Қандай кәсіптің нәсібі басым?

0 51

COVID-19 пандемиясы еңбек нарығына өзгеріс әкелетіні анық. Бірақ қалай болатыны әзірге беймәлім. Енді бәрі бұрынғыдай болмайды деген сөздің жаны бар.Алдымен бір жыл бұрын қандай мамандықтарға сұраныс болып еді. Еске түсірейік. Таңдауды қалай жасау керек? Елімізде қандай мамандар тапшы? Осы сауалдар туындағанда, сарапшылар болашағы баянды деген бірнеше мамандықтар тізімін ұсынды. Соның көшбасында өнеркәсіп өндірісімен байланысты инженерлік мамандықтар алдыңғы орынға шықты. Кәсіби инженерлердің, техникалық мамандардың және өндірістегі орта буын басқарушыларына тапшылық туындады деген болжам болды. Инженер-маркетологтардың және менеджерлердің қажеттілігі өнеркәсіптің барлық салаларында сезіліп жатыр. Одан соң логистика мамандары. Ең бас­тысы, бұл маман иесіне табысты мансапқа жету үшін сараптамалық ақыл және жүйелі ойлау, интуиция, қиын жағдайлардан тез шыға білу, адамдармен қарым-қатынас әдеттері қажет екен. Тағы бір мамандық – ол IT (ақпараттық технологиялар) саласының мамандары. Бұл мамандықтар бүгін де мәнін жойған жоқ, керісінше, қажеттілігі арта түсті.

Енді бүгін…

Биыл ғана емес, алдағы 30 жылда ақпараттық технологиялар саласы мамандарының еңбек нарығында бәсі биіктей бермек. Өйткені коронавирустың пандемиясы туындағанда қашықтан жұмыс жасауға жаппай көшу IT саласының өзін іргелі өзгерістерге алып келді және пандемия бағдарламашылардың қашықтан жұмыс жасай алатынын көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, болашақта бұл мамандықтың мәртебесі өсе береді. Ең келешегі зор мамандықтардың бірі ретінде адамзатты алға жылжытады деп сендіреді.
HeadHunter порталында да карантинде қашықтан жұмыс істей алатын HR-мамандарға деген сұраныс артқанын жазады. Осы порталда қашықтан қызмет көрсету мамандықтарының да тізімі жарияланған. Солардың қатарында интернет-дүкендерінің сатушы-менеджерлері, SMM мамандары, техникалық қолдау, маркетолог және жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкерлері тұр. Сонымен бірге жеке көлігі, самокат немесе велосипеді бар курьер іздеушілер саны да ерекше өскен. Олардың табысы бір ай ішінде 20 пайызға артқан.

Қандай мамандықтардың бағы таяды?

Коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін кейбір мамандыққа деген сұраныс азаяды. Қауіпті аймаққа ең алдымен тур­агенттер мен экскурсия жетекшілері түседі. Пандемиядан ең көп зардап шеккендердің бірі – саяхат саласы. Бұл туралы елде төтенше жағдай жарияланғалы жиі айтылып жүр. Өйткені карантин режиміне байланысты көптеген компаниялар өз жұмысын тоқтатты. Халықаралық және ішкі рейстердің тоқтатылуы бірқатар әуе компанияларының да қалтасын қағып отыр. Институт сарапшыларының ойынша, өзін-өзі оқшаулау режимінен кейін көптеген фитнес-орталықтардың клиенттері бұрынғыдай көп болмайды, ал тәжірибесі бар инструкторлар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болса, жас мамандар бәсекеге жарамай қалады дейді. Коронавирустан кейін билік пандемияға дейін басталған кейбір қызмет салаларында автоматтандыру және цифрландыру процесін жылдамдатпақ.
Бұған дейін IT алпауыттардың көшіне ілеспек түгіл, кәдімгі технологияны игеру қиын болып тұрған еліміз үшін енді пандемия кезінде және одан кейін бұл саладағы күрделі мәселені жеделдете шешуге мәжбүр. Сонда елімізде шынымен «компьютердің құлағында ойнайтын» мамандар аса қажет болары белгілі. Айта кетейік, енді жұмыс берушілер карантиннен кейінгі жаңа жағдайларға бейімделуге және жоғары ақы төленетін бос жұмыс орындарын ұсынуға да­йын. Мақаланы дайындау барысында мынадай қызықты әрі қажет мәліметті кезіктірдік. Футурологтар (болжаушылар) коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін қалалардың өндіріссізденуі басталады деп болжап отыр. Адамдар ауылға қайта бастайды. Ол үшін ауылдарда интернет болуға тиіс. Білімді халық үйінде отырып жұмыс істей алады, ол үшін ең алдымен сапалы интернет қажет. Интернет болса, олар қалада тұруға міндетті емес. Мәселен, биылдың өзінде Қазақстанның мыңдаған ауылына интернет қосылады. Демек, бұл – дизайнер, программистер мен суретшілерге және көптеген жоғары деңгейдегі мамандарға ауылға көшуге мүмкіндік береді деген сөз.

Түлектердің таңдауы қандай?

Бұл орайда осы қажеттіліктің орнын толтыратын – мектеп түлектері, талапкерлер. Болашақ мамандар уақыттың қазіргі сұранысын ескеріп жатыр ма деген көкейдегі сауалды жасырмадық. Елордадағы бір ғана мектептің биылғы түлектеріне сауалнама жүргізген едік. №76 мектеп-лицейінен биыл 126 оқушы бітірсе, соның 14-і – IT саласын, бағдарламашы мамандығын – 14 оқушы, 6-ауы – инженерлікті, 17 түлек медицина саласын таңдап отыр екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 7 =