Қант диабеті және коронавирус

0 71

Бүгін – қант диабетімен бүкіләлемдік күрес күні. Қан құрамындағы глюкозаның мөлшері шектен тыс асып кететін эндокриндік аурумен күрес күні 2007 жылдан бері атап өтіледі. Басты мақсат – осы дертке шалдығатындардың ауқымы жыл санап көбейгеніне назар аударту. Деректерге сүйенсек, 14 қараша қант диабетіне қолданылатын инсулинді ойлап тапқандардың бірі Фредерик Бантингтің туған күніне орай белгіленген.

Былтырғы мәлімет бойынша әлемде 400 млн-ға жуық адам қант диабетіне шалдыққан. Қазақстанда осы диагнозбен 380 мыңдай адам тіркелген. Ал елордада былтыр осы аурумен 1864 адам тіркелсе, ол биыл 1145 адам болып, 700-ге кеміп отыр. Жалпы қалада 100 мың адамға шаққанда ауру көрсеткіші биыл 132,63 жағдайдан келіп тұр.
Диабеттің негізгі екі түрі бар: инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз түрлері. Алғашқысы ұйқы безі қызметінің бұзылуымен байланысты асқынады. Екінші түрі инсулинге әсершілдіктің жоғалуымен байланысты болады. Соңғысында адамның жасушалары инсулинге әсерінен айырылып, қандағы глюкоза концентрациясы көбейіп кетеді. Әдетте семіздікке бейім болғанда ауру тез асқына түседі.
Елордадағы №6 қалалық емхананың эндокринолог дәрігері Ғалия Үржанова аурудың бастапқы белгілері және қант диабетіне шалдыққанда қалай асқынуға жол бермеу керектігі туралы айтады.
«Адамдар қант диабетіне шалдығып, бірақ оны білмей өмір сүре беруі мүмкін. Кейде көбі аурудың белгілеріне де мән бермей жүре береді. Бірақ диабет біртіндеп ағзаны бүлдіре беретінін ескеру керек. Аурудың негізгі факторларына семіздік, генетикалық бейімділік, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, асқыну процестері жатады, соңғы жағдайда инфекциялық және қабыну аурулары ұйқы безінің бұзылуына әкеледі» дейді ол.
ДДҰ және Қазақстан мен Ресейдің эндокринологтары қауымдас­тығының мәліметтері бойынша қант диабетіне шалдыққан нау­қастар түрлі инфекциялар мен аурулар жұқтыруға өте бейім келеді. Себебі оларда қан құрамындағы глюкоза шектен тыс көп. Соның салдарында қан қоюланып, қанттың көптігінен онда түрлі инфекциялардың енуіне қолайлы «орта» қалыптасады. Себебі қанда қант көп болған кезде кез келген инфекция тез көбейеді.
«Коронавирус инфекциясының қаупі де дәл сондай. Сондықтан осындай созылмалы ауруы бар адамдар бізде қатаң бақылауда тұрады және ерекше күтімді қажет етеді. Коронавирус жұқтырған жағдайда, мұндай адамдардың бұрынғы ауруы инсультке апарады. Бірақ бір жаманы, олардың бойында сезімталдық қабілет кемігендіктен, өздері инсульт алып жүргенін білмей де қалуы мүмкін» дейді дәрігер. Сол себепті қант диабетімен тіркелген пациенттер дәрігермен байланысын үзбей, қазіргі карантин жағдайында сақтық шараларын өте қатаң сақтауы қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − two =