Қалыпты өмірге қайта оралуымыз өзімізге байланысты

0 42

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай ­Көлгінов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, шектеу шараларының қатаңдатылуы мүмкін екендігін ескертті. «Мемлекет басшысы Жарлығының (Төтенше жағдай режимі туралы) дер уақытында қабылдануының арқасында вирустың таралуына жол бермеу мәселесін бақылауға ала алдық. Және де қазіргі уақытта вирустың мұнан да көптеп таралуына жол бере алмаймыз. Бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта оралуымыз біздің әрқайсымызға байланысты» деді қала басшысы.«Біздің басты міндетіміз – науқас адамдарды дер кезінде анықтау. Сондықтан қазіргі уақытта тестілеуден өтетін азаматтардың санын көбейттік. Егер төтенше жағдай басталған алғашқы күндері бізде 1 зертхана жұмыс істесе, қазіргі уақытта 5 зертхана жұмыс істеп тұр. Коронавирус жұқтыр­ғандарды дер кезінде анықтау мақсатында тестілеудің көлемі ұлғайтылды. Қазір күніне 3 мың­нан астам адамға тестілеу жүргізілуде. Алдағы уақытта тағы үш зертхана ашамыз. Бүгінге де­йін 118 мың тестілеу жүргізілді. Зертхана ашуға меценаттар да көмектесіп жатыр. Мысалы, Болат Өтемұратовтың қоры 2 млн долларға қаламызға зертхана алып беруде. Нұрлан Смағұловтың көмегімен біздің емханалардың барлығына тепловизор орнатылды және ауруханаларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынды, сонымен бірге Президенттің тапсырмасына сәйкес, осы індетпен күресіп жүрген дәрігерлер мемлекет тарапынан қомақты қолдау алып отыр. Қазіргі уақытта карантинде жұмыс жасап жатқан, ауруханаларда вирус жұқтырған азаматтарды емдеп жүрген 4 мыңға жуық дәрігерге 1,5 млрд теңге бөлінді» деді Алтай Көлгінов.
Өткен аптадан бастап ірі сауда орталықтарының жұмысы жандана бастады. Әкім санитарлық нормалардың сақталуына әрбір сауда орталығының басшысы жауап беретінін атап өтті. «Алгоритмге сәйкес, ірі сауда орталықтарына да рұқсат берілді. Бірақ ол жерде санитарлық талаптар толықтай сақталуы керек. Бұған сол мекемелердің басшылары тікелей жауап береді. Оларға күнделікті мониторинг жасалып жатыр. Маска тағып, антисептик қолдану міндеттеледі. Егер мекеме басшысы санитарлық талаптарды сақтамаса, жекелеген адамдар қоғамдық ортада маскасыз жүретін болса, тиісті жазаға тартылады. Біздің мақсатымыз – жаппай жазалау емес, қайта азаматтарға түсіндіру. Бұл әрқайсымыздың өмірге деген көзқарасымызға, денсаулыққа деген жауапкершілігімізге байланысты. Өйткені әрбір азаматқа бірден тәртіп сақшысын қоя алмаймыз. Тек қоғам болып сақтанғанда ғана індетті жеңеміз» деді А.Көлгінов.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ,Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан, індет жұқтыр­ғандар саны артып барады. Үкімет, облыс және қала әкімдері жағдайды реттеуі керек. Көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндетті. Азаматтардың денсаулығын сақтау үшін нақты шешімдер қабылдау қажет».

(Твиттердегі жазбасынан)

Төтенше жағдай кезінде елорда тұрғындарына көрсетілген әлеуметтік көмектерге тоқталған әкім: «Сәуір айында 270 мың адам 42500 теңгеден жәрдемақы алса, ал мамыр айында қосымша 130 мыңнан астам азамат осындай қолдауға ие болды. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттен 20 млрд теңге тек осы мақсатқа бөлінді. Елбасының Үндеуіне сәйкес Nur Otan партиясымен бірге «#BizBirgemiz» акциясында біздің меценаттар, кәсіпкерлер және басқа да жанашыр азаматтар үлкен қолдау көрсетті. Мысалы, 43 мың аз қамтылған қала тұрғынының есепшотына 50 мың теңгеден көмек қаражат түсті. Бұған 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл – бюджеттен тыс қаражат. Сонымен бірге 34 мың отбасыға азық-түлік көмегі берілді. Бұған да бюджеттен тыс 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Мемлекеттік әлеуметтік көмекті 4 жарым мың аз қамтылған отбасының баласы алды. Ал атаулы әлеуметтік көмек 3 жарым мың отбасыға берілді» деді ол.
Сондай-ақ қала әкімі елордаға кіріп-шығатын жолдардағы блокбекеттер әзірше алынбайтынын айтты. Маусым айында теміржол қатынасы қайта жанданатын болады. Осыған орай блокбекетке қатысты мәселені қарастырылып жатыр. Бірақ, мамыр айының соңына дейін блокбекеттер алынбайды.
Қала әкімі сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің штаты мен бюджеті қысқартылатыны туралы да мәлімет берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, квазимемлекеттік секторда, сонымен қатар аппараттың ішінде де штаттық құрылым мен бюджетті оңтайландыру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бюджет қайта қаралып, өнімсіз шығыстар 27 млрд теңгеге қысқартылды. Қазіргі уақытта тағы 7 млрд теңгені қысқарту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді елорда әкімі. Жалпы оңтайландырылатын қаражат сомасы 35 млрд теңгені құрайды. Әкімнің айтуынша бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге жұмсалатын болады. 14 млрд теңгеден астам қаражат инженерлік инфрақұрылымға, 3,5 млрд теңге білім беру жүйесін қолдауға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік жұмыстарға, сонымен қатар 3 млрд теңгеден астам қаражат шағын және орта бизнесті қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін субсидиялауға бағытталмақ.
Елорданың фитнес орталықтары әзірше жұмыстарын бастай алмайтынын да бас қала жұртшылығы білуі тиіс. Спорт залдары ашылған. Таза ауада, яғни, көшеде, саябақтар мен гүлзарларда спортпен айналысуға рұқсат берілді. Ал фитнес орталықтарына қатысты әзірше санитарлық дәрігер ашпауды кеңес етіп отыр. Әзірге вирус қаупі сейілмегендіктен, елордада балабақшалар маусым айының ортасына дейін ашылмайтын болды. «Қазіргі уақытта балабақшаларға қатысты мәселе бар. Екеуі де жұмыс істейтін және балаларын үйде қалдырып кетуге мүмкіндігі жоқ ата-аналардың өтініштерімен балабақшаларда кезекші топтар аштық. Сонымен қатар жазғы лагерьлердің жұмысын да әзірше қайта жандандыр­маймыз. Бұл мәселеге де эпидемиологиялық ахуалға байланысты біраз уақытта кейін қайтып оралатын боламыз» деді қала басшысы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 5 =