ҚАМШЫМ БАР ҚЫРЫҚ ТАСПА

0 190

Қазақ өмірінде  қамшы қол өнер туындысы, күш-қуат құралы, сый-сияпат белгісі саналады. Қолға алсақ – қару, артыңда қалса – мұра екені тағы белгілі. Бұрынғының батыр-бағбандары,  сал-серісі, жақсылары мен жайсаңдары қамшысын қолынан тастамаған. Қамшысын ортаға тастап топтың алдында суырылып сөз сұраған, кезегінде ән салып, жыр жырлаған. Қолына қамшы ұстаған жігіттің еркелік екпіні, жігері еселенген. 

Қамшының өрімі иі қанған өгіз терісінен өріледі. Әр ауылда айтулы өрімшілер болған. Олар қайыстың әр талын қырлап, бұрап бедерлеп, үз­бе­леп көздің жауын алатындай етіп өріп шығады. Үшеу­ден бастап қырық таспаға дейін жетеді. Таспа са­ны көбейген сайын өрім жұмырланып, күрделене тү­седі.

«Қолымда бір қамшым бар алты таспа,
Сөзімді ұнамаған алып таста.
Сонда да сөзімді салмақтарсың,
Кісіге сыр ашпап ем, сенен басқа».

Сабы – тобылғыдан, елік, киіктің сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып шашақталған қамшы өте бағалы әрі сәнді болады. Қазақ жүйрік атсыз, қамшысыз болмаған. Бұл өмірдің қызығы біткенін де қамшының қысқа сабына теңеген.

Салт-дәстүрде қамшыны ұстаудың жөн-жо­сық­тары болған. Жайшылықта қамшыны екі бүк­теп­ ұстайды. Үйге кірерде киіз үйдің белдеуіне қыс­тырып та қояды. Жаяу жүргенде қамшының өрі­мін­ салбыратып ұстауды әдепсіздікке баласа, салт ат­ты жол көрсеткенде, саусақпен емес, қамшымен нұс­қаған.

«Атта қамшың болмаса қолға ұстаған
Жүрмес, жуас жабы да көнбес саған.
Ата-бабаң жөн сұрай қалса,
Ат үстінен қамшымен жол нұсқаған».

Қамшының қасиетін айтып тауысу қиын.

Айгүл РАХТАЕВА,
«Назарбаев орталығы»
экскурсия бөлімінің бастығы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 1 =