Қанат бітіретін амал керек

0 56

Шағын ауылдың ортасындағы жалғыз құдықты жауып, құбыр тартып, ауыз суды әрбір үйге жеткізіп берген екен. Бірер ай ағып тұрған судың қызығын көріп болған соң, ауылдастардың «қап, су басында бүкіл ауылдың барлық жаңалығын біліп жүруші едік, енді бір-бірімізден хабарсыз қалдық қой» деп күйінгенін айтып, бір жеңгем күлдіріп еді.

Бұл сөздің жаны бар. Ауылда болсын, қалада болсын адамдар бас қосатын, пікір алысатын мүмкіндік іздейді. Әсіресе, қазақ жылқы тектес халық қой. Ит-мысығын құшақтап, үйде қамалып отыратын олар емес. Оларға дүбірлі ортада жүрмесе болмайды. Мына карантин жүріс-тұрысымызға тұсау болды. Бірақ жер бетінде талай індет келіп, талай ауру басылған. Бұл да соңғысы емес. Алайда бұл карантинге дейінгі және кейінгі тірлігімізді бағамдауға мұрсат берген сияқты. Асылды жасықтан айыра алатындай көзіміздің де нұрын ашты.
Енді елдің қадірлісі не болмақ, ортақ ойға топ­тастыратын не құндылық, не амал бар. Әлде бұрынғы жартас сол күйінде қалмақ па?! Қу басымыз қалмай домалайтын тойдың да дәуірі өткен сияқты. Байқаймын, соңғы кездері қаламыздағы саябақтар аясында елордалықтар жансаясын тапқандай, мұндай жерлер сүйікті орындарға айналып келеді. Астаналықтар үшін қуаныштымыз. Сонда да мұндағы біршама орындар, көптеген мүмкіндіктер қара халық үшін қолжетімсіз.
Қазақ негізі, көштің басындағылар жол көрсетіп, жөн сілтегенге үйренген халық. Дұрыс болсын, кейде жөнді болмасын, алдыңғылар қалай жүрсе, солардың ізіне ілесіп кете беруге бейім. Әсіресе, әсіре қызылға әуестігіміз өтірік емес. Осы қасиетіне қарай ауылдағыны қалаға жақындататын, мақсат мұраттарын асылдандыратын амал керек емес пе? Соңғы кездері қазақтың тойы осындай «отдушина» болды. Тәуір киініп сәнденіп, кірпікке кірпік жалғап, қасты керіп, шашты түзеп тойға жиналудың өзі рәсімге айналды. Оның да қызығы бар. Үнемі отбасы, ошақ қасы мал-жанның қамымен бойын көтермейтіндерге бұл да бір мереке. Әншейінде аяғы көтеріле бермейтіндер үшін сол тойдың сылтауымен ел-жер ауылдағысы қалаға, қаладағы ауылға. Міне осындай адам баласына өте қажет бір серпілістің орнын немен толтырамыз?!
Жақында әріптесіміз Дәулетқали Асауов дос­тарымен велосипед айдап отырып Абай еліне барып келді. Бәріміз тақымымызды қысып отырып, жігіттердің діттеген жеріне аман жетуіне тілекші болдық. Осы сапар жолға шыққан үшеудің әрекеті ғана емес, алыстағымызды жақындатып жібергендей әсері болды. Дәулетқалидың өзі де айтып отыр, жол бойы таныс-бейтаныс адамдар алдынан шығып, қарсы алыпты. Ел іші кең ғой. Осы халықты ізгілікке шақыратын ұлы істерге бастаудың бір жолы осындайда, батыл қадамдарда жатыр. Бұл ретте ақын-жазушымыз бар, басқа да белгілі руханият басындағы адамдар ел-елді аралап, өнеге көрсетсе қандай игі іс болар еді. Енді бірі кәсіп табуды үйретсе, олардан қазақшылықтың жолын үйренсе, жатбауыр болып кеткен ағайындардың жүрегін жылытып, ұлтшылдық рухын жаңғыртса қандай жарасымды. Одан бөлек түрлі мемлекеттік бар, мемлекеттік емес ұйымдар ауылдың жайын ойлап жүрсе. Қазір интернет бар дейміз, бірақ ақпарат адамын тапса ғана маңызды, бір құлақтан кіріп бір құлақтан шығып жатқанның жадында ізі де қалмайды. Ол біз ойлаған іске қолайлы емес.
Бар жоғы 18 миллионнан аспайтын азғантай халықпыз. Халықтығымызды көрсететін, елдегіні қалаға танытатын, ауылдағыға қанат бітіретін асыл көпірді орнатсақ қаладағының кіндігі ауылдан үзілмей, ауылдағының да көңілі тоқ жүреді деп ойлаймын. Осындай ізгі оқиғалар адамдарды жақындастырып, ұлт болып рухымызды тіктеуге көп әсері болмақ. Тек алғашқы қадамды аршындап басып, жолды жақындата беру керек. Күні кеше ғана жаман індеттен желкемізден ентігіп демалып, қай-қайсымыздың да жүрек түбінде жатқан адами қалпымызды бетіне шығардық. Шын қайғырып, мұңая алдық. Барша қазақ бір жалғызымыз екенін түсіндік. Ендігі күнде де осы бауырға деген ала көңілімізді асқақтатып, арлы іске бастайық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 12 =