«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қан қысымы көтерілсе…

0 6  282

Бәрімізге белгілі, қан қысымымен («гипертония»: гипер – артық, көп; тонус – қысым, сығым) жер шары тұрғындарының 40 пайызы ауырады екен. Еліміздегі кардиология институтының 2015 жылғы дерегі бойынша қазақстандықтардың 27 пайызы осы кеселге шалдыққан. Оның 11 пайызы ғана дәрігер кеңесін ескеріп, ем-домын да үзбей, қалыпты өмірін сүріп жатыр. Осы ретте Астана медициналық университетінің интернатура бойынша ішкі аурулар кафедрасының ассистенті, №1 клиникалық аурухананың базасында кардио­логиядан сабақ беретін жоғары санатты дәрігер-кардиолог Райхан Ешимхановамен әңгімелесіп, қан қысымына қатысты адам ағзасындағы өзгерістер мен аурудың алдын алу жайында кеңес алдық.

– Адам қан қысымының көтерілу себептерін анықтап, тиі­сінше емделмесе, бұл тонометр­дің сынап бағанасы бо­йынша көрсеткен жай цифрлар емес екеніне көп ұзамай көзі жететін болады. Алайда ол сәтте кеш болуы мүмкін. Бұл кеселден жүрек, ми, қан тамыр­лары, бүйрек жұмысы зардап шегіп, оның асқынуынан адам инфаркт, инсульт алып, тамырларының тромбозы бүйрек қыз­метінің жеткіліксіздігіне алып келуі мүм­кін.
Тонометрдегі жоғарғы сынап бағанасы – систоликалық қысым, ал төменгісі – диастоликалық болып бөлінеді. Егер медициналық тілмен түсіндірсек, жоғарғы систоликалық қысым – жүрек жиырылғаннан кейін ағызылған қанның тамырларды кеңейтуі­мен түсіндіріледі. Десе де, бұл тек жүректің ғана емес, жүректің ең үлкен тамыры – аорта қысымының қарсыласу күшіне байланысты.
– Онда әрбір адамның қан қысымының систоликалық көрсеткіші 130-дан, ал диас­толикалық 80-90-нан жоғары болмауы керек. Оны білеміз. Бірақ себепсіз күнде өлшеп жатпаймыз. Ал «давлениеміз» көтеріліп, дәрігерге көрінгенде «гипертоникалық криз» деп жатады. Сонда қалай?


– Өкінішке қарай, бұл ауру ұзақ уақыт бойы ешқандай клиникалық көрініс бермейді. Науқастар ауруды асқынғанда ғана біліп, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бұл – адам ағзасының маңызды мүшелерінің саулығының төмендеуінің нақты белгісі.
Мұның соңы миокард инфарктісі мен инсультке алып барады. Статистикалық мәліметтер бойынша қазір инфарктпен салыс­тырғанда инсульттен көз жұмып жатқандардың саны басым. Гипертонияның бастап­қы кезеңдерінде бас мүлдем ауыр­май, тек жұмыс қабілетіңіз төмендеп, ұйқыңыз бұзылып, жаяу жүргенде шаршап, шамалы ентігуіңіз мүмкін. Негізгі қауіп факторларына темекі шегу, артық салмақ қосу, қандағы қант деңгейінің жоғарылауы, қимыл-қозғалыстың аз болуы және жиі стрестік жағдайларға түсу жатады. Қауіп тобына 65-тен асқан ерлер мен менпаузасы басталған әйелдер кіреді. Қазір кесел жасарып келеді.
Скринингтен өту кезінде қан қысымын, қант құрамын, жалпы холестерин мөлшерін, дене массасының индексін тегін тексереді. Дегенмен егер кенеттен бойын әлсіздік жайлап, аяқ-қолы мен тілі ұйып қалса, оның алдында кіші дәреті тоқтап, жүрек тұсы ауырлай бастаса, онда жедел жәрдем шақырған дұрыс.
– Жедел жәрдем жетем дегенше қарекет ету керек болар?
– Әрине, аяқастынан қан қысымы көтеріліп, систоликалық көрсеткіші 160-тан асып бара жатса, жедел жәрдем жеткенге дейін каптоприл (25 мг) ішіп, қан қысымын уақытша тез түсіруге болады. Әрі қарай тек дәрігердің нұсқауымен емделеді. Уақытылы гипертонияны емдеу жүректі, миды, тамырлар мен бүйректі ауыр асқынулардан қорғайды.
– Көбіміз «давлениенің» ал­дын алып көк шай ішеміз. Сүлік салып, хиджама жасатамыз. Бұл дұрыс па?
– Көк шайдың дәл гипертониялық ауруға септігі шамалы. Керісінше, көп су ішіп одан са­йын жүрек жұмысына ауырлық жасауы мүмкін. Бұл ем емес. Сүлік, хиджама сияқты халық емдері біздің науқастарды біраз жаңылыстырады. Одан біршама оң өзгеріс болғанымен, басты емдеу жолы емес. Барлық созылмалы аурулардай гипертонияның да емі күнделікті ішіп отырған дәрі-дәрмекпен түзеледі. Дұрысы, гипертонияға алып келетін әдеттерімізді қайта қараған жөн.
Қазір қан қысымын өлшейтін тонометрді сатып алудың қиындығы жоқ. Егер қан қысымы тұрақты болмай мазаңыз кетсе, дәрігерге көрінер алдында үш күндей қан қысымын тексеріп, қағазға жазып отырыңыз. Тәулігіне бес рет өлшеген дұрыс.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды