтықтың жатқан кесенесіне бастады. Ел-жұрт алдын ала естіп, дайындығын жасап жатқан, қазақтың ұлы тойларының бірі Абылай ханды үш жүздің баласы ақ кигізге көтеріп, қазақтың «алтын тағына» отырғызу салтанаты осылай басталған еді. «Қайырусыз жылқы бақ­тырған, қалыңсыз қатын құш­тырған, қайғысыз ұйқы ұйықтатқан» заманның бас­ты кейіпкері Абылайды хан тағына Бөгенбай мен Бұқар қолтықтап отырғызды. Екі алыптың қырық жыл бойы жүргізген күресі бір ғана мақсатқа бағытталған еді – қазақтың елдігін, мемлекеттілігін сақтау, жері мен суын сақтау. Осы жер, суға ие болар елдің азаматтарын өсіру, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, бала-шағасына қамқор болу.
1775 жылдың жаз мамыр айының ішінде Бөгенбай батыр Торғай өзенінің Сілетіге құятын сағасында қайтыс болды. Ереймендегі Қоржынкөл басындағы қыстауынан Бөгенбай ауылы жазғы жайлауы Сілетіге қарай ақырын көшкен сапары еді.
Батырдың соңғы сапары да жұрт қызыққандай еді. Бөкеңнің сүйегін алып, Сілеті бойынан аттанған көш Түркістанға дейін қалың елдің қадір-құрметіне ие болды. «Қасиетіңнен айналайын» деп еуразиялық көшпелілердің соңғы ірі стратегінің денесі салынған арбаның соңынан жүруші, тәу етуші көп еді, бәрі де Ахмет Яссауи пантеонына жол тартқан батырдың бір қасиеті ұлдарыма жұғысты болсыншы деп келеді. Батыр­дың соңында оның атын ешқашан тарих бетінен түсірмейтін тамаша жеңістері, істері қалды. Мына жалған дүниеде тіршілік жасаған адамға одан басқа не керек?!

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =