Қанаты қатайған кезі еді

0 45

Журналистік еңбек жолымды бас­таған «Арқа ажары» газетінде бес жылдай істеп, шығармашылық жағынан әжептәуір төселіп қалған кезімде қалалық газетке ауысқан едім. Бұл «Ақмола ақиқаты» газетінің қанаты қатайып, оқырманы қалыптасып, қалалық зиялы қауымның бас қосатын бір ортасына айналған кезі болатын. Бұл 1995 жыл еді.Бір баспасөз мәслихатында кездескен сәтте «Ақмола ақиқаты» газетінің редакторы Кенже Жұмағұлов «Сыр­тыңнан байқап, жазғандарыңды оқып жүрмін, ара-тұра қалалық газетке де мақалаң шығып жүр, өзің осы елдің баласы екенсің, біржола біздің газетке жұмысқа келуге қалай қарайсың?» деген сауалын айтты. Арада көп уақыт өтпей-ақ «Ақмола ақиқатының» табалдырығын аттадым.
Айрандай ұйыған шағын ұжымның қатарына тез сіңісіп, жұмысқа білек түре кірістім. Келгеніме бірер ай өтпестен газет басшысы Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық шараға қатысу үшін іссапарға шығатын болды. «Ал, Ғалым, мен бір аптаға Семейіме баратын болдым, қане, алдағы нөмірге беретін негізгі материалдарды нақтылап алайық, ал қалғанына өзің ие боласың…» деген Кенже Жұмағұловтың сенім артқан сәті әлі көз алдымда. Жауапты хатшы міндетін атқарған Ерболат Тілеубергенов, тілшілер Кәкібай Жүсіпов, Қанат Мақышев, Нұрбек Жақанов, корректор Айсұлу Қасымова және машинист Күләш Садуова жұмысқа ұқыпты, тындырымды болатын. Әрине, ол кездің жұмысын қазіргі кезеңмен салыстыруға келмейді. Өйт­кені жұмыстың негізі қолмен атқарылатын, мәселен, редакцияда дайындалған газет макеті, материалдар көшірмесі, фотолар баспаханаға қолмен жеткізіліп, сондағы санаулы компьютерде қатталатын еді. Дәл осы кезде редакция жұмысына екі студентті тартқан едік. Олар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің студенттері Амангелді Қиясов пен Ерлібай Қадырбаев болатын. Екеуі де қабілетті екендерін көрсетіп, осы газетте жүріп әскерге аттанды. Отан алдындағы борыштарын өтеп келген соң оқуларын тәмамдап, «Ақмола ақиқатынан» еңбек жолдарын бастады. Қазір бұл азаматтар елімізге белгілі журналист, қаламгер болды.
Осы кезеңдегі есте қалған тағы бір нәрсе, қаланың басшысы Аманжол Бөлекпаев газет журналистерімен жыл сайын кездесу өткізіп тұратын. Үлкен кабинетіне шақырып, әрбір журналистке шәй ұсынып, тіптен шылым шегетіндерімізге күлсалғыш беріп, ашық әңгіме өткізетін. Осындай жиынның барысында қаланың тіршілігіндегі көптеген мәселелер айтылып, олар кейіннен біздің жұмысымызға арқау болатын еді.
Қала тұрғындарының төл баспасөзіне айналған «Ақмола ақиқаты» газетінің редакциясы шын мәніндегі рухани-мәдени, қажет десеңіз, қоғамдық-саяси орталыққа айналғандай еді. Қаладағы ұлттық мәдени орталықтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиі келетін. Ал біз өз тарапымыздан осындай көзі қарақты, саяси сауатты азаматтардың қатарынан қоғамдық негіздегі авторларымызды тауып, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін едік.
Отыз жыл бойы оқырман назарына ұсынылып келе жатқан кешегі қалалық басылым бүгінгі таңда «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетіне айналып, еліміз бен елордамыздың тынысы туралы тынымсыз жазып келеді. Ал газет қабырғасында елге танымал қаншама журналис­тер, жазушылар, ақындар еңбек етті. Қаншама жастар осы басылымнан өмір жолын бастап, асқақ асуларға қанат қақты, десеңізші?!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =