Қалтарыста қалған қайраткер

0 148

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және одан кейінгі он шақты жылды қамтитын кезең көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің есімімен тікелей байланысты. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы, одан кейін екінші хатшы, ал 1946 жылдан бастап 1954 жылға дейін бірінші хатшы болған оның тұсында елдің өнеркәсібі өркендеді.

Сол жылдары бірқатар ірі, іргелі өндіріс орындары, білім беру және мәдениет ошақтары бой көтерді. Атап айтқанда, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец, Шығыс Қоңырат молибден кеніштері жұмысын бастады. Жауға атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасын мен мыстан құйылды. Алматыда Қыздар педагогикалық институты, Абай атындағы опера және балет театры, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Ұлттық Ғылым академиясы Жұмабай Шаяхметовтің бастамасымен ашылды. Атап айтар мәселе, қазақ жеріндегі алапат ашаршылық «Кіші октябрь» төңкерісін жасаймын деген қанқұйлы П.Голощекин, ал репрессия – қанды қасап – ­Л.Мирзоян билік басында тұрғанда орын алғанын тарихшылар іргелі зерттеулер жүргізіп, дәлелдеді.
Қазақстан тізгінін ұстаған алғашқы қазақ ретінде Жұмабай Шаяхметұлы ұлттық кадрларды өсіруге жағдай жасады. Соның арқасында Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенев, Елубай Тайбеков, Қаныш Сәтбаев, т.б. қайраткерлер саяси және ғылым кеңістігіне шықты. Бірақ Шаяхметовтің өзі тасада қалып қойды. Есімі көп ескерілмеді, елеусіздеу ғана көшелер аталды, ескерткіш қойылған жоқ. Жүз жылдық мерей­тойында ғылыми конференция өтті, естеліктер жинағы жарық көрді. 2009 жылдың аяғында елорданың «Үркер» тұрғын алабында Жұмабай Шаяхметовтің атына көше берілді. Бірақ осындай ірі ауқымдағы қайраткерге қаланың шетіндегі көше жараспас. Жұмабай Шаяхметов көшесі Дінмұхамед Қонаев көшесімен қатар тұрса, дұрыс болар еді. Осы орайда Достық көшесін Шаяхметов көшесіне өзгертуге болады деп ойлаймыз. Мұндай тәжірибе бар. Мысал үшін бұрын оң жағалауда болған Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов көшелерінің сол жағалауға көшірілуін айтуға болады. Келесі жылы көрнекті тұлғаның туғанына 120 жыл толады. Мерейтойын лайықты деңгейде өткізу үшін қазірден бастап қамданған жөн. Мәдениет және спорт министрлігі, басқа да жауапты органдар тиісті жоспар жасау керек деп ойлаймыз. Жұмабай Шаяхметовтің немересі Ринат жақында басылымымызға атасы жайлы жазған мақаласын жіберді. Көрнекті тұлғаның өмірі мен қызметі туралы содан біраз білуге болады. Бүгінгі нөмірден бастап сол мақаланы оқырмандарымызға ұсынамыз.

***

Жұмабай Шаяхметов (30 тамыз 1902 – 17 қазан 1966) – ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы партия және мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы (1946-1954), КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар кеңесінің төрағасы (1950-1954), КОКП ОК мүшесі (1952-1956), КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-4 шақырылымдарының депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-4 шақырылымдарының депутаты, БК(б)П XVIII партия конференциясының делегаты (1941), БК(б)П ХІХ съезінің делегаты (1952), КОКП XX съезінің делегаты (1956). Қазақстанның бірінші ұлттық басшысы.

Жұмабай Шаяхметов 1902 ж. 30 тамызда Шербакөл (Шарбақкөл, Борисовка) ауданының №1 ауылында дүниеге келген. Ол ауыл сол кезде «Жандай ауылы» деп аталған, Омбы уезінің 800-ге жуық қазақ ауылының бірі болды. 1908 ж. А.Кузнецов ұйымдастырған статистикалық экспедициясы дәл осы санды көрсетеді. 1930 жылға дейін бұл өңір Омбы губерниясы құрамынан көрші Қазақстан құрамына және қайтадан кезек-кезек көшкен даулы аумақ болып қалды.
Жұмабайдың ата-анасы Омбы облысы Шербакөл ауданының Славянка, Максимовка ауылдарында, Жирный, Железняк және Парамоновка ауылдарында мал баққан. Олардың екі баласы болған – ­Айтмұхамбет (Айтыш) және ­Жұмабай. Әкесі 1924 ж., анасы – 1928 ж., ал үлкен ағасы 1943 ж. қайтыс болды.
1909 жылдың күзінде Жұмабай жеті жасқа толғанда ата-анасы оны Ащылы-Көл ауылдық мектебіне берді. Оны 1913 ж. бітіргеннен кейін Шербакөл ауданы Полтавка ауылындағы Полтавка орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, 1917 ж. бітірді. Жұмабай ерте жастан бастап нақты ғылымдар мен тілдерге бейімділік танытып, орыс тілін тез үйреніп, татар тілін жақсы білетін, кейін Мәскеудің Шығыстану институтында парсы тілін бар ынтамен үйренді. Бірақ отбасындағы ауыр материалдық жағдайға байланыс­ты өз білімін жалғастыра алмады, себебі мектепте оқи жүріп, жазғы демалыста әкесіне мал бағуға көмектесті. 1917 жылдың екінші жартысынан бастап, сондай-ақ 1918-1919 жж. жергілікті байлар Сүлейман Сағитов пен Хусаин Сеитовтің жалшысы болады.
1919 жылдың желтоқсанында Шаяхметов Омбы губерниялық комитеті жанындағы губерния­лық халық білім беру бөлімінің бұйрығымен Ащылы-Көл ауылдық мектебінің мұғалімі болып орналасты, сол жерде 1921 жылдың 31 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.

Ринат ШАЯХМЕТОВ

(жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 1 =