ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШТАЙ

0 372

байтерек

2008 жылы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен «Бәйтерек» қайырымдылық қоры құрылған болатын. Шотқа қаржы қала әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырған қайырымдылық акцияларынан түседі. Қазір осы қаражат мүмкіндігі шектеулі мұқтаж балалардың емделуіне жұмсалуда.

Акция өткізілген жылдары (2009-2013 жылдарды қоса есептегенде) 96 бала жалпы мөлшері 103 500 000 теңгенің ақшалай сертификатын алып, барлық балаларға ел ішінде де, одан тысқары (Қытай, Ресей, Израиль, Германия, тағы басқа мемлекеттерде) жерлерде жоғары білікті медициналық көмек көрсетілді.

Одан әрі балалардың денсаулық жағдайлары жақсарып, ем-дом әсер еткені байқалады. Мәселен, Ксения Капиностың көзі нашар көретін еді, Новосібір қаласында ота жасалғаннан кейін көру қабілеті едәуір жақсарған. Ал, Айгүл Атабаева өздігінен тамақ іше алмайтын еді. Жақ сүйегіне пластина орнатқаннан кейін жағдайы біршама түзелді.

Даниал Қасымовтың жағдайы тіптен ауыр болды. Өздігінен қозғала алмайтын. Көру жүйкесі де ауыр дертке ұшыраған болатын. Қытайға барып ота жасалып, аяғынан тік тұрды. Қазір Даниал өздігінен қадам жасай алатын дәрежеге жетті. Осыған ұқсас ота Германияда Мәлика Дүйсебековаға да жасалды. Акцияның арқасында өмірге деген құштарлықтары оянған мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Әрбір акция сайын емделгісі келетін немесе оңалту кезеңінен өтуге тілек білдірушілер саны артып келеді.

Бүгінгі күні кезекті акцияда қарау үшін жалпы мөлшері 41 935 000 теңгеге отыз төрт өтініш түсті.

Акцияның қорытындысы Астана күнінен кейін шығарылады. Сондықтан, әрбір қала тұрғыны мен елорда қонағы мерекелік іс-шараға билет сатып алып, қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымдылық шарасына өз үлесін қосып, науқас балалардың сауығып кетуіне септесе алады.

Сағи ОРАЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =