«Қамқорға» қамқорлық қажет

0 13

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары елорда әкімдігіне қарайтын «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Ақмола облысы Ақкөл ауданы Сосновый бор кентінде орын тепкен мекеме 2005 жылы ашылған. Мұнда 18 жастан асқан, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан медициналық қызмет пен күтімге мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта орталықта 365 адам тұрып жатыр.

Мәслихат депутаттары мекемені аралап, қызметкерлермен әңгімелесті, ем алушыларға жасалған жағдаймен танысты. Олар сапалы медицинамен, күтім көрсету қызметтерімен қамтылған. Спорт залы, тренажерлық зал, кітапхана, еңбек терапиясы кабинеті, стоматологиялық кабинеттер стандарттарға сай жабдықталған. Орталықта әлеуметтік, тұрмыстық, психологиялық, еңбекке тарту және құқықтық көмек көрсетіледі. Мекемеде тұрып жатқан жандар мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, белсенділік танытады.
Алайда проблемалар да жоқ емес. Мұнда дәрігерлер және басқа да қажет мамандар жетіспейді. Атап айтқанда, психиатр дәрігер, невропатолог, медицина бөлімшесінің меңгерушісі, дефектолог, музыкалық жетекші, мәдени шараларды ұйымдастырушы қажет. Қалалық мәслихат депутаты Назгүл Мақжанованың айтуынша, тиісті мамандар мен білікті жас кадрларды тарту, орталық қызметкерлерді ведомстволық баспанамен қамту үшін орталық аумағында тұрғын үй салу керек. Бір айта кетерлігі, бұл мәселе бойынша Ақкөл ауданы әкімдігімен жер телімін бөлу туралы келісім жасалған.
Мекеме ауласында ем алып жату үшін үш коттедж салынған. Бұл коттедждерге де жөндеу жасап, қажетті қондырғылармен жабдықтау керек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға лифт қажет. Мекеме аумағындағы спорт алаңын, «Лабиринт» атты психологиялық жолақтарды ретке келтіріп, абаттандыру керек. Бұған қоса, емделушілерді тасымалдау үшін кем дегенде 45 орындық автобус пен кроссовер типті жеңіл көлік қажет. Басты мәселенің бірі – «Қамқорда» ем аламын дейтін адамдардың қарасы қалың. Көп адам кезекте тұр. Бірақ орталықтың олардың бәрін қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қосымша корпус салу қажеттілігі туындады.
Бұл мәселелердің бәрі қалалық мәслихат депутаттарының назарына алынды. Жақында мәслихат отырысында қаралатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − six =