Қаншалықты тиімді?

0 28

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында елордадағы мәдениет және спорт нысандарын сенімді басқаруға беру тиімді болып жатыр ма? Осы уақытта қай нысандар осы жүйемен басқарылып отыр? Болашақ жоспарлар қандай? Осы мәселелер Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында талқыланды.

Бүгінге дейін қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы коммуналдық мүлікті сенімді басқаруға беру бойынша 41 келісімшарт жасады. Соның ішінде сатып алу құқығымен 4 келісімшарт, сатып алу құқығынсыз 12 келісімшарт, жарғылық капитал мөлшерін толтырғанға дейін 25 келісімшарт бар. Осыны баяндаған аталмыш басқарманың басшысы Ерсін Өтебаев нақты нысандарға тоқталды.
– Теннис орталығы Теннис федерациясына 10 жылға сенімді басқаруға берілді. Бұдан бұрын мемлекет он жыл ішінде аталмыш нысанға 3 млрд теңге жұмсау жоспарлаған. Бірақ сенімді басқаруға берілгеннен кейін бұл сома 1,2 миллиард теңге болды. Үнемдеу – 1,8 миллиард теңге. Қалған қаржыны басқарушы компания жабады.
Өзен және кеме қатынасы мүлкін «Астана-Есіл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеті жылға сенімді басқаруға алды. Бұрын бұл нысанды ұстауға жыл сайын бюджеттен 170 миллион теңге жұмсалатын. Үнемдеуді жеті жылға есептесек, 1,2 миллиард теңгені құрайды. Серіктестік кемелерді жүргізуді өз мойнына алып, халыққа сапалы қызмет көрсетуі керек, – деді Е.Өтебаев.
Баяндамашы болашақта тек мәдениет пен спорт нысандарын ғана емес, саябақтарды, денсаулық сақтау және білім нысандарын сенімді басқаруға беру мәселесі қаралып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жекешелендіру емес, мәселе тек нысандарды басқаруда болып отыр, нысандар иесі мемлекет болып қала береді.
Өткен жылы Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі қала әкімдігіне қарайтын «Astana Venue Management» ЖШС-ке сенімді басқаруға берілді. Аталмыш компанияның бас директоры Мәлік Хасеновтің сөзінше, содан кейін бюджетке түсетін салмақ азайып, бұдан бұрын кірістен шығыны көп бұл нысандар пайда әкеле бастады. Енді аталмыш компанияға Жастар сарайы мен амфитеатр сенімді басқаруға берілмек.
Осы серіктестік «Барыс Арена» мұз айдыны сарайын да басқаруға алған. Қорытындысында коммерциялық табыс 200 пайызға өскен. Мәселен, 2018 жылы аталмыш нысанның бассейні жылына 18 млн теңге табыс әкелсе, өткен жылы компания қарамағына өткеннен кейін кіріс 240 млн теңгеге жетті.
Ендігі мақсат – мәдени нысандардың табысын арттыру. Себебі осы күнге дейін кірістен гөрі шығыс көп болып отыр.
– Тәуелсіздік сарайының көлемі 38 мың шаршы метрді құрайды. Өткен жылы бұл нысан 29 миллион теңге пайда әкелді. Бірақ шығыс 467 миллион теңгені құрады. Біз 8 мың шаршы метрді коммерциялық мақсатта жалға беруге болады деп есептейміз. Қазір 300 шаршы метр ғана жалға берілген. Нысанда бір реттік шараларды өткізу тиімсіз. Сондықтан осында балалар шығармашылығы мен спорттық дамуына жағдай жасамақпыз. Нысан биіктігі – 14 метр. Бұл гимнастика орталығын ашуға сәйкес келеді. Тағы 1200 шаршы метрді Бал биі мен арбамен би федерациясына жалға бермекпіз, – деді М.Хасенов.
Оның айтуынша, болашақта Тәуелсіздік сарайында Мейрамбек Беспаевтың домбыра мектебін, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның өнер мектебін, Динара Сәдуақасованың шахмат мектебін, Сәкен Майғазиевтің смарт-академиясын, Талғат Теменовтің кино мектебін, Айгүл Иманбаеваның музыкалық ­театрын ашу жоспарланып отыр. №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің көркем гимнастика тәрбиеленушілеріне ең жақсы алаң берілмек.
– Нысандарымыздың есігі мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым ашық болады. Барлық шығармашылық орталықтар – ақысыз негізде, ал мұндағы мектептер мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді деп отыр­мыз. Сабақтан тыс уақытта жан басына қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінің ережесі бойынша бұл сома бір балаға 1800 теңгені құрайды. Тиісті шаралар атқарылғаннан кейін Тәуелсіздік сарайының табысы 160 млн теңге болады деп болжануда, – деді М.Хасенов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =