«Қамқор» кімге қызмет көрсетеді?

0 80

Анаңыз, әкеңіз я бауырыңыз тосыннан төнген қатерде аман қалғанмен, есін жоғалтып, жүйке ауруына тап болса нендей әрекет етесіз… Немесе нәрестеңіздің дамуы күн өткен сайын кешеуілдеп, психоневрологиялық дертке душар болғаны анықталса ше? Өскен сайын кері мінезі көбейіп, көктем сайын ауруы асқынғанға да бойыңыз үйренеді. Ішіп отырған асты аударып, бетіңізге ыстық шайды шашып жіберуі – бер жағы. Мұндайда ауылдағы ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған көршіміз «бала ғой, айтқанға көнбесе, таяққа көнеді» дейтін. Ал сол көпке көрсетпей, төрт қабырғаға тығып өсірген ұлыңыз ержеткенде, қызыңыз бойжеткенде қалауыңызға көндіру тіпті қиындайды. Ондайда үнемі жанынан бір елі ажырамай, бас-көз болатын адам керек. Ал егер өмір бойы асырап келген анасы дүниеден өтсе, жалғыз қалған жанға кім пана болады? Туысқандары масыл көріп, қоғам қажетсіз санаса, көмек – мемлекеттен. Ақмола облысындағы қарағайлы орман ортасында 350 жанды қанатының астына алған «Қамқор» әлеуметтік орталығы бар. Бір күнімді аталмыш мекемеге арнап, тыныс-тіршілігімен танысып қайттым.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2005 жылы құрылған, он сегіз жастан асқан, психоневрологиялық аурулардан зардап шегетін, күтімге, тұрмыс­тық және медициналық қызметке мұқтаж адамдардың өмір бойы тұрақты тұруына арналған.
Қазіргі уақытта орталықта психоневрологиялық аурулары бар 350 азамат көмек алады, оның ішінде 219-ы – ер адам, 131-і – әйел кісі. Мекемеде – 51 зейнеткер, І топтағы 71 және ІІ топтағы 279 мүгедектігі бар жан қызмет алуда. Барлығы 256 қызметкер жұмыс істейді, емделушілерді кемсітушілік, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылықтан, қорлаудан, дөрекі қарым-қатынастан қорғайды. Оларға әлеуметтік қызмет көрсетудің 8 түрі: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық жағынан қолдау көрсетіледі.
Мұнда жаңадан келгендер ортаға бірден сіңісіп кете алмайды. Сондықтан психологтар әрбірімен жеке-жеке пікірлесіп, мінез-құлықтарын зерттейді. Басқалармен тіл табысуды үйретеді. Байқағаным, олардың көңіл-күйі тез өзгереді. Кейде себепсіз, жеңіл нәрсе үшін де күйзеліске түседі. Кенеттен қарқылдап күлуі мүмкін. Бала сияқты. Жаныңа келіп, кәмпит сұрайды, құшақтауыңды өтінеді. Айналасынан мейірім, махаббат, жылулық іздейтіні жанарынан-ақ аңғарылады.
Орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаевтың айтуынша, мұнда 18 жастан бастап 1929 жылғы қызмет алушыға дейін бар. Олар бұл жерді үйіндей көріп, өзін әке деп атайды екен.
«Орталықтағылардың жас шамасы әртүрлі. Соған қарамастан олар мені әке деп атайды. Себебі бір отбасымыз. Жылына 3 айға үйіне барып қайтуына болады. Мұнда бірде-бір туыс-туғандары жоқ жандар бар. Көпшілік оларды туғандары теріс айналғандықтан осында түсті деп ойлайды. Әсте олай емес. Себебі психоневрологиялық ауытқушылығы бар 18 жастан асқан азаматтарға үлкен қамқорлық керек. Үйде үнемі жанында жүріп, қадағалап, көңіл бөлмесе, түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мен ата-­аналардың жағдайын түсінемін. Оларға оңай емес, жұмыс істеп басқа бала-шағасын асырауға, жетілдіруге тиіс. Шарасыздықтан осында алып келеді, бір келгенде сағынысып, жылап қауышып жатады. Көбіне орыстілді орта. Бізде барлығы бар, бұл – олардың қоғамы, ортасы. Мұнда білім алып, спортпен айналысады. Бізде шаштараз, сұлулық салонымыз, дәрігер, стоматолог та бар. Қалада мұзқалашықты қыруар қаражат жұмсап салып жатса, біз өз қолымызбен тұрғыз­дық. Барлық жағдай жасалған, орталықтан алысқа ұзап қажет емес. Осы жерден оларды ақтық сапарға да шығарып саламыз. Қуанышқа орай, өткен жылы 5 азаматтың денсаулығы жақсарып, өз отбасымен қауышты» дейді ол.
Ем алушылардың ешбірін ақыл-есі кем деуге қимайсың. Себебі спорттық додаларда талайы жеңіс тұғырынан көрінген. Марапат, медальдар молынан. 2013 жылы Оңтүстік Кореяның Пьенг Чанг қаласында қысқы арнайы Олимпиада ойындарынан 5 алтын және 2 күміс медаль. Сол жылы Люксембургте үлкен теннистен 2 алтын, 1 күміс иеленген. 2015 жылы АҚШ-та пауэрлифтинг бойынша: 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль және 4 орын. 2016 жылы Ресейде, Санкт-Петербург қаласында өткен пауэрлифтингтен жазғы спорт түрлері бойынша Арнайы олимпиаданың Бүкілресейлік Спартакиадасында 4 күміс, 8 қола медаль иеленген. 2019 жылы төрт қызмет алушы Абу-Дабидегі Бүкіләлемдік жазғы арнайы Олимпиада ойындарына қатысып, үздік бестікке енген. Бұл – бір парасы ғана.
