©2020 Астана Ақшамы
Қаңтардың бірінде туылған 90 сәби
Қаңтар айының бірінші күні жарық дүние есігін ашқан сәбилер ішінде Нұрдәулет пен Бағдәулет Иманалиевтер – елордамызда осы жылы туылған алғашқы егіздер.
Алдарында Руслан есімді ағалары бар егіз нәрестені анасы – Балжан Иманалиева түске таман, сағат 12:30-дарда дүниеге әкелген. Дәрігерлер Балжанға жаңа жылдың алдында босанасың дегенімен, егіздердің метіркесіне «туған күні: 1 қаңтар» деп жазу бұйырыпты. Балжан өзі де бұлай боларын күтпеген. Қуанышын бөліскен ол: «Жылан жылы туғандар ақылды болады дейді ғой. Көрерміз өскенде. Әлі қыз туғым келеді»,- дей келіп, көңіл көкжиегіне жасырынған тәтті арманының бір ұшын қылтитып қалды.
Ал келесі сәбидің уақиғасы керісінше: ол қаңтар айының орта шеніне таман туады деп күтілген. Бірақ батырымыз жарық дүниені көруге асыққанға ұқсайды. 35 жасар Ақмаралдың толғағы кенеттен келіп, шекесі торсықтай ұл туыпты. Өзі: «5 қаңтар күні Осандық Қарабатырова әжеміз 91-ге келеді. Соған тосын сый ретінде бірінші шөберені өмірге әкеліп жатырмыз. Атын сол әжесі қоятын шығар,–дейді
Астрологтар жылан жылы туылған сәбилер терең пайымды және сараптауға бейім болады деседі. Қазақтың данышпаны Абай мен лирик ақын Мағжан да жылан жылы туған екен…
Ербол ЖАНАТ