«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қамкөңіл жандар жолда қалмайды

0 189

Қазіргі таңда Астанада 22 инватакси автокөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді, оның 10-ы мүгедек балаларға арналған. Алайда инватакси қызметін пайдаланушылар саны күннен күнге өсіп келеді. Осыған орай, 2019 жылы аталған такси түріне мемлекеттік тапсырыс көбейеді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2019 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 3 инватакси автокөлігі іске қосылады.

МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ- АШЫҚ БАЙЛАНЫС

Кеше Астана әкімі Бақыт Сұлтанов dialog.egov.kz сайтында онлайн-конференция өткізіп, елорда тұрғындарын мазалаған сауалдарға жауап берді. Солардың бір парасын «Астана ақшамы» газетінің оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Мария Гареева:
Астаналық­тар бұрынғы әкім Әсет Исекешевтің әлеуметтік желілердегі тұрғындардың көтерген мәселелеріне жедел үн қатуына үйреніп қалды. Сіз неге белсенділік танытпайсыз? Өзіңіздің Facebook-тағы және өзге әлеуметтік желілердегі парақша­ларыңыз­ды «тірілтпейсіз» бе?

– Астаналықтардың шағымы мен қажеттіліктеріне жедел үн қату жүйесі сақталып қана қоймай, одан әрі күшейеді. Өйткені елордалықтармен ашық байланыс жасау – бұл тек уақыттың ғана талабы емес, менің де ұстанымым осындай. Әкімдік алдағы уақытта халықпен қарым-қатынасын ширата береді. Мен бос уақытым болғанда Facebook-ті және өзіме келген барлық шағым, ұсыныстарды оқимын.

 

Самал Ақанова, 2-топтағы мүгедек:
Құрметті Бақыт Тұрлыхан­ұлы! Ай сайын калимин дәрісін үйімнің мекенжайы бо­йынша емханадан алып тұру­шы едім. Бірақ осы жылдың басынан бері дәрігерлер: «Дәрі жоқ» деп жазып бермей қойды. Мен ол дәріні күнделікті қабыл­даймын. Сізден осыған орай көмек сұраймын.

– Құрметті Самал! Калимин дәрісін жеткізу бойынша біршама қиындық болғаны рас. Бүгінгі таңда ол дәрі қала емханаларында бар.
Сондықтан өзіңіз тіркелген емханаға немесе қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасына хабарласы­ңыз. Байланыс телефоны: 556829 немесе 1439 нөмірі арқылы тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімін көре аласыз.

Ерлан Сәкенов:
«Нұрлы жол» вокзал кешенінің эстакадасына жеке автокөлікті қоюға бола ма және тарифтің өзгеруі жоспарланған ба? Қыстыгүні ол жерде автобустар көктайғақтан шыға алмайды.

– Бұл мәселе толық қарастырылды. Ашық байқау өткізіліп, оны «Астана автотұрақтар кеңістігі» ЖШС жеңіп алды. Қазіргі кезде вокзалдың аумағында жабдықтар орнатылып, автотұрақтардың орындары салынуда. 2019 жылдан бастап эстакадаға екі жағынан кіретін есік ашылады. Ал тарифтер келісілген соң, ашылардың алдында жарияланады. Жеңілдігі бар азаматтар вокзалдың автотұрағын әлеуметтік жағдайына сәйкес пайдалана алады.

Мария Гареева:
Елордадағы «Әбу-Даби Плаза» ғимаратының құрылысы қашан аяқталады?

– Ең алдымен, 2019 жылдың 30 қазанында «Әбу-Даби Плаза»-ның жанындағы сауда орталығының, 30 желтоқсанында қонақүй кешенінің құрылысы аяқталады. Ал ғимараттағы тұрғын үй кешені 2020 жылы 30 қаңтарда салынып бітеді. Бірінші және екінші кеңселік ғимараттардың құрылысы 2020 жылы 1-31 қаңтарында аяқталады. Ал ең биік көпбейіндік кешен 2020 жылы 30 маусымда пайдалануға беріледі.

Ерлан Сәкенов:
«Astana Mall» сау­да-саттық және ойын-­сауық орталығының артына не салынады? Бұл аумақ көптен бері бос жатыр.

– Тәуелсіздік даңғылы, Б.Майлин көшесі, М.Жұмабаев пен Б.Момышұлы даңғылдары шекараларының аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, «Astana Mall» сауда, ойын-сауық орталығының артына келесі нысандарды салу жоспарланып отыр: қосымша ғимараттары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешендері, 1200 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп, мектепке дейінгі білім беру нысандары, қызмет көрсету нысандары, коммерциялық ғимараттар мен автотұрағы бар тұрғын үй кешендері, балалар орталығы, спорт кешені.

