ҚАМКӨҢІЛ ЖЕТКІНШЕКТЕР «ДУМАНДЫ» ҚЫЗЫҚТАДЫ

0 137

ERA_0652

«Думан» ойын-сауық орталығында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған экскурсия және жаңа форматтағы 3D суреттерінің тұсаукесері өтті. Шараның ұйымдастырылуына Есіл ауданы әкімдігі, «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық филиалы, елордалық жастар мәслихаты және «Думан» ойын-сауық орталығы ұйытқы болды.

Көңілі жарым жеткіншектерге барынша көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыруға, интеллектуалдық дамуын жетілдіру, сана-сезімдерін жоғарылатуға бағытталған шара үдесінен шықты. Балалар алдымен сөйлейтін ағаш пен жыланның орталықты таныстыруын тамашалап, мұхитарал мен жунгли жайында мәлімет алды. Естелік үшін суретке түсіп, жаңа форматтағы 3D суретіне куә болды. Шараның басты жаңалығы да сол – Астанаға Голливудтен әкелінген «Dance heads» деп аталатын екі құрылғының бірі осы орталықта орналасқан.

Ұйымдастырушылар кішкентай бүлдіршіндерге олардың түскен суреттерін жиектемеге салып, сыйлады. Тәтті балмұздақтан дәм татып, қызықты тренингтерге қатысқаннан кейін балалар балықтардың түр-түрін кезіктіруге болатын мұхитаралды қызықтады.

«Біз ертеден «жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөзді бойға терең сіңіріп өскен халықпыз. Жетім балалар ата-ананың мейірімінен айырылып қана қоймай, өмірдің ауыр сынын бастан өткереді. Ондай жандарға қол ұшын беру – біздің борышымыз. Сондықтан оларға қоғам назарынан тыс қалмағанын аңғартып, қоғамдық ортаға баулу үшін шара ұйымдастырып отырмыз» дейді «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының маманы Севара Сатыбалдина.

Айгүл ӨЗЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 17 =