©2020 Астана Ақшамы
Қаңтардағы ҰБТ емтиханы
Кеше елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу шаралары басталды.
18-20 қаңтар аралығында ҰБТ өткізудің 74 пункті базасында тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге қатысуға 35838 бала өтініш білдірген. Оның 25615-і – қазақ тілінде, 10162-сі – орыс тілінде, 61-і ағылшын тілінде тапсырады.
ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 444 адамнан тұратын мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Сынақ үшін 520 аудитория пайдаланылады.
Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына төрт рет, атап айтсақ, қаңтарда, наурызда, маусымда және тамызда тапсыруға болады. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысқысы келетін түлектер маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Жаңа норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілген.