Қандай кәсіпкерлер салықтан босатылады?

0 48

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес микро, шағын бизнес саласындағы және ар­наулы салық режимдерін төлейтін ком­пания­лар үш жылға табыс салы­ғынан және тексеруден босатылды. Бұл санатқа республика бойынша 1,2 млн кәсіпкерлік субъектісі кірді.2019 жылдың 11 айының есебі бойынша елімізде 8 трлн 514 млрд тг салық түсті. Мемлекеттік кіріс бюджетінің жоспары 101,3 пайыз орындалды. Респуб­ликалық бюджеттің таза табысы 6 трлн 219 млрд тг құрады. Енді мораторий жарияланғаннан кейін мем­­лекеттік бюджетке 200 миллиард теңге кем жина­луы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті.
– Өткен жылы микро және шағын бизнестен бюджетке 190 миллиард теңге салық жиналды. 2020 жылы бұл компанияларды және жеке кәсіпкерлерді салықтан босататын болсақ, бюджет 200 миллиард теңге жоғалтуы мүмкін. Бірақ біз оның орнын салықтық және кедендік әкімдеуді жетілдіру арқылы толтыруды көздеп отырмыз, – деді Ә.Смайылов.
Енді бизнес субъекті­ле­рінің жіктелуіне аз-кем анықтама бере кетейік. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің ережелеріне сәйкес, жұмыс­керлерінің жылдық орташа саны 15 адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі айлық есептік көрсеткіштің 30 мың еселенген мөлшерінен аспайтын жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғалар микрокәсіпкерлік субъек­тілері болып табылады. Заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі айлық есептік көрсеткіштің 300 мың еселенген мөлшерінен аспайтын (бұл – жылына шамамен 757 миллион теңге), кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Аталған ұйымдар жеке және корпоративтік табыс салығынан босатылатын болды.
Былтыр бас қалада 100 мыңға тарта бизнес субъектілері тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласы қалада жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалады. Кейінгі сегіз жылда оның саны бес есеге ұлғайған. Бұл салада 300 мыңның үстінде адам жұмыс істейді. Яғни әрбір үшінші астаналық тұрғын кәсіппен айналысады деген сөз. Салық түсімдерінің 53 пайызын шағын және орта бизнес берді. Ол – ақшаға шаққанда 560 миллиард теңге (1,5 миллиард доллар).
Мораторий кезінде шағын кәсіпкерлікті тексеру тыйым салынғанмен, бизнестің өзін-өзі реттеуін, қоғамдық бақылау күшейтілетін болмақ. Бірақ шағын кәсіпкерлік субъектілері заң бұзса, шара қолданылады.
Өткен жылы мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 27187 салықтық тексеріс жүргізген. Ол мұның алдындағы жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 28,7 пайызға аз. Тексерудің 6957-сі кешенді және тақырыптық бағытта өрбіді, оның 5089-ы шағын бизнес субъектілеріне қатысты (барлық тексерістің 73 пайызы).
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес мораторий науқанына іліккен субъектілер тек осы үш жылдық мерзім ішінде пайда болған салықтық міндеттемелерді төлеуден ғана босатылады. Сондай-ақ 2020 жылға дейін, яғни тыйым жарияланбай тұрып басталып кеткен тексерістер уақыттық шектеу­ге қарамастан толықтай аяқталуы ескеріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 11 =