Қамқа тонның хикаясы

0 200

«Назарбаев орта­лы­ғы­ның» Қасиет залы­на қо­йыл­ған Абылай ханның қамқа тоны ел мә­де­ние­тін­дегі елеулі жәдігердің бірі екендігі белгілі. Оны көзінің қарашығындай сақтап келген Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауда­ны­ның тұрғыны Хамзе Сәтжанов деген ақсақал. Елді елең еткізген оқиға туралы осы істің басын­да­ болған мемлекет жә­не қо­ғам қайраткері М.Жол­дас­бековтың мерзімді басылымдарда сұхбат беріп, мақалалар жариялаған болатын.

– Біздің айтпағымыз, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ қауымының саяси-әлеуметтік өмірі мен руханиятында айырықша роль атқарған Байдалы би Бекешұлы жайында болмақ. Оның немере ұрпағы Хамзе Сәтжановтың айтуынша, Абылай хан дүние саларда ата салтымен оның қамқа тоны бел баласы Уәлиге тиген. Уәли дүниеден озғанда, аманаты бойынша шапанды әйелі Айғаным Байдалы бидің иығына жабады. Байдалы би 96 жасында қайтыс болып, келер жылы ұрпақтары қазіргі Ақмола қаласына қарасты «Анар» стансасының аумағында ат шаптырып, ас бергенде Көксырғанақ пен Абылайдың қамқа тонын бәйгеге тігеді. Екі жүз ат қосылған аламан бәйгеден бидің немере інісінің тұлпары бірінші болып келіп, тонға да тұлпарға да ие болады. Шабандоз – Х.Сәтжановтың атасы екен. Ол – 92 жасында қайтыс болады. Ұрпаққа аманат болып қалған тон ол кісіден Хамзенің әкесінің қолына тиіп, сол әулетте сақталған.

Байдалы би Абылай және Уәли хандардың тұсында билік айтқан шешен әрі көсем болған. Абылай хан Байдалы биді «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп ерекше құрметтеген. Бұл Абылай ханның Байдалы бидің ақыл-парасатының кеңдігіне берген бағасы болуы керек. Кезінде «Абылай аспас Сарыбел» атанған тұлға осы Байдалы би, – деп, мұражай құндылықтарын есепке алу, сақтау, қалпына келтіру және консервациялау қызметінің бастығы Раушан Коскина, бізді тарихтың бір дерегінен хабардар етті.

Жасы ұлғайған Байдалы би 1821 жылы дүниеден қайтқан Уәли ханның намазына бара алмаса да бірнеше күннен кейін келіп Айғанымға көңіл айтады. Сонда «Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң қалай болады, – деген екен Байдалы би.

– Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін.
Үміт, сенім, тілек бар,
Қуантып қуат алдырар.
Жылау деген азап бар,
Қуартып отқа жандырар.
Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ,
Қайратыңды қолдағалы келдім»

Міне, ата дәстүрін, халқымыздың шежіресі мен шешендік жолын дәріптеген қасиетіміздің дәлелі болып қамқа тон қалың көпшіліктің алдына қойылды. Асыл қазынаны тұтас халықтың көзайымына айналдырған ұрпағына қалайша риза болмассың.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 2 =