Қаматайдың қоңыр қаламы

0 75

Біз өзге мамандық иелері туралы жілігін шағып, майын тамызып жазамыз. Бірақ бір сапта қалам ұстап жүрген әріптестерімізге келгенде ептеп, сараңдық танытамыз. Жазсақ та көп көсіле қоймай, тартынамыз. Бүгін осы қағиданы сәл бұзып, белгілі журналист, «Время Астаны» газетінің бас редакторы, асқаралы алпысты бағындырған Қаматай Хамидуллин ағамыз туралы аз-кем сөз сабақтауды жөн көрдік.Қаматай ағаны мен біраз жылдан бері білемін. Екеуміз бір жиында танысып, содан жақын сыйласып кеттік. Біртоға, мәдениетті, өз ісін жақсы білетін азамат. Ептеп, қуақы әзілі бар. Анадайдан мені көрсе, әзілін ала жүгіреді.
Бұл кісі қазіргі Ақмола облысы, Біржан сал ауданында өмірге келген. Жастайынан біртуар ақынның әндерін атасының бауырында жатып тыңдап өсіпті. Содан ба мектепті орысша оқыса да қазақы қасиеттен ажырамаған. Мектепте жүргеннен мақала, әңгіме жазып, шығармашылыққа бейім болады. Алғашқы дүниелері аудандық газетке жарияланған.
Қазақ журналистикасының талай талантты буынын тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым Тауман Амандосов: «Адам оқып журналист болмайды, журналистің ең басты оқулығы – өмір» дейтін көрінеді. Осы сөзде үлкен мән бар. Қаматай аға да журналистикаға өмірден өзінен келген. Алғашқы мамандығы экономист болса да, кейін Санкт-Петербург мемлекеттік университе­тінің журналистика факультетін тәмамдап, орыс журналистикасының беделін өсірген ғалымдардың дәрісін тыңдайды.
Біраз уақыт аудандық басылымда қызмет істегеннен кейін 1986 жылы Целиноградқа келіп, облыстық радионың орыс редакциясына жұмысқа орналасады. Осында төрт жылдай еңбек етіп, қазақ редакциясына ауысады. Ол кезде радионың бас редакторы Нөгербек Мағзұмов деген ардақты ағамыз болған еді. Бұл кісіні студент кезімде мен де көрдім. Кісілігі мол, байыпты азамат болатын. Бойында ұшқыны бар бала көрсе, соны демеп, жанашыр болып жүретін. Өзі журналист ғана емес, қаламы төселген жазушы еді. Біздің кейіпкеріміз осындай белгілі тұлғаның қарамағында қызмет істеп, асыл адамның қамқорлығын көреді. Одан кейін облыстық атқару комитетінде аға референттік қызметке шақырылады. Бұл қызмет те журналистке кері әсерін тигізбейді, қайта әкімшілік саланың қыр-сырын ұғып, маңызды құжаттарды жазуды, депутаттармен қоян-қолтық жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
Осылай күн артынан ай қуалап, ай соңынан жыл жылжып өте берді. Азаттықтың ақ туы желбіреп, нарықтық қатынас жолына түстік. Елімізде жаңаша реформалар қолға алынып, бұрын болмаған коммерция­лық газет пен телеарналар пайда бола бастады. Ақмолада да сол жылдары алғаш жекеменшік «Цесна» телеарнасы ашылып, Қаматай аға да соның алғашқы қазығын қаққан журналистерінің бірі болып, қала өмірінен сан түрін қамтыған репортаж дайындады.
Бірде «Астана таймс» газетінің бас редакторы, марқұм, Ерлан Ақмурзин деген жақын досы оған: «ИнфоЦес» газетіне бас редакторлыққа лайық журналист іздеп жатыр, соған барып көрші» деп өзі жетектеп апарып, «Цесна» корпорациясының төрағасы Рыскелді Жақсыбековтің кабинетіне кіргізіп жібереді. Ырыскелді аға оны жылы қабылдап, жақын танысып, ақыры коммерциялық басылымның бас редакторлығына бекітеді.
Ендігі осы жайында кейіпкеріміздің өзін сөйлетсек.
– Мен бұрын газетте істегенмен, редакторлық тәжірибем жоқ еді. Бірақ Рыскелді аға мені қазақы қаны бар деп ойлады. Сол жылдары қаладағы жекеменшік басылымдар арасында «ИнфоЦестің» беделі жоғары, бәсі биік еді. Дәл сол кезде Ақмола – елдің бас ордасы атанып, Арқаға ұлы көш басталды. Енді бұқаралық ақпарат құралдары арасында бәсекелестік көбейеді деп ойладық. Сондықтан газеттің мазмұны мен деңгейін көтеріп, астаналық мәртебеге лайық болу үшін түрлі айдарлар аштық. Әрине, басылымда көбі өзге ұлт өкілдері істеді. Орталарындағы жалғыз қазақ мен болғандықтан, олардың көзқарастарымен келісу де оңай болмады. Содан соң редакциядан қазақ бөлімін ашсам деп ойладым. Оны Рыскелді ағаға айтып едім, ол кісі қолдады. Сөйтіп, қазақ бөлімі ашылып, оған «Арқа ажарында» істеп жүрген журналист Марат Дәдікбайды шақырдым. Мәкең бір сөзге келмей келді де, жұмыс­ты ұршықтай иіріп әкетті. Газеттен «Астана айнасы» деген қазақша бет ашып, түрлі проблемаларды індете жазды. Белгілі азаматтармен сұхбат жүргізді. Енді қазақ оқырмандарынан редакцияға жазған ризашылық хаттар келе бастады. Мен осы басылымда 1997 жылдан 2000 жылға дейін қызмет істеп, өмірлік бір белестен өттім, – дейді ол.
Одан кейін де кейіпкеріміз бірқатар республикалық басылымдарда еңбек етіп, 2005 жылдан бері өзі ашқан «Время Астаны» деген газетін басқарып, елорданың дамуына тамшыдай болса да өз үлесін қосып келеді. Бірнеше рет дүниежүзілік журналистер конгресіне қатысқан. Қорыта айтқанда, орысша жазса да, әр мақаласынан қазақы қоңыр үн естіліп тұратын Қаматай ағаның қаламынан іргелі туындылар төгіле берсін дейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + fifteen =