Қан тазалығы қайда қалады?

0 83

Ата-бабаларымыз салт-дəстүрді берік ұстанып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Сондай-ақ балаларын үйлендірерде ру сұрасып, жеті атадан аспаса үйлендірмеген. Осының бәрін қанның тазалығы үшін, ұрпағының ақыл-есінің дұрыс, денінің сау болуы үшін жасаған. Жалпы алғанда, қан мәселесіне қай заманда да немқұрайды қарамаған. Тіпті арғы атасын білмегенді «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп сөккен.Айтпағымыз, бүгінде балалы болғысы келген қыз-келіншектер қайтсем де балалы боламын деген қағидамен жеті атасын түгендемек түгілі, тегі белгісіз, көрмеген, танымайтын ер адамның ұрығын сатып алып, жасанды жолмен бала көтере беретін болды. Жігіттеріміз азын-аулақ ақша үшін ұрығын сатып, әкелік жауапкершілікті мойнына алмай-ақ, алаңсыз бірнеше баланың әкесі болатынды шығарды. Бұл жағдайлар қазірге біреу үшін дұрыс шешім болып көрінетін шығар, бірақ келешекке індет. Бір кіндіктен тараған ұл-қыз­дарымыз ертең отбасын құрып жатпасына кім кепіл?! Сонда ғасырлар бойы сақтап келген қан тазалығы қайда қалады? Осыны бақылап, елеп-ескеріп отырған біреу бар ма?!
Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсыра алады. Қанша рет тапсырасыз – өз еркіңіз. Шектеу жоқ. Анкетада жүзі, руы, бойы, салмағы, мамандығы көрсетіледі, болды. Каталогтан көңіліңізге қонғанын таңдап аласыз, бітті. Статистикаға сенсек, жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді екен. Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Одан көп болуы да мүмкін.
Бұл мәселеде, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бізге қарағанда шетте шектеу көп екен. Мысалы, Италия бұған 2004 жылы тыйым салған. Жаңа Зеландия, Австралия, Қытай елдерінде бір ұрық 4 немесе 5 адамға қолданылады. Түркияда донор адам міндетті түрде өз туысы болуы керек. Ұлыбританияда бір донор тек 10 баланың биологиялық әкесі бола алады. Жаңа Зеландияда бір донордың аталық жасушасын төрт, Австралиядағы бес отбасыдан артық қолданбайды. Аталған елдерді алаңдатып отырған бір ғана мәселе екені белгілі. Ол – бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу, ауру бала санын азайту. Ал жеті атадан аспайынша қыз алыспайтын қазақ үшін бұл мәселе жауапкершілікті қажет етуі тиіс.
Осылардың бәрін ескере келе, болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау мақсатында:
– Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір базасын құру керек. Донорлар да тек сол орталыққа тапсырып, барлығы тек сол орталықтан ғана алып отыруды жүйелеу қажет;
– Бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу;
– Бір донордың ұрығын екі адамнан артыққа қолданбауды, барынша ашықтықты сақтауды қатаң түрде реттеуді ұсынамын.

Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + fourteen =