Орталықта 100-ден аса азамат спортпен тұрақты түрде айналысады. Олар пауэрлифтинг, шаңғы, конькимен сырғанау, дойбы, шахмат, шағын-футбол, волейбол, үстел теннисі бойынша жаттығады. Ал спорттан алшақтары ағаш цехтары мен тігін шеберханаларда еңбектенеді. Туындылары көрмелерге қойылып, түрлі сайыстарға жолдама алады. Сонымен қатар ән, би сабақтары да бар. Өнерлілері жақын маңдағы ауылдар мен аудандарда ұйымдастырылатын мерекелік кештерге қатысып, өзге жандарға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
«Осы мекемеде тұрып жатқаныма біраз болды. Нақты қанша жыл екенін білмеймін. Бұл жер маған ұнайды, барлығымен жақсы араласамын. Хорға қатысамын, би билеймін, құрбыларыммен әңгімелесемін. Менің достарым көп, олар мені жақсы көреді. Бір-бірімізді қатты сыйлаймыз. Тәтем, ағатайым, жеңгем, жиендерім бар. Алла жазса, жақында келеді. Мен оларды күтіп жүрмін. Олар мені сағынатындарын үнемі айтады, жиі хабарласып тұруымды өтінеді. Келесі айда оларға қоңырау шаламын. Көп уақыт сөйлеспеймін, 10 минут қана, себебі бірлігім бітіп қалады. Сізбен сөйлесемін деп шаршап қалдым» деді Сақып Нұрмағанбетова.
Ал Мұрат Асқарұлының айтары басқа. Оның да туғандары бар. Балалар үйінде тәрбиеленіп, кейіннен осы орталыққа түскенде мұндағы мамандарға айтып жүріп, олардың телефон нөмірлерін анықтапты. Жанымда жүрмесе де, барын білетін бауырларыммен тілдесіп, сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақытқа бөлендім дейді ол. Алайда сол қоңырау соңғы болған сияқты, олар 10 жылдан бері бірде-бір рет хабарласпаған, кездесуге келмеген, тұтқаны да көтермейді…
«Осы орталықта 14 жылдан бері тұрамын. Бұл жер ұнайды, тек анда-санда көңіл-күйім болмай қалатыны бар. Себебі еркіндікті аңсаймын. Бұған дейін 14 жасымнан балалар үйінде тұрдым. Бос уақытымызда ән айтамыз, билейміз, спортпен айналысамыз. Елордада 2019 жылы чир-хип-хоп бойынша бірінші орынды иелендім. Оралдағы спорттық сайысқа қатысып, екінші орын алдым. Жеңіс үшін Сауд Арабиясына да бардық. Бұл жерден шыққан соң, жұмыс тауып, қоғамға бейімделіп кеткім келеді. Мен аяқ киім тіге аламын, техниканың тілін түсінемін. Аманжол, Асқар, Слава деген достарым бар. Бұл жердегі қызметкерлермен өте жақсы араласамыз. Менің нағашыларым бар. Бірақ 10 жылдан бері араласқан жоқпыз. Бір рет осы мекемедегілер нөмірлерін тауып берді, өзім хабарласып сөйлестім. Бірақ содан кейін сөйлеспедік. Қазір хабарлассам, олар тұтқаны көтермейді. Ең алғаш рет олардың даусын естігенде менен бақытты адам болмады, сол бір сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қуандым, қуат алдым. Әрине, олар келіп, алып кеткенін қалаймын. Тым болмаса, келіп тұрса ғой. 9 жыл болды, мүлдем сөйлескен жоқпыз. Олар қанша қаласа, сонша рет хабарласа алады ғой. Бірақ еш хабар жоқ. Ал неге хабарласпайтындарын өзім де білмеймін» деп күндердің күнінде бұл орталыққа алғысын айтып, қалыпты өмірге оралатынын айтты.
Өз ортасында тоқыма тоқумен танылған Зульфия Нұрланқызының тұрып жатқанына 7 жыл. Мұнда келместен бұрын аспаз болып жұмыс істеген екен. Болашақта ем-домын алып, денсаулығы қалыпқа түскен соң, бұрынғы қызметіне қайта оралуды армандайды.
«Осында емделіп жүрмін. Денсаулығым жақсарып келеді, бұл жерде барлық жағдай жасалған. Ал кемшін тұсы бостандықты аңсайсың. Бос уақытта тоқыма тоқимын. Сурет салатыным да бар. Орталықта достарым көп емес, екеу ғана. Қызметкерлермен жақсы араласамыз. Сәлеміміз түзу. Менің туған бауырларым жоқ. Анамның 5 сіңлісі бар. Анам дүниеден озғанда, бір сіңлісінің қолында тұрдым. Оның үйінде 14 жыл болдым, сосын нағашы әпкемнің жүрегі сыр берген соң, осы орталыққа беріп жіберді. Олармен анда-санда сөйлесіп тұрамыз. Хабарлассам, бірде жолда, енді бірде жұмыста болады, қолдары тимейтінін айтады. Ал өздерінің неліктен хабарласып, хал-жағдай сұраспайтынын ойлай бастасам, көңіл-күйім түсіп, оларға іштей өкпелеймін. Туыстарым мені бұл жерден алып кетсе, мен оларға масыл болмайтын едім. Керісінше аяққа тұрып, мықты болу үшін барымды саламын» дейді ­Зульфия Нұрланқызы.
«Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бас шаһардан 135 км қашықтықта, Ақмола облысы Ақкөл ауданы Урюпинка ауылдық округінде, 003 есептік квартал, 255 ғимаратында орналасқан. Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма аралығында 9:00-ден 17:30-ға дейін.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 14 =