Айгүл Мыңжасар:
Астанада қоғамдық көлікте электронды есеп-айырысу жаппай енгізілгелі бері автобустар жолаушыларды тек алдыңғы есіктен кіргізіп, көп жағдайда жүргізушілер жолаушылардың валидация жасауын қадағалайтын болды. Бұл қоғамдық көлік жүргізушісін негізгі қызметінен алаңдатып, қауіпті жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір автобус­тарда жүргізушіден бөлек тағы бір қызметкер жұмыс істейді, олардың қыз­меті әр жолаушыдан «валидация жасадыңыз ба?» деп сұрау және салонда әрі-бері жолаушылардың мазасын алып жүру ғана. Ал керісінше «KBD» деген жазуы бар жилет киген қызметкерлердің ешқандай бақылау-­тексеру жұмыстарын жүргізбей, жылы аялдамаларда жылынып тұратындарын ғана көріп жүрміз. Егер тексеру-бақылау жұмыстары күшейтілсе, ақы төлемейтін жолаушылар азайып, салонда артық қызметкердің қажеті болмас еді.

– Астана қаласының «Астана LRT» ЖШС қызметкерлері күнделікті қоғамдық көліктік бағыттарда жүргізілетін мониторинг барысында төлем жасаудан бас тартқан 5 736 азаматты анықтады. Олар ішкі істер органдары қызметкерлерімен Кодекстің 622-бабының 2-бөліміне сәйкес 27 млн-нан астам теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аршат Оразов:
Қайырлы күн! Сізге қаладағы таксилерге қатыс­ты сұрақ қойғым келеді. 3 балам бар, біреуі мүгедек. Күн сайын арнайы балабақшаға және басқа да орталықтарға апарып тұрамыз. Қалада инватакси қызметі бар, ол тегін, бірақ сұраныс көп болғандықтан, инватакси бәріне жете бермейді. Инватакси санын көбейтсеңіздер. Bus Lane арқылы жүре беретін Астана такси қызметі қымбаттау. «Яндекс-такси» сияқты жеке такси түрлері сұраныс көп сағаттарда тым қымбат ақы сұрайды. Бәлкім, мемлекет тарапынан қарапайым тұрғындарға қолжетімді такси қызметін қосу керек болар?

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 22 инватакси автокөлігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуде, оның 10-ы мүгедек балаларға арналған. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 2018 жылы 115 841 мың теңге қаржы бөлінді. Инватакси қызметін пайдаланушылар санының күннен күнге көбеюіне байланысты және қызмет алушылар тарапынан түсіп жатқан өтініштерін ескере отырып, жоғарыда аталып өткен басқарма тарапынан 2019 жылға инватакси қызметіне мемлекеттік тапсырысты арттыру бойынша тиісті бюджеттік өтінім берілгендігі туралы хабарлаймын. Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2019 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 3 инватакси автокөлік қосылатын болады.

Ерлан Сәкенов:
Тәуелсіздік даңғы­лы­нан Керей-Жәнібек хан­дар көшесіне дейінгі көпір қашан тапсырылады? Ұлы Дала көшесінен вокзалға дейін апаратын көпірдің құрылысы қашан бітеді?

– Бүгінге дейін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің жобалау жұмыстары аяқталды. Құрылыстың басталуы 2019 жылға жоспарланған. Ол нысан 2020 жылы толық салынып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, қазір Ұлы Дала даңғылының Тәуелсіздіктен Ш. Қалдаяқов көшесіне дейінгі бөлігінде көпір құрылысының жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба да 2019 жылы аяқталып, нысандар пайдалануға беріледі.

Ерлан Сәкенов:
Қайырлы күн! LRT құрылысының екінші желісінің бағдары қандай болады? Бұл құрылыстың екінші кезеңін қай жерден көре аламыз? Министрліктер үйінің жанында LRT-ның стансасы бола ма?

– Бүгінгі таңда LRT құрылысының 2-желісінің бағдары әлі бекітілген жоқ. Осы жұмыс бойынша техника-экономикалық негіздеме дайындауға конкурстық шаралар жүргізілуде. ТЭН нәтижесі бойынша, екінші кезеңнің бағдары мен стансалары белгілі болады. Министрліктер үйінің жанында 113-стансаны салу жоспарланған. Оның жолы мен құны ТЭН дайындалған соң анықталады. Бірінші кезеңнің жобалары аясында Минис­трліктер үйінің маңынан Мәңгілік Ел және Сығанақ көшелерінің қиылысында станса салу жоспарланды. Қазір осы стансаның қазығын қағу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды