«ҚАНСОНАРДА» ҚЫЗЫҚ КӨП

0 158

кансонар

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Қансонар» журналының тұсаукесер рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Шараны басылым демеушісі – «Қансонар» республикалық қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ашып, жүргізіп отырды.

Алғашқы саны оқырманға жол тартқан басылымның бас редакторы – Сағидолла Көшімбаев. Қазақ баспасөзін тың тақырып­пен толық­тырған үнжария аңшылар мен табиғат жана­шыр­ларына арналған. Онда саят­шылық, аңшылық өнердің қыр-сыры мен еліміздегі сан түрлі жануарлар, жырт­қыш аңдар жайында кеңінен жазылмақ. Сонымен қатар, аңшылық құрал-саймандар, қансонардың қызықтары сынды танымдық мақалалар, салаға қатысты ресми құжаттар мен заңдар жарияланады.

«Қансонарлықтар» аңшылық шаруа­шы­лық­тарда зерттеулер жүргізіп, оның ауыл хал­қының әл-ауқатына оң ықпал етуіне, дәс­түрлі аң аулауды қолдауға, өңіріміздегі және шет елдегі аңшылық тәжірибелерді, браконьерлермен күресті насихаттауға қолғабыс етеді. Сондай-ақ, жануарлар мен кеміргіштер арасында залалды аурулардың таралмауына септігімізді тигізетін боламыз» дейді басы­лым­ның бас редакторы С.Көшімбаев. Ол рәсімге қатысқан қаламгерлер мен журна­лис­терді шығармашылық бірлікке шақырды.

Журнал жылына төрт мәрте шығады және республика аумағында тарайды. Басылым ұжымы алдағы уақытта халықаралық ақпарат алаңынан көріну жоспарлары бар екенін айтады.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды