ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

0 110

IMG_4495

Былтырдан бері құлағалы тұрған үйлердің тұрғындары жаңа қонысқа көшіп, көңілдері бір марқайып қалған еді. Биыл да «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына енгізілген апатты үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба жалғасын табатын болады.

Жалпы Астананың қалыптасу жылдарында барлығы 12 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген екен. Үйді жеке қаржысына сатып алғандарды есептемегенде, мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылған бағдарламалар шеңберінде 110 мың отбасы меншікті баспаналы болған. Жыл сайын қалада бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілсе, былтыр бұл көрсеткіш 1 млн 100 мың шаршы метрге жеткен.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының басым бағыты болып табылатын апатты жағдайдағы үйлерді сүріп тастау жобасының қала үшін көптеген пайдасы бар. Ең алдымен, бұл – тұрғындарға тиімді. Бүгінге дейін ел аузында «Жуковка» деп аталып кеткен аумақтың тұрғындары салынғанына жарты ғасырдан асқан ескі үйлерде «қашан құлайды екен» деген үреймен тіршілік етіп жатқан-ды. Бағдарлама қабылдағалы осы мекеннің тұрғындары су жаңа үйлерге ие болды.

Екінші, пилоттық жобаға бөлінген мемлекеттің ақшасы қайтарымды. Бағдарлама бойынша құрылыстарды тұрғызатын «Елорда даму» ЖШС тұрғындарды қамтығаннан қалған үйлерді сатып, мемлекеттен алған қарызын қайтарады. Әрі коммерциялық тұрғын үйді сатудан түскен қаражат қайта инвестицияланып, құрылыс индустриясын дамытуға ықпал етеді. Мұндай өзін-өзі ақтайтын қаражатқа бола жергілікті бюджет те шығындалып әуре болмайды.

Сондай-ақ, пилоттық жобаны іске асыру аясында қаланың сәулеттік көрінісі де айшықтала түсетіні айтпасақ та белгілі.

Сонымен, пилоттық жоба аясында былтыр құлағалы тұрған 11 үйдің 139 отбасы қоныс тойын тойласа, биыл баспана алу бақытына апатты жағдайдағы 31 үйдің тұрғындары қол жеткізеді. Ал 2016 жылға дейін 3 мың отбасы жаңа қонысқа көшеді деген жоспар бар. Аталған бағдарлама аясында 2017 жылға дейін 228 апатты жағдайдағы үй сүріліп, тұрғындары жаңа үйлерге жайғастырылатын болады.

Елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған жоба бізге Анкарадан келген. Анадолы елінде сәтімен жүзеге асырылып, талай адамды баспанамен қамтамасыз еткен жобаның пайдасын енді астаналықтар да көріп жатыр. Алдағы уақытта пилоттық жоба күллі Қазақстан аумағын қамтымақ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − one =